Анонс


Кітап музейінде зиялы қауыммен кездесу өтті (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 17 Шілде 2015 15:32
Кітап музейінде зиялы қауыммен кездесу өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасы Ораза айты мерекесіне орай зиялы қауым мен оқырмандар арасында кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері мен оқырмандарға Ұлттық кітапхананың директоры, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Мұңалбаева кітапхана жанынан ашылған кітап музейін таныстырды.

«Ашылғанына 7 айдай болған кітап музейінің қорындағы жәдігерлер күн сайын көбейіп келеді. Ерекше атап өтетін жәдігерлер қатарында араб және латын қаріптерімен жазылған кітаптар бар. Бұл кітаптар қазақ әдебиетінің озық туындылары ретінде жоғары бағаланады. Сонымен қатар, түркі әлемінің көне қолжазбалары да біздің кітап музейінде сақталған. Парсы, араб әдебиетінің ортағасырлық көрнекті өкілдерінің шығармалары музейіміздің қайталанбас жауһарларының қатарына жатады. Қазіргі уақытта жарыққа шығып жатқан көптеген шығармаларға осы әдебиеттер дереккөз ретінде ұсынылып отыр. Тарихи құндылығы және имандылық мәні бар әдебиеттеріміз ұлтымыздың мақтанышына айналды», - деді Ү.Мұңалбаева.

Кітап музейіндегі асыл мұраларымызға ерекше қызығушылық танытқан Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Оразкүл Асанғазы тәрізді қоғам қайраткерлері өз бағасын берді.

Кездесуге жиналған қауымға белгілі жазушы Әкім Тарази бата беріп, елдің өркендеуі мен тұрақтылығын, халықтың бай-қуатты ғұмыр кешуін тіледі.

Кездесуге жиналған оқырмандар зиялы қауым өкілдерімен жеке кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәрбиелік мәні бар шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. 

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,

Ғабит МАДАЛИЕВ (фото). 

 

фото: BAQ.KZ 

 
2826 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper