Анонс


Ұлттық музейде Дина Нұрпейісованың 155 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 29 Сәуір 2016 13:40
Ұлттық музейде Дина Нұрпейісованың 155 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Дина Нұрпейісованың 155 жылдық мерейтойына арналған күйші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айтолқын Тоқтағанның «Бұлбұл» атты лекция-концерті өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Мерейтойлық шараны Ұлттық музейдің "Халық қазынасы" институтының ұжымы ұйымдастырды. 

Шараның ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай күй анасы Дина Нұрпейісованың шығармашылығы туралы айта келе, оның ізін жалғап келе жатқан Айтолқын Тоқтаған секілді жастардың өнер жолындағы талпыныстарына сәттілік тіледі.

Дина – кешегі халық сазгерлерінің шығармаларын бізге дейін жеткізген шебер орындаушы. Құрманғазының шәкірті. Қазақтың күйшілік өнеріне өшпес із қалдырған тұлға. 8-9 жасынан бастап орындалуы қиын күйлерді меңгеріп алған. Мінеки, біздің өнер жолында жүрген талантты Айтолқындай жастарымыз осы анамыздан қалған асыл мұраны жалғастырушы ұрпақ. Сондықтан да жас өнерпаздарға сәттілік тілей отырып, шығармашылық шабыттарыңыздың шарықтай беруіне шын жүректен тілектеспін, - деді Д.Мыңбай.

Шара аясында Айтолқын Тоқтаған Дина Нұрпейісованың «Көгентүп», «Жаңа бозшолақ», «Он алтыншы жыл», «Бұлбұл» т.б. күйлерін нақышына келтіріп орындаумен қатар, олардың шығу тарихына да тоқталып отырды. Бұдан бөлек, залға жиналған қонақтар Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Байжігіт, Сүгір, Сейтек сынды бірқатар халық композиторларының туындыларын тыңдады.

Сондай-ақ,Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының иегері, әнші Ерлан Рысқали әннен шашу шашып, өнер сүйер қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, іс-шараны Ұлттық музей жанынан құрылған«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының қазақ халқының дәстүрлі музыкалық өнерін жаңғырту мен насихаттауға арналған «Дәстүрлі музыкалық мұра» бағдарламасы аясында өтті.

 

Басты беттегі суретте: Ақан Оңғар, ҚР Ұлттық музейінің "Халық қазынасы" институтының жетекшісі. 

2862 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper