Анонс


Бейнелеу өнері коллекциясындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс көрінісі

Сәрсенбі, 29 Желтоқсан 2021 20:15
Бейнелеу өнері коллекциясындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс көрінісі KAZMUSEUM.KZ -  

 

Атты емеспін, жаяумын

Жаяудан да баяумын,

Он бес күндей жүргенде,

Омбы жаққа таяумын.

 

«Самалтау» халық әні

 

    1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасының қазақтарды Бірінші дүниежүзілік соғыс майданына қара жұмысқа алу туралы шығарған жарлығы Қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» кітабындағы фотосуреттерде бейнеленгендей көтерілісті ұйымдастырушылар қатаң жазаланды, жігіттер майданға алынып, халық аштыққа ұшырады. Содан тура 105 жыл өтті, әр жылдары тіпті кеңестік заманның алғашқы жылдарында шаралар өз деңгейінде аталып өткен, алайда қазіргі уақытта бәсеңсіп тұр. Еліміздің тұтас аумағын қамтыған ұлт-азаттық көтеріліс Ақтөбені айналып өтпеді: белсенді сарбаздардың бірі Ырғыз уезінде Тайшым Орысұлы және Қазанғаптың төл шәкірті, күйші Қадірәлі Ержановты т.б айта аламыз.

    Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Бейнелеу өнері коллекциясында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қатысушыларын жазалау көрінісін беретін бір туынды сақтаулы. Музейдің Негізгі қор түсімдер кітабында «ГК - 4983, хф – 164, автор Черников К. Перерисовка картины художника Бортилкова «Расправа» (1916 г). 1936 г. Бумага, карандаш. 33,5х40 см» жазбасы бар. Графика техникасымен салынған суретте алдыңғы планда 7 аттылы-жаяу адам мен артқы планда да адамдар сұлбасы берілген. Салт аттылардың көбі патша үкіметінің әскери тобы мен олармен ымыраласқан бір қазақ ұлтының өкілі, ол жазалаушы әскерге бағыт-бағдар беруші сатқын кейіпте. Ортаңғы бөлікте жаяу басқан төрт жазаланушы, жас ерекшілігіне келсек – жас, ортаңғы жас пен егде тартқандар да бар. Көтеріліске қатысушылардың қабақтары қатулы, киімдері жыртылған, жалаңбас-жалаңаяқ, қолдары артқа байлаулы. Алдыңғы шептегі жаяу жас жігіттің басы тік, оң жаққа қарай ашулы кейіпте, себебі оң жақтағы аттылы әскери төртінші жаяуды қамшы астына алуда. Далада құрықталған көтерілісшілерді әскери бекініс қапасына апара жатқаны анық. «1916. Жаза» аталатын картина авторы Бортилков, 1936 жылы қарындашпен көшірме түрінде қайта салушы Константин Черников. 

    Черников Константин Степанович 1916 жылы Ақтөбе бекінісінде Воронежден келген қоныстанушылардың отбасында дүниеге келген. 1934 жылы орта мектепті бітірген. Сол жылы әкесінің айтуымен Ақтөбе паровоз жөндеу депосында слесарь қызметінде бір жыл жасайды. Қызметін адал атқарғаны үшін бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталады. Паровоз депосының жұмысымен қатар қалалық өнер бөлімінің ұсынысымен әуесқой суретшілердің студиясын ұйымдастырады. Суретші-безендіру тәжірибесі ескеріліп, аймақтық өлкетану музейінің меңгерушісі Д.Т.Темушка музейге жұмысқа шақырады, 1935-1938 жылдары Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретші-безендіруші болып қызмет атқарады. 1938-1942 жж музейде ғылыми қызметкер, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Елге аман оралған соң 1947 жылы ҚазКСР Министрлігінің қарамағындағы Мәдени ағарту істер қомитетінің бұйрығымен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 

    Константин Черников музейдің өркендеп дамуына үлес қосқан басшыларының бірі болды, ол басқарған жылдары музейде өлкетану жұмыстары жақсы жолға қойылады. Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Ақтөбе өңірінде маңызды археологиялық жұмыстары жүргізіледі. Оған 1956-1961 жылдары Ленинград Ғылым Академиясы жанындағы Археология Институтының В.С.Сорокин бастаған археологиялық экспедициясы бастау болып, бұл экспедицияға облыстық музей қызметкерлері де қатысады. Өлкенің батыс және солтүстік аудандарында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебі музейдің ғылыми қорында сақтаулы.

    1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліс тапса да қазақ халқының ел мен жердің тұтастығын сақтаудағы ұмтылысын көрсеткен елеулі тарихи оқиға болды. 

 

Ләззат НҰРКЕЕВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы

3214 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper