Анонс


Теміртаулық қария 80-нен аса жәдігерді музейге тапсырды

Сенбі, 03 Наурыз 2018 02:48
Теміртаулық қария 80-нен аса жәдігерді музейге тапсырды KAZMUSEUM.KZ -  

Өнегелі өмір сүріп, артыңда жақсы із қалдырудың ал ең бастысы қарттықты мойындамаудың  басты сырыда  спортпен айналысуда шығар. Оған дәлел бүгінгі тақырыбымның басты кейіпкері - Айтжан Исақов.

Теміртау қаласындағы «Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында» ауыр атлетиканың пауэрлифтингтен ардагерлер арасында ҚР-ның 14 дүркін чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы, КСРО спорт шебері, халықаралық спорт шебері, ақсақалдар алқасының мүшесі, ардагер металлург Айтжан Исаковтың өмірімен шығармашылығына арналған «Өнегелі өмір» атты көрменің ашылуы болып өтті. Қарағанды облысында есімі көпшілікке танымал, теміртаулықтар арасында аты аңызға айналған қария бүгінде жасы 74 -ке шықса да таңқаларлық жігерімен жастарға үлгі болып келеді. Айтжан ата 80 жасқа келгенде ауыр атлетикадан әлемде 3-ші рет әлем чемпионы болуды алдына мақсат етіп қойыпты. Әрине үнемі шынығып спорттық бабында жүретін қария үшін бұл мақсатқа қол жеткізу де көп күттірмес. 

Айтжан Исақов Қарағанды облысының Ақшатау ауданында 1944 жылы дүниеге келген. Жастайынан жетімдікпен жоқшылықтың дәмін татып, бала кезінен колхоздың ауыр жұмысына етене араласып шыныққан спортшы ата ешқашан қиындыққа мойыған емес. 1969 жылдан Теміртау қаласына табан тіреген Айтжан атамыз 1977 жылы «КСРО спорт шебері» атағын қорғады.  Металлургия комбинатында 40 жылдай уақыт адал еңбек етіп «Комбинат ардагері» атанған  Айтжан Исақовтың жеткен жетістіктерімен өмір жолынан ақпарат беретін жеке заттары көрме төрінен орын алды. Көрмеге қойылған отыздан аса медельдерімен марапаттау қағаздары, кубогтері, дайындық күнделігі, белбеуі, фотсуреттері көрмені тамашалап келіп жатқан көрерменге жаұсы әсер қалдыруда. Көрменің ашылу салтанатында Айтжан ата өз қолымен жасаған қара белбеудің он екі дүркін чемпиондықты қорғағанда белінде болғанын айта келе ең басты жүлделерінің тарихына да тоқталып өтті.   74-ке шыққан шағында еш қиналмай зіл темірді көтерген Айтжан атаның іс-қимылы жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Жас жеткіншектерге жақсы үлгі болып, дұрыс бағыт-бағдар беруге септігі тиетін осындай іс-шаралардың маңызы зор екені сөссіз.

Спортшы ата туралы жаңалықтар жергілікті ақпарат беттерінен де жиі беріліп тұрады. Соңғы жарияланған мақаланың  бірінде былай дейді: «Атамыздың өткен жетістіктерін еске салғанымыз – қазақ халқының мақтанышы болары хақ. 2011 жылы Теміртаудағы болып өткен Республикалық кубогында 380, Шымкентте болған бәсекеде 420, 2012 жылы Талдықорғандағы дүбірлі жарыста 380-500 (екі алтын), 2013 жылы  Көкшетау мен Алматыдағы жеңісте 380, 2014ж Ресейдің Екатеринбургтегі жарыста «Ресейдің абсолюттік шемпионы» деген атақты қорғап, қазақ елінің мәртебесін жоғары көтеріп, көк байрағын желбіреткен қайсар ағамыз қаламыздың мақтанышы деп жар саламыз. Шаршауды білмейтін шемпион ағамыз ақсақалдар алқасының белгілі мүшесі, әрі табиғи дарынды, сазды әуенімен домбыраны қолына ұстап, шырқап жіберетін күндерді қайтесіз?» (С.Бекбосынқызы. Отан-заман.№1 (45) 24 қаңтар 2018ж. 7-бет)

Бір таңқаларлығы әлемдік деңгейдегі додаларға Айтжан ата зейнеткерлікке шыққаннан кейін  қатыса бастаған. Бірнеше жылдардан кейінгі үзілістен соң ауыр атлетика спортының бір түрі пауэрлифтингтен жаттығуды қызу бастаған екен.  Тынымсыз еңбектің арқасында 2006 - 2013 жылдар аралығында Қазақстанның 11 дүркін  чемпионы атанып үлгерген. Екатеринбург қаласында өткен  «Алтын барыс»  мультитурнир аясында өткен додаға үш рет  70-75 жастағы спортшылар арасынан қатысып екі рет әлемдік рекорд жасап абсолюттік чемпион  атағына ие болды. Жастарды салауатты  өмір салтына баулып жүрген чемпион атамыз бүгінде 160 келі зілтемірді бұйым құрлы көрмейді.

«Өсетін елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» -дейді дана халқымыз, елімен жерінің  тарихын, ру шежірелін еш қиналмастан  тарқатып беретін, керек болса қолына домбырасын алып халық әндерін шырқап жіберетін Айтжан атаны қазыналы қартымыз деп теміртаулықтар әрдайым мақтан тұтады.

Айтжан Исақов 1969 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі алған марапатттарын, медальдерін, кубогтерін, фотосуреттерін, көзінің қарашығындай сақтап келген қара домбырасын барлығы  - 80-нен аса жәдігерді Тұңғыш Президент орталығының қорына өткізді. Бұл жәдігерлер келер ұрпақ үшінде біз үшінде баға жетпес құнды мұра болмақ. Туған жерге деген құрмет осындай игі істерден басталады. 

 

 

Ғалия АҚПАНБЕКОВА,

Тұңғыш Президенттің

Тарихи-мәдени орталығы

«Экспозиция-

көрмемен қамтамасыз ету»

 бөлімінің басшысы

 

 

 

 

6136 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper