Анонс


«Есік» қорық-музейінің ұжымы белгілі археологты еске алды

Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 19:23
«Есік»  қорық-музейінің ұжымы белгілі археологты еске алды KAZMUSEUM.KZ -  

Қаншама қиын өткелектен өтіп, тағдыр тиірменінде сан рет талқан бола жаздаған қазақ халқы өзі әлденеше мың рет құрып кете жаздаса да «өлі риза болмай тірі байымайды», - дегенді ешқашан да қаперден шығарған емес. Жаһандану кезеңіне аяқ басып, тұтас әлем алақандағыдай болып мәдениеттер мен дәстүрлер қойдай араласып, қозыдай жамырасып, әлеми құндылықтар ми батпақтанып жатқан қазіргі заманның өзінде де көптеген қазақ отбасы әр жұма сайын «иіс шығарып» әруақтарға құранын оқып, дұғасын бағыштауды ұмытқан жоқ. Тіпті, осылай істеуді өлілер алдындағы парызы деп білетіні де бар. Сонда қазаққа мұндай әдет қайдан келген? Әлде, ол шынымен де мұсылмандықты қабылдамай әлі де сол көне замандардағы бақсылық сарынынан шыға алмай жүрген ұлт па? Жоқ. Қазақтың әруақты яғни, ата-бабаларының рухын сонша алқауының астарында өткенін құрметтеу, тарихына тағзым жасау, бабалар дәстүріне деген адалдық, түп-тамырын ұмытпау, осылар арқылы болашағын бекемдеу жатыр.

Егер дүниеден өткен адам елі мен жері үшін еңбек етіп, ғылым мен білімге үлкен үлес қосқан жан болса ше? Ондай адамдар қашан да болсын тарихтың төрінен, аңыз-әңгімелер мен шежіренің өрінен орын алып ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жетіп отырған.

Күллі мұсылман үшін қасиетті болып саналатын Құрбан мейрамының алдында «Есік» қорық-музейі де бабалар жолынан танбай, күні кеше ғана дүниеден өткен абыз ақсақал, әйгілі «Алтын адамды» алғаш ашушылардың бірі, сақ-үйсін бабаларының Жетісу өңіріндегі шырақшысы, көне тарих білгірі – Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың басына арнайы белгі ескерткіш қойып, ас берді. Естеріңізде болса, қазақ археологиясының абыз ақсақалдарының бірі, кешегі Әлкей Марғұлан бастаған сара жолды одан әрі жалғап қана қоймай артында көптеген шәкірттер қалдырған Бекен ата 2016 жылдың 12 маусымында бақиға бет түзеген еді.

Қатардағы көп тобырдың бірі болмастан, алайда, қарапайым пенде-ғұмыр кешкен ақсақалға қойылар ескерткіш те өзгеше болуға тиіс деп шешкен «Есік» қорық-музейі ұжымы мен Бекен атамыздың ұлдары ойлана келе шынымен де бірегей белгі қойды. Аталмыш ескерткіш-белгінің идея авторы – «Есік» қорық-музейінің бас суретшісі, ҚР суретшілер Одағының мүшесі, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Президент стипендиясының иегері, мүсінші – Д.Бектеміров.

Жергілікті халық арасында «Алтын адам» деген атқа ие болған Бекен ақсақалдың мәңгілік мекенінің басындағы ескерткіш марқұмның өзі жанындай сүйіп, қастерлеп өткен сақ бабаларының мәңгілік мекендеріне ұқсатып жасалды. Үлкен құлпытастан бөлек мазарды айнала қойылған гранит тастар ежелгі сақтардың жерлеу дәстүрінен хабар беріп тұрғандай.

Ақсақалдың басына ескерткіш тұрғызылған соң ол кісінің рухына бағыштап «Есік» қорық-музейінде арнайы мал шалынып, ас беріліп, музей маңындағы мекендердің үлкен ақсақалдары шақырылды. Бекен атаға орнатылған ескерткіш пен қорық-музейдің атқарып жатқан істеріне разылық білдірген ақсақалдар бүкіл ұжымға сәттілік тілеп, баталарын берді. Келелі кеңес үстінде ел, халық болып ата мұраларымызды ардақтау, оны болашақ ұрпақ санасына сіңіру, жастарды тамырын танып, текті қып өсіру жайлары да сөз болмай қалмады.

 

Досым Зікірия

«Есік»  қорық-музейінің ғалым-хатшысы 

3028 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper