Зерттеу барысында көптеген жаңа қыш, тастан және сүйектен жасалған заттар сияқты археологиялық материалдар табылды. Экспедиция жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Виктор Мерцтің айтуынша, бұл материалдар бұрын табылған заттармен ұқсас.
- Ежелгі адамдардың тұрағынан табылған заттар Қазақстанның солтүстік-шығысын мекен еткен тайпалардың мал шаруашылығымен айналысқанын айғақтайды. Палеозоологиялық материалдар бұл болжамды нақтылай түседі. Бұл – Қазақстан археологиясына үлкен жаңалық әкелді. Өйткені бұл жаңалық еліміздің территориясында қолға үйретілген жануарлардың жасын тағы екі мыңжылдыққа шегереді, - дейді В. Мерц.
Бұған дейін Қазақстан аумағында адамдар жануарларды біздің заманымызға дейінгі 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретті десе, енді бұл ескерткіште табылған мал сүйектері ондай құбылыс бұдан ертерек болғанын көрсетеді. Ғалымдар табылған бұл ескерткішті неолит дәуіріне жатқызып отыр. Алдын ала жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша ескерткіштің жасы шамамен – 6-7 мың жыл. Аталмыш ескерткіш Ертіс өңірінің жаңа тас дәуіріндегі мәдениетінің даму динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.
- Тұрақтың жасын нақтылай түсу мақсатында, заттардың бірнеше үлгілерін Кембридж университетіндегі Макдональд институтына радиоқышқыл анализіне жібердік. Жақын арада алғашқы қорытындылары келуі тиіс, - дейді В. Мерц .
Айта өтейік, университет экспедициясы Бөрлі көліндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2011 жылдан бері жүргізуде.