Анонс


Ұлттық музей Халық қаһарманыТоқтар Әубәкіровпен кездесу ұйымдастырды (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 18 Ақпан 2016 00:45
Ұлттық музей Халық қаһарманыТоқтар Әубәкіровпен кездесу ұйымдастырды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен кездесу өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі Ұлттық музейдің ақпараттық- имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Жиында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай уақыт тауып келгені үшін ғарышкерге алғыс айта отырып, бұл кездесудің маңызы ерекше екендігіне тоқталды.

«Бұл күн біздің Ұлттық музей тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі болып тарихта қаларына сенімдімін. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкермен сырласып, отандық ғарыш саласының өткені мен болашағы жайлы әңгімелесу болып отыр. Біз патриотизм дегенді жиі айтамыз. Ал шын мәнінде сөзімен және ісімен, бүкіл жан дүниесімен патриоттықтың үлгісі деп осы Тоқтар Әубәкіровті атауға болады.  Біз болашақта ғарыш әлеміне байланысты Ұлттық музейден арнайы зал ашсақ деп отырмыз. Сол  залдың құрылымы, және болашақ жұмысы жайында да ғарышкермен ақылдасып отыратын боламыз» – деді Д.Мыңбай.

Ғарышкер кездесу барысында кез-келген сұраққа бүкпесіз жауап беруге әзір екенін жеткізді.

«Биыл ғарышқа көтерілгеніме 25 жыл толады. Осынау жауапты миссиядан сүрінбей өтуіме ең басты себеп – қазақ халқының маған деген кіршіксіз құрметі мен селкеусіз сенімі. Мен халқым үшін ұштым және сол үшін де үлкен құрметке бөлендім. Қай жерге барсам да «Біздің батырымыз келді», «тұңғыш ғарышкеріміз келді» деп қарсы алады. Сол жұрттың риясыз көңіліне дән ризамын. Мен қазақтың ұлан-ғайыр даласын ғарыштан көріп, қадірін әбден ұғынған адамның бірімін. Сондықтан жастармен кездесе қалған жерде Отанымызға деген құрмет, адалдық тақырыптарында көбірек сұхбат жүргізгенді ұнатамын. Менің алдымда екі бала отырса да сөйлей беруге дайынмын. Бастысы ол екеуінің Қазақстанға деген махаббатын, ата-бабаларымыздан қалған жерге деген құрметін арттыра білсем, уақытымның бос кетпегені. Жас кезімде мектептегі кітапханадан шықпайтынмын. Сондағы бар кітапты оқып тауыстым. Десе де көп дүниеге қол жете бермейді. Ал, қазір бәрі бар, кім қандай кітап оқимын десе, қайда оқимын десе, көп мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Жалпы адам баласы білім алуға ешқашан шаршамауы керек. Ол кішіге де керек, үлкенге де керек», – деді Т.Әубәкіров.

Кездесуге қатысушылар қазақстандық ғарыш саласының болашағы, отандық ғарышкерлер даярлау ісі, патриотизм және ғарышкердің жеке өміріне қатысты сұрақтарына жауап алды. Халқының сүйіктісіне айналған Халық қаһарманымен болған кездесу өте әсерлі өтті. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ғылыми қызметкерлері, университет студенттері қатысты.

 

2545 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper