Анонс


Жаһандану жағдайындағы музейдің міндеттері мен жұмыс бағыттары

Жұма, 05 Қараша 2021 15:34
Жаһандану жағдайындағы музейдің міндеттері мен жұмыс бағыттары KAZMUSEUM.KZ -  

Жаһандану – күрделі және көп құрамды ақпараттық жүйеге негізделген революциялық процесс, адамның әлеуметтік қызметі мен өмірінің барлық салаларына – саясат, экономика, мәдениет, тіл, білім беру, рухани-адамгершілік дамуына, этносаралық және конфессияаралық қатынастарына шешуші ықпал етуші құбылыс. Жаһандану кезеңінде географиялық және мемлекетаралық шекаралар түсінігі мейілінше әлсіреп, есесіне трансконтиненталдық байланыстар мен мәдениетаралық қарым-қатынастар барған сайын қарқынды дамиды. Басқаша айтқанда, адам, өзі өмір сүріп отырған ортадан тысқары болып жатқан оқиғалардың әсеріне, ықпалына тезірек ұшырайды, әлемдік біртұтас ақпараттық кеңістіктің шырмауына түседі.

Жаһандану процесінің трансформациялық әсеріне ең алдымен мәдениет саласы ұшырайды. Жаһандану процесі әрбір қоғам мүшесінің әлеуметтік – мәдени түсінігін кеңейте отырып, жаңа заманға тән мәдени құбылыстарға қажеттіліктер тудырады, адам бойында алуан түрлі мәдени дәстүрлерге деген қызығушылықтардың пайда болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде, яғни, мәдениеттердің алуан түрлілігі, олардың күнделікті өмірде тұрмысымызға енуі, ұлттық музей ісінің дамуына айтарлықтай ықпал етіп, түрткі болуы тиіс. Алуан түрлі мәдениеттердің көрінісін күнделікті өмірде аз кездестірмейміз. Ең алдымен ана тілімізге деген қажеттіліктің азаюы, діни дәстүрлерде ұлтымызға  тән емес құбылыстардың кеңінен араласуы, адамдар арасындағы қарым[1]қатынас мәдениетінің өзгеруі, тарихымызға, мәдениетімізге, ұлттық музыкаға, ұлттық кино өнеріне, ұлттық тағам түрлеріне деген көзқарастар «мәдени гомогенизацияға»ұшырап жатқаны жасырын емес. «Мәдени гомогенизация – жергілікті мәдениеттердің түрленуі немесе үстемдік етуші сыртқы мәдениет сіңіру процесі» [1]. Жаһандану процесінің ұлттық санаға зиянды тенденцияларымен күрес жүргізуде музей саласының алар орны қандай болмақ? Бұл мәселеде музей саласына артылар жүк ауыр. Жергілікті музейлерден бастап Республикалық деңгейдегі музейлердің аталуына, экспозициясына, атқарылатын күнделікті жұмысына, қорда сақталған жәдігерлерге жасалған ғылыми төлқұжаттары мен анықтамаларына, ұйымдастырылатын ғылыми жұмыстары мен көрме, дәрістеріне ұлттық тарихи тұрғыдан қарау маңызды. Музей жұмысын ұлттық тарихи тұрғыдан дамытуда «музей педагогикасы» технологиясының алар орны ерекше. Музейдің мәдени әрі ғылыми мол мүмкіндігін ұлттық тәрбие мен білім беруде пайдалану бүгінгі заман талабынан туындаған өзекті мәселе. «Музей педагогикасы тарих, психология, өлкетану, өнертану ғылымдарымен өзара тығыз байланыса отырып, музей арқылы мәдениет пен өнер саласын меңгеруді жаңа деңгейге көтереді» [2, 7]. Аталмыш технология тәрбиелеу, дамыту, білім беру, үйрету категориялары арқылы тәрбие мен жеке тұлға қалыптастыру мақсатында жұмыс істейтіндіктен ұлттық сананы қалыптастыруда, жаһандану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалуда бірден-бір тиімді құрал. Музей педагогикасының мәдени-танымдық аспектілерін талдай отырып музей педагогикасының негізгі формасын: экскурсия, дәріс, кеңес, ғылыми оқулар (конференция, сессия, жиналыс), клуб (үйірме, студия), байқау (олимпиада, викторина), кездесу, концерт (әдеби кеш, сахналық қойылым, киносеанс), мереке, тарихи ойындар, тақырыптық және көшпелі көрмелер деп нақтылауға болады. Музей – қандайда бір жас мөлшеріндегі балалар болсын ой-өрісін, ойлау, көру, есте сақтау танымын, қызығушылық өрісін кеңейтеді [3]. Музейге келушілердің жеке тұлғалық қабілеттерін ашуда мәдени-танымдық бірнеше қызмет: ақпарат беру, үйрету, шығармашылығын дамыту, әңгімелесу және тынығу бағыттары маңызды. Дегенмен, түпкі мақсатқа жету үшін мақсат айқындылығы мен жан[1]жақты ойластырылған әдіс-тәсілдер қажет. Әртүрлі жұмыс формалары мен педагогикалық әдіс-тәсілдер, музей қызметкерінің педагогикалық таланты мен терең білімі, өз ісіне жауапкершілігі мен тиянақты дайындығы нәтижеге жеткізер тікелей мүмкіндік екенін ұмытпау ләзім. Аталған бағыттардың маңыздылығы неде? Ақпараттандыру – бұл музей туралы, экспозицияда тұрған экспонаттар туралы, музей қызметінің бағыттары туралы алғашқы мәлімет алу кезеңі болып табылады. Мәлімет дәстүрлі лекция жүргізу, кеңес беру, әңгімелесу әдістері бойынша жүргізіледі. Дегенмен, ақпараттандыру аудиожазба, ақпараттық киоск, 3D технологиялары сияқты заманауи техника жетістіктерін қолдану арқылы да жүргізілсе, берілген мәлімет түсінікті әрі қызықты болады. Себебі, жаңа техникалық құралдар экспонаттардың сапалы суреттері мен олардың табылған орындары, тарихы туралы ересектер үшін де, балалар үшін де қызықты мәліметтер бере алады. Үйрету – музей коммуникациясы қалыптасқан жағдайда білім беру мен білімді меңгеру кезеңі немесе тәжірибеде қолдану мен дағдының қалыптасу кезеңі деп қарастырамыз. Жәдігерлердің, заттардың түпнұсқаларын танып-білу арқылы басқа білім беретін мекемелерде толық емес немесе мүлде мүмкін болмайтын қосымша, баламалы білім алады. Мұндағы ерекшелік білім беру мекемесіндегі оқудан музейде оқу ерікті түрде өз қызығушылығы бойынша үйренуі [4, 109-113]. Қызығушылық бар жерде қандай бір ғылымды игеру оң нәтиже берері анық. Музейдегі сабақ балаларды да, ересектерді де өз қызығушылықтары бойынша біріктіреді. Мұндай іс-шара экскурсия жүргізу, музейде сабақ өту, үйірме жұмыстары арқылы жүргізілуі мүмкін. Шығармашылығын дамыту – бұл кезеңді музей туралы ақпаратты ұғынудың жоғарғы сатысы деп атаймыз. Жеке адамның зейінін материалдық және рухани ескерткіштерге бағыттау арқылы оның шығармашылық қабілеттерін ашу үшін музейде барлық қажетті қолайлы жағдай, яғни, көне мәдениетті көзбен көру мүмкіндігі қалыптасқан. Бұл бағыт музей жәдігерлерін зерттеу, музейдің ғылыми қызметкерлерінің көмегімен тәжірибелік шығармашылық жұмыстар жасау, үйірме мүшелерінің өнер туындылары мен әртүрлі жұмыстарына түсіндірме жүргізу, викториналық сұрақ-жауап, тарихи ойындар ойнау, шығармалар мен мақалалар жазу сияқты жұмыс формаларымен жүзеге асады. Әңгімелесу – музей тақырыбында және ондағы экспонаттар тарихы жөнінде ортақ қызығушылыққа құрылған кездесулер, дөңгелек үстелдер, байқаулар, олимпиадалар немесе басқа да дәстүрлі емес жиындар мен отырыстар арқылы жүзеге асырады. Қандай да бір ұйымдастырылған іс-шараға қатысушылар арасындағы қарым-қатынас, бірлесе жұмыс атқаруы пікір алмасу жеке тұлғаның қалыптасуына, білімін жетілдіруіне септігін тигізері анық. Демалыс – музейде қоғам мүшелерінің бос уақытындағы рухани қажеттілігін қанағаттандыруын ұйымдастыру да музей педагогикасының негізгі салаларының бірі. Мұндай іс-шаралар әртүрлі жастағы аудиторияны қамтуы мүмкін. Атап айтқанда, түнгі музей, музей мерекелері, айтулы даталы күндерге арналған мерекелік іс-шаралар, ақындар айтысы, вайнерлер байқауы. Алайда, жас ерекшелігіне қарай әртүрлі жұмыс формалары қалыптасқан. Мысалы, кіші жастағы балалар үшін мультфильмдер көру үшін кинозалы, ашық есік күні, жас суретшілер байқауы, даталы күндерге арналған өлең немесе тақпақ оқу сияқты балаларға арналған іс-шаралар оң нәтиже берері сөзсіз. Әлемдік тәжірибеге еніп, бүгінгі күні нақты нәтижеге қол жеткізіп отырған осы бағыттар батыстық мәдениеттің әлемдік мәдениетке айналып бара жатқанына үлкен ықпал етіп отыр. «Қазіргі уақытта музей жұмысының жетекші бағыттарының бірі балалар мен жасөспірімдер аудиториясында мәдени-білім беру қызметін ұйымдастыру болып отыр» [5, 178]. Музейлерде атаулы нақты бағдарламалар әзірлеу, балаларға, ересектерге бағытталған жаңа құрылымы бар білім беру бөлімдерін ұйымдастыру, балалар орталықтарын, балалар мен отбасыларға арналған көрмелер ұйымдастыру тиімді нәтиже берері сөзсіз. Жаңа әдістерді анықтау, білім беру бағдарламаларын жасау сынды жұмыстар интеграциялық процестердің өзекті мәселесі болып табылады. Мұражай педагогикасының ғылыми пән ретінде қалыптастыруөте маңызды. Ғылыми пән ретінде қалыптаса отырып мәдени-білім беретін әдістемелік құралдардың жазылуына, мұражай қызметін педагогикалық аспектіде ұйымдастыруға, музейдің аудиториямен қарым - қатынас деңгейін жоғарылатуына мүмкіндік береді. Музей қызметкерлері жалпы білім беретін мектептермен тығыз байланыста болуы шарт. Мектеп сыныптарында жоспарлы түрде лекциялар мен тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, музей базасында мектеп педагогтарымен бірлесе ашық сабақтар өткізуөте өзекті. Сонымен қатар, мектеп оқушылары арасында белгілі шығармашыл тұлғалар еңбектері бойынша сабақнемесе викториналық сұрақтар байқауы жоспарланып, дәстүрге айналғаны дұрыс. Сондай-ақ, музейдің тікелей ұйымдастыруымен «Жас ақындар» мүшайрасы, «Жас суретшілер» байқауы жүйелі түрде өтсе құба-құп. Музей ішінде балаларға арналған кинозалы жұмыс істесе, онда еліміздің киностудиялары шығарған, ел тарихынан сыр шертетін мультфильмдер жинақталса,музейлердің әлеуметтік парақшаларында балаларға арналған аңыздар топтамасы видеоролик түрінде беріліп отырса жеке тұлғаның қалыптасуына, ұлттық сананың нығайуына, қазақ тіліндегі ғылыми материалдық-деректік базаның қалыптасуына да елеулі ықпал етеді. Неміс ғалымы Ганса Белтинг жаһандану кезеңіндегі жұмыс бағытына «Жаһандану кезеңінде батыстың міндеті- уақытқа сәйкес, өз каноны туралы өзі үшін жаңа түсінік құру, ол туралы бүкіл әлемге хабарлау. Бұл басқаларды түсіну туралы емес, өзіңіз басқа мәдениеттер саласындағы пікірталасқа, бүгінгі әлеммен диалогқа қабілетті өзін-өзі танудың жаңа тасымалдаушысы болу үшін» деп анықтама береді [6, 12].

Демек, біз алдымен өзімізді тануымыз керек, өз тарихымызды, өз тілімізді, өз салт-дәстүрімізді болашаққа жеткізу үшін әрекеттенуіміз керек. Олай болса, музей қорындағы, экспозициясындағы әрбір экспонатқа нақты ғылыми анықтама жасап, оны келушілерге түрлі әдіс-тәсілдермен мүмкіндігінше мұқият ғылыми тұрғыда нақты деректермен сенімді етіп таныстыра білсек, жас буынның санасына ұлттық ерекшеліктерімізді сіңіре білсек бүгінгі әлеммен пікірталасқа түсу қиындық туғызбасы анық. Музейлер ұлт пен мемлекеттің нышандары, тиімді әлемдік ынтымақтастық, мәдени тәжірибе мен білім алмасу мүмкіндігінің жарқын үлгісі. Мәдениет саласындағы адамдардың қарым-қатынасын жолға қоюда, жаһандық байланыстарды қалыптастыруда, нығайтуда музей дәнекер болып табылады.

 

Сакен Шаметов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Берік Байболов, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы

 

The article is devoted to the problems of globalization and the study of the directions and tasks of the museum in this regard. The interconnection of national culture, identity and globalization in the field of museums and ways of preserving national interests will be discussed. These data suggest ways to form a national historical consciousness, proving that the museum is actively linked to globalization.

Кілт сөздер: Музей, жаһандану, мәдени гомогенизация, ұлттық сана, музей педагогикасы.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. https://www.google.kz/search?q=Культурная+гомогенизация

2. Кетова М. Музейная педагогика как инновационная педагогическая технология.Екатеринбург, Россия. 2012 г.

3. Қапарова Р. http://kazmuseum.kz/muzej-pedagogikasy/

 4. Галкина, Т.В. Историографический обзор Русской музейно- педагогической литературы (1990-2012 гг.). // Вестник ТГПУ. – 2012. –№9.

5. Пугач.О.В. Музейная педагогика: проблемы и перспективы развития. Вестник Донецкого педагогического института № 2. 2017г. 6. Музей для всех. – М., 2004, №6, –С. 12

 

Дереккөзі: «Тәуелсіздік жолы: қалыптасуы, дамуы және келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Нұр-Сұлтан қ-сы, 2021. – 235 б.

2149 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper