Анонс


Жапония премьер-министрінің зайыбы Ұлттық музейді аралап көрді Таңдаулы

Сейсенбі, 27 Қазан 2015 17:56
Жапония премьер-министрінің зайыбы Ұлттық музейді аралап көрді KAZMUSEUM.KZ -  

Жапония премьер-министрінің жұбайы Акие Абэ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне барып, музейдің бірнеше залын аралап көрді, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай  шетелдік қонаққа музейдің екі залын, атап айтсақ, "Алтын" залы мен этнография залын аралатып көрсетті. Өз кезегінде Акие Абэ ханым  тарихы бай, ерекше салт-дəстүрі бар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, Алтын адамның тарихымен танысқанына қуанышты екенін жеткізді.

"Ұлттық музей ғимаратының өзі өте ерекше əдемі салынған екен. Мені əсерге қалдырған жайт - Қазақстанда тұратын көп ұлттар бір шаңыраққа жиналған екен. Бұл өте жақсы. Жапон халқы мен қазақ халқының салт-дəстүрі екі бөлек əлем, яғни, айырмашылығы көп. Сондықтан, қазақ халқының салт-дəстүрімен танысу, киіз үйіне кіріп көру ( Ұлттық музейдің этнография залындағы киіз үй) мен үшін таңсық əрі қызық болды. Тек бір ұқсастық- қазақ халқы сияқты біз де отбасымызбен түгелдей бір дастарқанға жиналып, жерге отырып тамақ ішеміз.  Мен музейге тағы келіп көргім келеді",-деді музейдегі экскурсия аяқталғаннан кейін Акие ханым.

Сондай-ақ Жапония премьер-министрінің зайыбы Ұлттық музейдің сыйлығын қабылдай отырып, музейдің сыйлы қонақтары кітабына тілегі мен қолтаңбасын жазып қалдырды.

 

2476 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper