Анонс


Археологтар Сауран шаһары аумағындағы кірпіш зауытын жабуды талап етті

Сейсенбі, 27 Қазан 2015 10:21
Археологтар Сауран шаһары аумағындағы кірпіш зауытын жабуды талап етті KAZMUSEUM.KZ -  
Оңтүстік Қазақстан облысындағы ортағасырлық Сауран шаһары аумағынан кәсіпкерлер кірпіш зауытын салып алған. Ықылым заманнан сыр шерткен ескерткіштің тарихи құндылығы ескерілмегеніне археологтар наразы. 
Жәдігер жанашырларының есебі бойынша, күн сайын мың кірпіштің топырағы алынуда. Жер қазушылар қазірде Қаратөбе қалашығына жетіп қалды. Ескерткіш қорғаушылары 2 мың жылдық тарихы бар көне қаланың орнын сипап қаламыз деп дабыл қағуда. Археологтар мен кірпіш зауыт иелері арасындағы даудың басы терең ойпаттан басталды. Қазірде қазылған жер Сауран мен Қаратөбені қақ жарып тұр. Ескерткіш қорғаушылар топырақ тасыған ауыр жүк көліктерінің талай жәдігерді жаншып жүргеніне сенімді. 
 
Ләззат Бейсенбаева, «Қазжаңғырту» РМК жобалау тобының жеткшісі:
 - Мәселен, олар қазу жұмыстарын ешқандай қадағалаусыз жүргізуде. Кенеттен ескі Сауран мен жаңа Сауранның арасынан тағы бір қаланың орны табылып қалса немесе бағалы жәдігер шығып қалуы бек мүмкін. Егер қиратып алсақ тарихқа жасалған қайтарымсыз қиянат болады. 
 
Каратөбе қалашығының бүйірі күн санап үңірейіп келеді. Ал жер астында қоғамдық құрылғылар, көне бұйымдар секілді зерттелмеген қаншама құнды жәдігер сақталған. 
 
Ерболат Смағұлов, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері:
 - Сауранның қорған ішіндегі нысандары ғана арнайы күзетуге алынған. Бұл негізінде Кремль секілді тек орталығы болып саналады. Қаланың өзі аумақты жағалай орналасқан. Жалпы біраз жері қараусыз қалып отыр.
 
 Сауран тарихи кешенін сақтау мақсатында түрлі шаралар қолға алыну керектігі жылдар бойы айтылып келеді. Тіпті 3 томдық жоспары да жасаулы. Бірақ барлығы қағаз жүзінде қалып қойып отыр. 
 
Марат Тұяқбаев, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік музей-қорығының археология және ескерткіштерді қорғау бөлімінің меңгерушісі: 
- Бұл қаланың мәдени қабаттарын қиратып жатыр. Және олар жоспар бойынша тағы да 20 гектар жерді аламыз деп отыр. Қазып жатқан жерлерінен қағаздарын құжаттарын қатырып жасап алған. Тағы да 20 га алатын болса, қаладан не қалады? Бұл – үлкен мәселе. Басымызды ауыртып отырған проблема болып отыр.
 
 Әкімдіктегілер кірпіш зауытының қызметінен хабардар. Алайда кәсіпкерлік құрылымның тиісті құжаты сай болғандықтан, қолданар шара жоқ деп отыр. Карьерлерде құнды заттар болуы екіталай деген пікір айтады. 
 
Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары: 
- Егер шынында да 100 гектардың сыртында олар тағы да тарихи ескерткіштер болуы туралы дәлелдесе, біз оны мынау облыс әкімдігіне шығып, жаңағы жерді басқа жерден беру туралы ұсыныс жасаймыз. Қазіргі таңда дәлелденіп отырған жоқ. Кезінде сол облыс әкімдігінің қаулысы шыққан. Бүгінгі таңға дейін ондай проблема көтерілген емес. 
 
Археологтар құрамы сапалы топырақты Саураннан сырт жерден де қазуға болатынын айтады. Бірақ кәсіпкерлерге алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған тиімді. Кезінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін тұрғызуға да осы маңның топырағы пайдаланылған екен. 
 
Авторлары: Қамбар Бекенов, Катерина Попкова, Ерболат Әбішов, Нұрмахан Бекмұратов
24.kz 
 
3041 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper