Анонс


«Есіктегі музей түні» мерекесіне түркі елдерінің ғалымдары қатысты

Сәрсенбі, 26 Мамыр 2021 01:56
«Есіктегі музей түні» мерекесіне түркі елдерінің ғалымдары қатысты KAZMUSEUM.KZ -  

Халықаралық музей күніне орай «Есік» музей-қорығында 2021 жылғы 18 мамырда «Есіктегі музей түні» шарасы әлемде орын алған пандемиялық жағдайға байланысты онлайн түрінде өтті. Шара «Есік» қорық-музейіне виртуалды саяхатпен басталып, мерекелік от шашумен аяқталды.  

Музей-қорық қызметкерлері ұйымдастырған «Атқа міну мәдениеті – дала өркениетінің мұрасы» атты көрменің онлайн экскурсиясы, «Ботай қонысы», «Қола дәуір арбасы», «Үзеңгінің пайда болу тарихы», «Ер-тоқымның пайда болу тарихы мен түрлері», «Арқан байлау түрлері» атты қазақ және орыс тілдеріндегі онлайн экскурсиялармен жалғасты.

17-мамыр ресми түрде ашылған белгілі археолог Б.Нұрмұханбетовке арналған «Армандар орындалады!» фотокөрме де ел назарына онлайн форматта ұсынылды. Көрме «Жастық шақ», «Сәулелі жылдар», «Орындалған арман» атты негізгі үш бөлімнен тұрады. Археологтың өмір жолынан сыр шертетін 30-дан астам фотолар қойылды.

«Есік» қорық-музейінің зерттеу нысандары «Есік қорымдары», «Рахат қалашығы», «Рахат палеолит қонысы», «Өрікті қалашығы», «Ортағасырлық Талғар қалашығы» туралы баяндайтын видеороликтер де көрерменге жол тартты.

«Есіктегі музей түні» мерекелік шарада архив деректерін де көрсетті. К. Акышевтың Алтын адам жайлы берген сұхбатымен басталған деректер, Б. Нұрмұханбетов пен Ә.К. Акышевтың журналист М.М. Әуезовпен өткізген сұхбатымен жалғасты. Ары қарай археолог Б. Нұрмұханбетовтың дәрісі көрермендерге ұсынылды. Мұндай құнды деректер ел жадында жақсы сақталады деген ойдамыз.

1978 жылы «Алтын жауынгердің күміс хаты» атты Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген деректі фильм орыс тілінде көрсетілсе, ABAI телеарнасы түсірген «Қазба қазыналары: Есік қорымдары» атты деректі фильм қазақ тілінде көпшілікпен қауышты. Есік қорғандары туралы баяндайтын ғылыми-танымдық ақпараттардың бірі «Сақтар – тарихи жаңғыру» видеоролигі еді.

Ары қарай мерекелік шара халықаралық байланыспен жалғасты. Алдымен Түркия Республикасы, Ыстамбұл университеті профессорларының онлайн дәрістерімен басталған әріптестік байланысты Анкара қаласы, «Yertad» тарихи-мәдени қауымдастығы ұжымының құттықтауларымен ұласты.

Қырғыз Республикасы, Ош қаласы, «Сүлеймен-Тау» ұлттық тарихи-археологиялық музей кешенінің құттықтауы да жүрек жарды құттықтаулардың бірі болды. 

Қорық-музейдің фейсбук және инстаграм әлеуметтік парақшалары арқылы тамашалаған көрермендер жылы лебіздері мен пікірлерін білдіріп отырды. Ел іргесіне келген жаман дерттен аман-есен қүтылып, әдеттегі қалыпта музей түнін өткізуді асыға күтіп жүргендерін білдірді.

                                               

Гүлмира ЖУМАЙ, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері

1768 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper