Анонс


Қарағандылық Қастеев

Сәрсенбі, 26 Мамыр 2021 01:38
Қарағандылық Қастеев KAZMUSEUM.KZ -  

Ия, бұл менің сөзім емес...бұл теңеуді кезінде қарағандылық танымал талантты өнертанушы Иванина Наталья Ивановна айтып кеткен болатын. Бұл теңеу қарағандылық талантты, дарынды суретші Райымқұл Есіркеұлына айтылған еді. Биылғы жылы 100 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған Есіркеев Райымқұл 1921 жылы 10 қазанда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы, Қоңырат ауылында дүниеге келген.  17 жасқа толмастан, 8 сыныпты ғана аяқтаған Райымқұл майданға аттанды. 1946 жылы демобилизациядан кейін Балқаш кенөндіру зауытына жұмысқа орналасты. 1948 жылы Райымқұл отбасымен бір жасқа толмаған ұлымен Қарағандыға көшіп келеді.

Райымқұл Есіркеев Қарағанды суретшілер ұжымының ардагері, шығармашылық бірлестіктің алғашқы мүшелерінің бірі, Қарағандыда Суретшілер шеберханаларын ұйымдастыруға және оны дамытуға, ал одан соң Суретшілер Одағын ұйымдастыруға ат салысып ірге тасын қалады.

Есіркеевке арнайы білім алудың қажеті жоқ еді, онсызда онда сурет салуға деген шексіз талант, ынта-жігер мол болды.

Бұл поэтикалық асыра сілтеу емес, шыныменде, арнайы кәсіби мамандығы болмастан тек табиғи талантының, дарынының арқасында шеберлік шыңына көтеріліп, түспен, сызықтардың, затпен  қоршаған ортаның қасиетін зерттей білу бұл үлкен құдірет.

Р.Есіркеев шығармаларының басты тақырыбы адам. Ол ешқашанда сурет салудан жалыққан емес, керісінше көптеген композициялы портреттер, жай портреттер салған. Бұл көбіне шопандардың, қарапайым еңбек адамдарының бейнесін салғанды жақсы көретін, әртістердің, кеншілердің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және тағы да басқа еңбек адамдарының портреттері. Ол әр бейнеден өзіне ғана тән керемет бір асыл қасиетті таба білген. Оның портреттері сол адам жайындағы қысқаша әңгіме. Суретшінің полотнолары және пейзаждар, тақырыптық және өндірістік картиналары қарапайым, ол әр көрерменге өте түсінікті, өйткені оның әрбір жұмысы туған жеріне, еліне сүйікті адамдарына арналған, үлкен махаббатқа толы, сүйспеншілікпен салынған.

Р.Есіркеев – Қарағанды қаласы тіпті облысы бойынша кәсіпқой суретші атағына ие болған қазақ ұлтынан шыққан алғашқы суретші.

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 76 жыл толғалы отыр сол атаулы күн қарсаңында суретшінің осы тақырыпта жазған туындыларына қысқаша тоқталуды жөн санадым. Райымқұл Ұлы Отан соғысына қатысып Германияны жеңгені үшін, Жапонияны жеңгені үшін медальдарымен және Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 20 жылдығына, 30 жылдығына арналған Мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Ұлы Отан соғысы барлық халықтың сезімі мен санасында терең із қалдырды және ол көптеген суретшілердің шығармаларында шебер бейнеленді.  Райымқұл Есіркеев өзіде сол сұм соғыста қолына қару алып жауға қарсы күрескендіктен Ұлы Отан соғысы батырларының да тамаша портреттерін бейнелеген болатын, соның бірнешеуіне тоқталар болсам олар: Кеңес Одағының  батыры  біздің жерлесіміз «Нүркен Әбдіровтың портреті», Кеңес Одағының  батыры   «Әлия Молдағұлованың портреті», Кеңес Одағының  батыры  «М.Мамраевтың портреті». Бұл портретте ел басына қиын-қыстау күн туғанда асқан ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ қызының жалынды жастық жігері тамаша бейнеленген. Сарыарқаның сұңқары Нүркен Әбдіровты да  суретші нағыз ержүрек елі үшін Отаны үшін ештеңеден тайсалмайтын хас батыр ретінде суреттеген. 1919 жылы Қарағанды облысының бесінші ауылында дүниеге келген (қазір Н.Әбдіров атындағы ауыл). Бар болғаны жиырма үш жыл ғұмыр кешкен көк сарбазының  есімі мәңгілікке жанқияр ерлік пен жаужүректіліктің  символына айналды. Кеңес Одағының  батыры  Мартбек Мамраев Қарқаралы ауданының қазіргі М.Мамраев атындағы ауылында 1908 жылы дүниеге келген.

Соғыста асқан ерлік көрсетіп талай жаудың бетін тойтарған батыр ағамыз елге аман-есен оралып елі үшін өмірінің соңына дейін еңбек етті. Суретшінің, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында бұдан да басқа Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың бейнесін сомдаған портреттері жетерлік олар: Ф.И.Ульяниннің портреті, А.Подсадниктің портреті, У.Колбасовтың портреті, П.П.Корниенконың портреті, А.Брусовтың портреті.

Ол өзінің артындағы ұрпағына өз халқының бейнелерін мол мұра етіп қалдырды.  Райымқұл Есіркеев 1980 жылы қайтыс болды.

Суретшінің екі ұлы да (Қуаныш және Мейрам) әке жолын жалғастырып суретшілік мамандықты таңдады. 

 

Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы

1739 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper