Анонс


Көне өлкедегі музей менеджменті немесе Байырғы Бат туралы не білеміз? (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 10 Наурыз 2017 02:38
Көне өлкедегі музей менеджменті немесе Байырғы Бат туралы не білеміз? (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлыбританияда оқып жатқан қазақ студенттері қолымыз қалт еткенде  ағылшындардың  көне тарихи орындарын көруге  құмармыз.  Жылдың жартысынан көбі жаңбыр бүркіп,   аспанынан  бұлт, атырабынан тұман сейілмейтін Альбиондағы сирек шуақты күндер ондай сапарға таптырмайтын сәт.

Сондай есте қаларлық саяхаттың бірін біз тілдік курс оқыған Саутгемптон университетінде оншақты жыл бұрын тарихтан сабақ берген Ричард Блэк ұйымдастырды. Ол қазір  зайыбы Маргарэт екеуі  жастары жетпістен асса да, үйде отырып қалмай, «International friend»  ұйымының  еріктісі ретінде дүниенің төрт тарабынан оқу іздеп келген студенттерді британдықтардың  арғы-бергі тарихымен таныстырып жүр.  Сонымен, бет алған бағытымыз –  Бат қаласы,  (Bath-ағылш. монша), Рим империясы заманындағы  атауымен айтсақ «Aquae Sulis»Англияның  оңтүстік-батысында, Сомерсет графтығында,  Лондоннан 170 шақырымдай жерде  орналасқан.

 

Империядан қалған игілік

Бағзыдан бізге жеткен тарихта  Баттың іргесі алып та  жойқын Рим империясы  Британия аралын  провинциясындай көріп, уысында ұстап тұрған кезде, шамамен б.з 60-жылдары қаланған деседі. Алайда, археологиялық деректер ыстық (термальды) бұлақ көзінің маңайындағы адамзат тіршілігінің іздері б.з.д 8 мың жылдардан да кездесетінін айтады.   Ауызекі аңыз оны беріректен қозғап, кельттердің королі Людтың мұрагері – Блейдад ханзадамен  («Bludad of Bath») байланыстырады: алапес ауруына шалдыққан жас мұрагер жұрттың пыш-пыш өсегінен жүре алмай, үйінен безіп, жақын маңайдағы  қыстақтардың бірінде шошқа бағып кетіпті деседі. Талпақ танаулар шалшықтан басқаны керек қылсын ба,  батпақты қалың қорыстың арасына барып, қара балшыққа бауырларын былғап жатып алатын көрінеді. Күндердің күні торайларының сол буы бұрқыраған шалшыққа аунаса, айызы қанатынын аңғарып, өзі де қызық көріп түседі. Сөйтіп,  терісіндегі теңбіл ұшты-күйлі жоғалып,  туған үйіне құлан таза оралған ханзада таққа отырып, мұратына жетіпті-мыс.

Алайда, қисындылау тарихта Баттың қазіргі орны  б.з 40-60 жылдары жаулаушы римдіктерге ысырылып орын берген кельттердің қолынан көшкен деседі. Қаланың атауын «Aqua Sulis» деп өзгерткен де солар. Sulis – сол замандардағы римдіктердің ұғымында  өмір нәрін беретін, әйелдердің құрсағына дем салып, тіршілік белгісін бітіретін  құдай-ананың  аты. Біз куә болған көне моншалардың  орындары сол рим өркениетінен қалған мұра болса керек. Жалпы, Британия аралындағы римдіктер негізін қалауға қатысты дейтін қалалардың көпшілігі – әскери  форпасттар, арасындағы сәулеті  шипажай, әрі сауық орны ретінде жобаланған бірегей қаланың бірі – осы  Бат.  Монша рим  жаулаушылары жергілікті жерге  әкелген негізгі мәдениеттің бірі саналады. Августус билігі тұсында (б.з 33-жылдары) Рим империясының иелігіндегі жерлерде 170 монша болған екен. Одан бергі  кейінгі жүз жыл ішінде олардың саны мыңға  жуықтаған   («The History of Plumbing» - «Кәріздер мен ақлақтардың даму  тарихы» кітабынан – авт). Алайда, солардың ішінде негізгі үшеуі ерекше аталады. Олардың алғашқы  екеуі –  Римдегі Каракала (Caracalla) және Диоклетиан (Diocletian) моншалары әлі де сақталған, үшіншісі –2 мың метрге жуық тереңдіктен  46 градус  температурамен  атқылап жатқан ыстық шипалы  суымен даңқы  жайылған осы байырғы Бат.

Қызуына қарай  хауызды бухананың өзін   «the caladarium» (ыстық монша), «the tepidarium» (жылы монша) және «the frigidarium» (суық монша) деп бөлген римдіктердің мәдениетінде тән тазалығына айрықша мән берілгеніне, монша  тек жуынып-шайынатын ғана емес, мәдени сауық-сайранның да орны болғанына ЮНЕСКО қорғауына алынған «Roman Bath» музей-кешенін  қолымыздағы  әлемнің алты тілінде әсерлі әңгіме жеткізген аудиогид құрылғыға құлағымызды төсей жүріп, армансыз аралағанда көзіміз  жете түсті. Бертінде салынған Виктория стиліндегі үлкен холлдан басталатын музейдің кіреберісі әрі қарай үлкен террасаға алып шығады. «Sacred Spring», яғни жердің геологиялық қыртысындағы үлкен әуіттен  жоғарғы қысыммен күніне 170 0000 галлон су шығаратын “Қасиетті қайнар бұлақтан” толығып тұратын кешендегі  ең үлкен ашық хауыз «Great Bath»-тың  дәл үстінен соғылған  ғимараттар,  ондағы колланада мен Рим императорларының Викториан (Виктория) стиліндегі мүсіндері,  баяғы жер астында қалған антикалық монша  1876 жылы аршып алынған екен. Түбегейлі жаңғыртудан өткен ғимарат музей ретінде алғаш рет  1897 жылы ашылыпты.  

 Рим моншасының дәл ортасындағы үлкен ауқымды алып жатқан хауыз «Great Bath». Тереңдігі 1,6 метрге дейін барады. Хауыз жанында отырған енжелгі Aquia Sulis  қаласының тұрғыны, монша қызметкері қонақтарға жұртқа жұпар шашқан әтір-майларды иіскетеді.

Рим моншасының макеті жанында.

Рим моншасының Шығыс қанаты бөлігінде.

Ағылшын аристократиясының бейресми астанасы

Бат 18-19-ғасырларда ағылшын ақсүйектері мен сорпа бетіне шығар бай-шонжарларының сауық құрып, саулық түзейтін бейресми астанасына айналған кезде мыңдаған жылдар тарихын қойнына жасырып жатқан тарихи орынның танымалдылығы айрықша артты.  Дәлірек айтсақ, бұл кезең 1688 жылы II Яков патшаны тақтан түсіргеннен кейін бұрын діни алауыздық салдарынан бір-бірімен қырық пышақ боп қырылысқан  ағылшын  қоғамының бір тыншыған  тұсы еді. Бейбіт шақтан береке тапқан ақсүйектер мен дворяндар арасында бірте-бірте шипажайларға бару сәнге айналады. Әуелі Лондонға жақын жердегі Кенттен коттедж жалдап, Танбридж минералды су көздерінен шипа іздеген жұрттың аңсары Батқа ауады. Ал, қаланың,  қазіргі тілмен айтқанда, фешенебльді курортқа айналуына сол уақыттарда Бат жеріне иелік еткен, Анна патшайым (1702-1714) мен одан кейінгі екі Георгтың (1714-1760) тақта отырған шағында  қаладағы бас церемониймейстр болған Ричард Нэштің көп еңбегі сіңген деседі. Ойдан-қырдан ағылған ауқатты жұрттың көңілін көтеру шараларын ұйымдастыруға ұйытқы болған «бипаз Нэш»  өзінің патша отбасымен байланысын пайдаланып, басқаларды ығына көндіре білген. Айталық,  төбелестің алдын алу үшін джентельмендерге  көпшілік жерлерге кірерде шпагаларын тапсыруды, ауылдан ұзап шықпаған  можантапай мұжықтарды  сірісін басқан саптама етіктерімен кешкі сауық-би алаңына алшаңдай басып кірмеуді, тіпті әйелдер отырған жерде бұрқыратып шылым шекпеуді талап етіп, жүріс-тұрыс әдебінің жазылмаған ережесін енгізген ғой. Оның орнына құмар ойындарға ерік беріп, қызық қуып келген  жұртқа жағатындай  «жақсы дәстүрлерге» жол ашқан. Ағылшын аристократиясы үшін  Баттың бағасы артқаны  соншалық, тіпті сол заманның  Джейн Остин, Чарльз Диккенс, Ричард Шеридан сияқты жазушыларының шығармаларында әйтеуір кейіпкерлерінің біреуі Баттың ыстық суына балтыр батырып көрген немесе сондағы сауық-сайранның базарына қатысқан болып шығады.

Әсілі, Баттың  сол бір даңқты кезеңдеріндегі мәдени-рекреациялық   мазмұны әу бастағысынан аса  ұзап кетпегенін әлгі Викториан стиліндегі ашық террасадан басқышпен айналып астыңғы қабатына түскенде,   табан астыңызда  Рим заманында қаланған бұдыртастар  мен кәдімгі моншаның ысты иісі сіңіп қалған әртүрлі жәдігерлерді көрген кезде  ұғына түсесіз. Аудиогид құрылғының антикалық дәуірге  қиялмен қыдыртқан әсерлі әңгімесіне сенсек,  ежелгі рим қоғамында  моншаға қара халықтың түсуіне де еш кедергі болмаған. Алайда, көбінесе соғыстан оралған жауынгерлер мен  ауқатты аристократияның  қамау терін шығарып, қауқылдасып отыратын бірден бір мәдени-демалыс орны болғанын да атап өткен жөн. Аудиогидтың айтуынан жадымызда қалған суреттемеге сүйеніп айтсақ,  «ол замандарда моншаға келген жан  әуелі арнайы алаңқайда (Palestra, қазіргі тілмен айтсақ Gym-авт) жаттығу жасап, ет қыздырар еді, сосын едендері ыстық ауамен астынан жылытылатын бөлмелерде  (hypocaust жүйесі) денелеріне түрлі өсімдік майын жағып, массаж қабылдап,  кейін әр түрлі температурадағы  хауызда малтыр еді. Араларында ішімдіктер мен тәтті тағамдар ұсынып, демалушылардың барлық жағдайын жасаған қызметкерлер жүрер еді».

Майын тамыза айтқан ауызша тарихтың  көрінісін толықтыра түсетін  экпозициядағы  әлгі жылы бөлмелерге төселген тақтатастар, хауыздардың үңірейген орны, Қасиетті бұлақтан  табылған ежелгі антикалық тиындар, байырғы «Sulis Minerva» қаласындағы «құдайларға» құрбандық шалатын мүжілген тас тағандар (альтарлар)  сияқты ескіліктер мен  ежелгі қаланың тұрғындарына қатысты тарихи фактілерге сүйене отырып жасалған жиынтық образдар:  рим жауынгерлері Апула мен  Флавия, тас қалаушылар (каменщики) Силинус пен Брусетус, дін қызметшісі Гаюс Гальпернусты қарсы алдыңнан ұшырастырғанда,  реставрация мен инсценировкаға  иланбауға лажың болмайды.

 Aquae Sulis қалашығындағы Сулис Минерва құдайына арналып салынған храмның компютерлік графикамен жаңғыртылған кескіні.

Сулис Минерва храмының фронтонынан алынған, біздің заманымызға дейін жеткен мына фрагменттегі бейне ежелгі грек мифологиясынан таныс кейіпкер  «Горгон» (Gorgon`s head) атымен аталады. Бұл бейнені қазір Бат университетінің эмблемасы ретінде пайдаланады. 

Музей-кешеннің тағы бір кіріс көзі – үйлену тойы фотосессиялары мен түрлі шараларға ғимаратты жалға беру.

 

Мүлгіп кеткен мүйіске қайта қан жүгірткен музей менеджменті

Байырғы Бат ежелден  бері  жұртты өзіне иіріп ұстаған  бақ-дәулетті қала  десек те,  оның да сырттан келетіндердің аяғы саябырсып, біршама уақытқа елеусіз қалған сәттері болған.  Мәселен, XIX ғасырдың орта шенінен басталған техникалық революцияның арқасында   күйме жеккен күйлі жұрт Батты қойып, алып кемелермен қыдырып,  ашық теңіздің ауасына жұтуға  құмартқан шақ шалғайда жатқан шағын қаланың тіршілігіне едәуір зардабын тигізген. Оның үстіне Бат Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында   Корольдік әскери күштердің  фашистік Германияның Любек, Росток, Люфтваффе қалаларына жасаған әуе шабуылдарына қарымта соққы ретінде немістердің бомбалауы астында қалған. Элита мен бекзадалардың  бұрынғы тұрағы болған палладиан стиліндегі «Royal Crescent», «The Circus», «Paragon», «Francis Hotel» айлапат апартаменттердің біразы отқа оранып, қала біраз жыл жабырқау күйге түскен.

Ал, тіршілігіне қайтадан қан жүгіртіп, тарихи орындарын қамқорлыққа алуға 1987 жылы ЮНЕСКО  Батты «халықаралық дәрежеде мәдени құндылығы зор қалалардың»  тізіміне қосқан  кезде ғана шартты түрде  қозғау салыныпты. Одан соң   бір кездері суынан бактерия тарауы мүмкін деген желеумен жауып тасталған  бальнеологиялық курорт жаңғыртылып,  2000 жылдың басында «Thermae Bath Spa»  болып қайта ашылған.  Сөйтіп, Бат қайтадан әрі денсаулығын түзеп, әрі  роман, викториан дәуірлері мен классицизм сәулет өнерінің әдемі симбиозындай болған романтикалы шағын шаһарға алып қалалардың «тас джунглилерінен»  тыныштық іздеп келген туристердің сүйікті орнына айнала бастады. Жергілікті халық саны  жүз мыңға жете қоймайтын шағын қаланы қарашығындай сақтап отырған Бат және Солтүстік-Батыс Сомерсет консулдығының (бізше әкімдігінің – авт) ресми сайтындағы статистикаға сенсек, қазір графтыққа қарасты өңірге жыл сайын орта есеппен 6-7 миллион турист келеді. Оның ішінде 2 миллиондай турист Roman Bath сияқты тарихи орындарды тамашаласа,  900 мыңдайы «overnight  tourist», яғни кем дегенде 2-3 күн тоқтап, 200 фунт стерлинг тастап кететіндердің санатына жатады. Тек туризмнің арқасында қала соңғы онжылдықта  400 миллион фунттан астам кіріс көрді, он адамның бірі немесе 11 мыңға жуық  тұрғын  туризм саласында еңбек етеді.

Біздің көкейімізде тескен ендігі  сұрақ – ширек ғасырдай шетте қалып, урбанистік дамуы бәсеңдеп кеткен шаһарды  Ұлыбританияның баруға, көруге тұрарлық жауһарларының қатарында ұстап тұру үшін жергілікті билік  қалай жұмыстануда, қандай менеджмент әдісін қолдануда деген мәселе еді.

Оның жан-жақты дерегін  интернеттен  ағылшын тіліндегі мақалаларды ақтарып отырып, дүниежүзіндегі сәтті жүзеге асқан  жобаларды егжей-тегжейлі баяндаған «Тарихи-мәдени туризмнің мәселелері» («Сontemporary issues in Cultural heritage tourism», 2011 – авт) жинағынан таптық.

Қысқаша баяндар болсақ, Бат және Солтүстік-Батыс Сомерсет  консулдығы  2004-2005 жылдары «Roman Bath» тарихи орнының әрі қарай дамыту жоспарын жария талқылауға шығарып, ақыры соңында  музейді түгел жапқаннан гөрі, жаңғырту жоспарын біртіндеп жүзеге асырған жөн деген ұйғарымға келеді. Алдағы бес жылға белгіленген  даму жоспарының көздеген ең үлкен мақсаты – «Roman Bath» музей-кешенін Ұлыбританияның   ең үздік көрнекті туристік маршруттары қатарында сақтап қалу еді.

Консервация бағытына бойынша, әуелі ыстық судың буынан бөлінетін тұзды тозаң салдарынан эррозияға ұшырай бастаған Рим дәуірінің құрылыстарына ауа ылғалдығын қамтамасыз ететін климат-контроль жүйесі орнатылды. Бұл бір есептен, жазғытұрым музей ішіндегі ауаның қапырықтығына шағым айтатын келушілерге де қолайлы болды. Одан кейін музейдің «Great Bath» бөлігіндегі тастар мен қабырға сылақтар химиялық тазалаудан өткізілді.

Ал, музейге келушілердің игілігі үшін атқарылған істерге келсек, мүгедек жандарға  көшедегі сыртқы кіреберістен  алты метр жер астына оңай  түсіп-шығуға мүмкіндік беретін лифт, құлағы мүкістерге сурдоаударма, көзі нашар көретіндерге  тактильді түсіндірме құрылғыларының қолданысқа енгізілуімен қатар, Рим  тұрғындары мен моншашылардың театрландырған интерпретациясы, музейдің тақырыптық бөліктерінде high-tech, low-tech технологиялардың көмегімен жасалған неше түрлі аудио-визуальді көрнекіліктердің  қосылғанын атап өтуге болады.  Тұрақты даму жоспарының үшінші тармағы – коммерциялық  белсендіру бойынша музей-кешенге қарасты екі кәдесый дүкені күрделі жөндеуден өтіп,  интернеттегі веб-сайт ішіне билет пен тауарларды арзандатып,  электрондық жолмен сататын жаңа қызмет қосылды. Сонымен қатар, саяхатшылардың сұранысы бойынша қарама-қарсы беттегі шағын отбасылық кафе музей қарамағына өтіп, оның іші «Roman Bath» жәдігерлерінің желісімен қайта безендірілді.

Жалпы құны 5,5 млн фунт стерлингке бағаланған осынау инвестиция   түптеп келгенде қала бюджетіне  ондаған есе қайырымымен  кіріс келтіре бастағанын   айта кеткен жөн.  Бұл жөнінде жергілікті «Bath Chronical» ақпараттық сайты: «Қаланың туристерге тартымдылығын арттыруға осынау ауқымды қаражат дер кезінде жұмсалды. Айталық, былтырдың өзінде музейді 900 000 жан тамашалап, 3,3 миллион фунт  табыс тапты. Тіпті 2000-2008 жылдары Британияның туристік саласының көрсеткіштері  белгілі әлеуметтік-экономикалық факторлар есебінен едәуір төмендеп кетсе де, Бат ең тартымды туристік орындардың қатарынан табылды» деп жазады 2011 жылғы шағын шолуында.

Мұндағы салаға салқынын тигізген әлеуметтік-экономикалық факторлар жоғарыда келтірілген «Тарихи-мәдени туризмнің мәселелері»   ғылыми мақалалар жинағында да айтылады.  Мәселен, 2009 жылы  шетелге қыдырғаннан гөрі елден ұзап шықпауды құп көрген Британия халқының арасында  «stay-cation» («stay» -бір орында қалу, «vacation» - демалыс сөздерінің қосындысынан туған заманауи термин – авт)  немесе «holistay («holiday» + «stay» -авт) демалыс түрі кең таралыпты. Соның салдарынан үйреншікті  50/50  үлес салмағы бұзылып, ішкі туризмнің салмағы 5 пайызға артып кетті. Бұдан келетін залал – ел ішіндегі туристер сырттан келетін туристер сияқты қонақ үй мен тамаққа шамадан тыс шығынданбайды, керісінше  баратын жерлеріне көліктерімен зырылдап барып келеді, тіпті  болмаса ұйықтайтын төсегіне дейін салулы тіркемесін өздерімен бірге алып жүріп, қалта қағатын жердің бәрін айналып өтеді.

Сол сияқты, қазіргі таңда Британиядағы тарихи орындарға түсетін табыстың 33 пайызға жуығы  топтық билет (group ticket) пен көруге тұрарлық ең тартымды тарихи орындарға орташа бағамен кіру пакеті  (өздері «pre-paid package holiday» немесе «must-see» destination package» дейді -авт) есебінен келетіндіктен,  көптеген музейлер жан басына  шаққандағы таза пайдадан қағылуына тура келеді. Сондай-ақ, 2000 жылдары Ұлттық Лоторея қоры (National lottery funding) арқылы тарихи ескерткіштер жобасын қаржыландыру жолға қойылғанымен, кейбір ұлттық музейлерге тегін кіру  мүмкіндігін беру де  провинциалдық тарихи орындарға біршама қиыншылық туғызды. Яғни, іс жүзінде Лондонға келіп қонақтаған шетелдік турист 170 шақырымдық жолға бір, «Roman Bath» музей-кешенінің билетін  (шамамен 15-20£ аралығында -авт) сатып алып екі шығынданғаным дұрыс па, әлде тегін музейлерді тамашалап, дабылдакерге отырып алып, Лондонды олай да бұлай армансыз аралағаным дұрыс па деген  таңдаудың алдында тұрады. Сол себепті, Бат сияқты қалалар бұл тұрғыдан ұдайы Лондоннан қалған олжаға қаужау қылуға мәжбүр.

Осыған қарамастан тұтынушы үшін талас та маркетингтік амалдардың түр-түрін пайдаланатын  Ұлыбританияның  тарихи туризм менеджменті бізден біршама көш ілгері, бүгінге тоқмейілсіп отырмай, ертең көрерменімді немен тартамын, немен таңғалдырамын деген  қаммен өмір сүретінінен біраз өнеге алуға болады.

Біз барған «Roman Bath» музей-кешені мен қалалық консулдықтың бірігіп жүзеге асырмақшы ендігі жобасы – «Archway centre». Музейге жақын жердегі Йорк көшесінің астынан XVIII-XIX ғасырда қолданыста болған тас туннелді кәдеге жаратып,  Рим, Георг, Виктория дәуірлеріндегі сәулет құрылысы  мен мәдениетін таныстыратын ағартушылық орталыққа айналдырмақ. Бұрын-соңды көпшілікке көрсетілмеген Рим моншасының басқа да бөліктерін реставрациялауды қамититын қомақты жоба 5 миллион фунтқа бағаланып отыр. Қазірдің өзінде Ұлттық Лоторея арқылы жарнамалық науқан жүргізіп,  арнайы қайырымдылық қорын ашып қойған музей әкімшілігі жаңа құрылысқа  биылдан қалмай кірісіп кетуді жоспарлап отыр. 

 Рим жауынгерлері Апули мен Флавиа.

XVIII  ғасырдың соңында  монша үстіне соғылған Викториан стиліндегі террасса мен Рим императорларының мүсіндері.  

 

P.S: Тек қана билет пен кәдесый  сату емес, тарихи орынның ғимараттарын  түрлі шаралар өткізуге, фильм түсіруге жалға беру, латын тілін үйрету, ашық террасада тай-чи қытай гимнастика секцияларын ұйымдастыру, жәдігерлерді күтіп-баптайтын музейдің ішкі өндірістік бөлімдеріне экскурсия жасату сияқты маркетингтің түрлі амалдарын ұтымды пайдаланып отырған музей әкімшілігінің кәсібилігі мен  музеефикациялаудағы  озық технологияларына таңданысымызды жасыра алмаған біздің көкейімізде Баттың біздегі баламасы – ортағасырлық Отырар қаласы мен ондағы инженерлік құрылымы бірегей  моншаны  осындай қалыптағы музей-кешенге айналдырса ғой деген арман оянғаны рас.

 

Әділбек ЖАПАҚ,

Ұлыбритания

 

Дереккөз:

1) «Roman Bath» веб-сайты,  http://www.romanbaths.co.uk

2) «Bath and North East Somercet Council» веб-сайты, http://www.bathnes.gov.uk

3)  J. Kaminski, A. M. Benson, and D.Arnold, 2014, «Contemporary issues in cultural heritage tourism», 348 pp. Routledge, Abingdon,  doi: 10.1111/cag.12185

4) "Summary of the successful institutions and projects" (PDF). Department for Culture, Media and Sport. 26 August 2008.

5) «£5.5m scheme to revive the Roman Baths, 11 September, 2011, http://www.bathchronicle.co.uk/163-5-5m-scheme-revive-Roman-Baths/story-11319016-detail/story.html#ixzz3yqWI5TM8

6)  P.Woodman, «Staycation' boost for UK economy with British residents spending less abroad», The Independent, 23 January 2013, http://www.independent.co.uk/news/uk/home-news/staycation-boost-for-uk-economy-with-british-residents-spending-less-abroad-8881397.html

7) «The History of Plumbing. Roman and English Legacy» веб-сайты http://www.plumbingworld.com/historyroman.html

 

4124 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper