Анонс


Алматыда Ә.Қастеевті еске алуға арналған "дөңгелек үстел" ұйымдастырылады

Сәрсенбі, 22 Қараша 2017 23:30
Алматыда Ә.Қастеевті еске алуға арналған "дөңгелек үстел" ұйымдастырылады KAZMUSEUM.KZ -  

Ә. Қастеевтің музей-үйінде Ә. Қастеев мұрасын зерттеу орталығының ұйымдастыруымен  2017 жылғы 27 қарашада сағат 11: 00 де «Талантқа тұғыр болған туған жер» атты дөңгелек үстел өтеді.

 

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты: ұлы суретшінің  өмірі мен шығармашылығын тереңдей зерттеу, талант табиғатын кеңінен тану.  Музей-үйдің қызметін одан әрі жақсарту үшін   суретшінің  туған  жерімен, аудан, облыс басшылығымен  байланыс орнату.  

Дөңгелек  үстел қонақтары:

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты - Бексұлтан Нұржекеев;

Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - Кәдірбек Сегізбаев;

Ақын, әдебиет зерттеушісі  - Қуанышбай Құрманғали;

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, порфессор  - Байтұрсын Өмірбеков;

ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты  - Әлібек Асқар;

С. Мұқанов және Ғ. Мүсірепов музей-үйлері кешенінің директоры, ақын, Алаш халықаралық сыйлығының лауреаты  - Әділғазы Қайырбеков;

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор -Гүлмира Шалабаева;

Суретші қызы  Гүлдария Қастеева және музей қызметкерлері қатысады.

Әбілхан Қастеев суретші ретінде өз халқымен бірге өсті, шындықты сипаттаудағы талант ерекшелігі сол өсуден шешімін тапты. Оның өмір шындығын шын мағынасында суреттей білуі, оқиғаны, табиғатты документтік дәлдікпен көрсете білу қасиеті суретші шығармаларының негізгі ерекшелігі болып табылады. Зерттеуші ғалымдар қазақ халқының тарихын кітап ретінде жазып қалдырса, Ә. Қастеев халқымыздың еңбек өмірін, тың жерлерді игеруден бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихын айнадан көрсеткендей қылқаламымен айқын бейнелеп берді.

Қастеев шығармашылығы жайында айтылғанда, ең алғаш ауызға түсетін көрнекті, эпикалық мәнердегі  туындыларының бірі «Түрксіб». 1969 жылы салынған бұл туындысына тоқтала кететін болсақ, 1927 жылдан басталған Орталық Азия мен Сібірді қосатын теміржолының құрылысына қатысқан суретші өмірінің естелігінің нәтижесінде туған шығарма. Қазақ халқының шынайы тарихы негізінде кескінделген туындыдағы оқиға, яғни қазақ жеріне алғаш рет поездің келуі, халық үшін үлкен мереке, қуаныш болғандығын көрсетеді. Тау етегін қақ жара, ақ түтінін будақтатып келе жатқан поезді қазақ жұртшылығының қуана қарсы алуы жақсылықты, ал кейбір образдардың таңқалған үрейлі бейнелері жамандықты танытып тұрғандай. Ер адамдардың жылқымен шауып келіп аспанға қуана бөріктерін лақтыруы, ұлттық мерекелік көйлекпен қолдарын сермеп тұрған келіншектер бейнесі, кейбір образдардың таң қала қарап тұрған бейнелері үлкен оқиғаның болып жатқандығын көрсетеді. Поезд - жаңа өмір, ол жарқын болашақ ретінде еніп келе жатса, оған қарама-қарсы жүріп бара жатқан, сол жақ бөліктегі жүк артылған көш керуен өткен өмірді, тарихты меңзеп тұрғандай. Тауды бұзып, тасты жарып, жарқын болашаққа жол ашып берген бұл магистраль жаңа өмірдің символындай болды. Түрксібтеміржолы 1926–1931 жж. салынған КСРО–ның ірі құрылыстарының бірі болды. Соғыс жылдарында әскери жүктердің үздіксіз тасымалдарын, майданға әскери эшелондарды, әскери техниканы, металл және басқа да маңызды жүктерді уақытында жеткізуді ұйымдастыру бойынша жауапты міндет атқарды.

Отанын, халқын жанындай сүйетін патриот суретшінің сарқылмайтын сан салалы тақырыбы – Советтік Қазақстанның өміріне арналған жылнама іспетті. Бүгінгі таңда Ә. Қастеев туындылары Қазақстанның көптеген ірі мұражайларында, сонымен қатар Ресей, Украина және Қырғызстанда, алыс және жақын шетелдердің жеке жинақтарында сақтаулы.

2004 жылы суретшінің 100 жылдық мерейтойы тойланып, ЮНЕСКО–ның халықаралық күнтізбесіне маңызды оқиғалардың бірі болып енді. Және жыл сайын музейінде «Қастеев-оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы жүргізіліп тұрады.

 

Алимхожина Ақбота Ілиясжанқызы – өнертанушы, Ә. Қастеев атындағы МӨМ арт-менеджері

3630 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper