Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының Көкжыра ауылы - Марат Смаиловтың туған жері. «Өнер жолына қалай келдіңіз?», - деген сұрағымызға суретші бір сәт үндемей отырып: «Есімді білгеннен бері сурет саламын» деп жауап қатты. Бала кезінен құлағының естуінен қабілетінен айырылған ол бүкіл ғұмыры тылсым тыныштықта өткендіктен қылқаламын қолынан тастамай, сурет салып келеді. Суретшіге сұрақты жазбаша ғана қою қажет. Туғанынан есту қабілетінен айырылған, бес жасында анасыз қалған Марат үнсіздік әлемінде өмір сүруге үйренген. Бәлкім, Тәңірдің әр адамға деген бір ерекше таразысы және өзінің өлшем-есебі де бар шығар. Есту қабілетінің орнына Жаратушы оған ерекше суретшілік өнерді сыйға тартқан болар. Марат бояу түстерінің сәл ғана айырмашылықтарын ажыратып, бояу реңктерінің сырларын жақсы біледі, оның композицияны сезінуі, ой-өрісі, пластикалық ойлау қабілеті өзгеше.
Ол Зыряндағы мамандандырылған интернатта сөйлеуге үйренді. Кейіннен Ленинградтағы көркемсурет политехникумында арнайы білім алды (1987-1992). Смаилов 1980 жылдан бері сурет көрмелеріне қатысуда. Оның жұмыстарын Астана, Алматы, Өскемен мен Зырян қалаларының тұрғындары тамашалады. Ол кескіндеме мен графиканы жақсы игерді. Өкінішке орай, соңғы он жылда толыққанды шығармашылықпен айналыса алмауда. Бүгінгі таңда біздің суретшіміз күнделікті тұрмыстық проблемалардың өзін еңсере алмай қиналуда. ІІІ топтағы мүгедектің кенепті, бояуларды сатып ала алмауын айтпағанның өзінде, қымбат тұратын багет жайлы айту тіпті орынсыз. Салонға сатуға қойылатын картиналардың жақсы безендірілуі керек екендігін барлық суретшілер біледі.
Марат дәл қазір шығар жолы жоқ қандай да бір тұйық шеңберде қалғандай. Сырттан көмексіз одан шығу мүмкін емес. Сондықтан да музейдің алдынала ұзақ та көп дайындықтан кейін өткізіп отырған бұл қайырымдылық шарасы бәлкім, осы дарын иесі үшін жалғыз ғана мүмкіндік болар. Қара қарындашпен қағазға салынған болашақ картиналарының нобайлары қаншама десеңізші. Қазақстан тарихы, облысымызға көшіп келіп жатқан оралмандар тарихы суретшіні қызықтырады.
Смаилов шығармашылығының көрерменін таң қалдырар негізгі тақырыбы – ол үшін қол жеткізбестей болған музыка әлемі. 2018 жылы, суретші 50 жылдық мерейтойына орай, музейімізде жеке көрмесін ашуды армандайды. Ол үшін көп нәрсе де қажет емес – біздің жәрдеміміз, кенептер мен бояулар, уақыт пен шабыт. Осындай жәрдемді музейде өткен осы қайырымдылық кешінде өнер сүйер көпшілік, жанашырлар мен демеушілер көрсетті. Ең алдымен баспасөз құралдары арқылы, музей қызметкерлерінің аузынан суретшінің проблемалынан хабардар болған облыстық мәслихат депутаты, ҮМЗ тантал өндірісінің директоры Алексей Асланбекұлы Цораев көмек қолын созып, Мараттың он бір картинасын жақтаулы рамаларға салдырып, шынылап берді. Дайындалған суреттердің жетеуін таңдап, канадалық Константин Мирошник деген азамат жарты миллион теңгеге жуық ақшасын төлеп, алдынала сатып алып кетті. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов пен облыстық мәслихат хатшысы Владимир Михайлович те музейге арнайы ат басын бұрып, суретшінің жағдайымен танысып, әкімдікке оның үш суретін сатып алды. Қылқалам шеберінің жерлесі, Самар ауылының әкімі Ахмет Күдербаев қайырымдылық кешіне қатысып, жақсы бір суретін таңдап алып, бұдан былай да қол ұшын беріп тұратындығын айтты. Сондай-ақ облыстық экология департаменті, қаладағы әзірбайжан диаспорасының өкілдігі, «Вита» сауда жүйесі, Сбербанк өкілі, «АГФ» багет шеберханасы сияқты мекеме, кәсіпорындар да суретшіге қолдарынан келген көмектерін аяған жоқ. Көкпекті аудандық қоғамдық келісім орталығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Елена Сихварт жерлестері алдында алдағы уақытта Мараттың өзінің жеке көрмесін өткізуіне ұсыныс жасады.
Кеш барысында суретші туралы бейнефильм көрсетіліп, скрипкашы Ирина Карпеева тыңдарманның құлақ құрышын қандырар әсем әуендерімен кештің шырайын ашып отырды. Алғашқы болып сөз алған өнер музейінің директоры Нұржази Қалиева бұл іс-шараның қалай басталғаны туралы айта келіп, осы кештің өтуіне көп еңбек сіңірген музейдің көркемсурет секторының мамандары Зоя Смирнова, Айнұр Қарабекова, Лариса Мартыноваға, сондай-ақ бұл бастаманы қолдап кеткен ұжымдар мен жекелеген азаматтарға өзінің ризалығын білдірді. Суретшінің Г.Бекбердинова, Қ.Нұрсадықов, Е.Тұрғанбаев, Н.Аштема сынды әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, ала келген шеберге қажетті құрал-жабдықтарын тапсырды. Одан кейінгі сөйлеушілер де бұл сауабы мол істің әлі де жалғасын табатындығына тоқталса, суретшінің әкесі Әділғазы Смаилов музей ұжымының бүгінгідей игілікті шараларына үлкен алғыс білдірді.
Өнер музейінде алғаш өткізілген мұндай ауқымды шара қылқалам шеберінің алдындағы кедергілерді бір тазалап, оның шығармашылық болашағына жол ашқандай жақсы бір әсермен тарқады жиналған көпшілік.
Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ