Анонс


БҚО тарихи-өлкетану музейі астаналықтар үшін кездесу өткізді

Дүйсенбі, 18 Қаңтар 2016 12:10
БҚО тарихи-өлкетану музейі астаналықтар үшін кездесу өткізді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Тариxтан тағылым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.  

Батыс Қазақстан облыстық тариxи-өлкетану музейі ұйымдастырған шараға БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев, ҚР Ұлттық музейі директорының бірінші орынбасары Жазира Күлбаева, Астана қаласындағы №56 мектеп-лицейі   тарих пәнінің мұғалімі Әлібек Жиеналиев, ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының басшысы Ақан Оңғар қатысты. Олар жиналғандармен еліміздің батыс өлкесі тарихына қатысты тың деректермен бөлісті.  

- Бүгін біз тарихи тағылымы мол  көрмені  қорытындылауға арналған  шараға  жиналып отырмыз. Екі ай бойы Астана тұрғындары мен қала қонақтары Ақ Жайық өңірінің тарихымен танысып,  Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі 180 жылға жуық тарихы бар Батыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану музейінің құнды жәдігерлерін көрді. Бізге осындай мүмкіндік бергені үшін Ұлттық музей ұжымына алғыс айтамын.

XIX ғасырда мәдениет, өнер, білім орталығы болған ғажайып өлкенің тарихы тереңнен бастау алады. 1801 жылы Нұралы ханның екінші ұлы Бөкей сұлтан тарихта Ішкі Қазақ немесе Бөкей ордасы аталған өлкенің іргесін қалады. Ішкі Орданың іргесі бекіп, ішкі әлеуметтік-шаруашылық жағдайы нығайған тұсы 1823-1845 жылдары Жәңгір хан басқарған кезең болды.

Көзі ашық, көкірегі ояу, орыс, татар, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген Жәңгір ең алдымен қазақтарға ыңғайлы әрі тиімді тұрмыстың үлгісі етіп, 1827 жылы Нарын құмының Жасқұс деген жеріне Хан сарайын салдырады. Жәңгірден үлгі алған би - сұлтандар, кейін қарапайым халық үй тұрғызып, Хан ставкасы саяси-экономикалық маңызға ие орталыққа айналады. 1828 жылы өз үйінің бір бөлмесіне әулеттік-династиялық құнды заттарды, ат әбзелдерін, жауынгер қару-жарағын жинастырып, қару-жарақ палатасын ұйымдастырады. Бұл - қазақ жерінде ашылған тұңғыш музей іспеттес, - деді дөңгелек үстелде М. Ерсаев.

Шара шеңберінде  Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тарихы терең Ақ Жайық»атты көрмесімен танысу мүмкіндігі берілді.

Экспозицияға Батыс Қазақстан аймағындағы арxеологиялық қазбалар кезінде табылған түрлі заттай деректер, обалардан табылған ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек әйел - Алтын Ханшайым, қару-жарағымен бірге табылған қыпшақ жауынгерінің мүрдесі, қазақ тариxында өзіндік орны бар тұлғалардың киімдері, зергерлік бұйымдар және Ақ Жайық өлкесінің тариxын жан-жақты сипаттайтын жәдігерлер қойылды.

Шараға қатысқан оқушылар «Бөкей ордасы хандығы – тарихтың терең тағылымы» деген тақырыпты тарқатып, тарихтан сыр суыртпақтады. Олар мультимедиялық құралдар арқылы дөңгелек үстелге қатысушыларға Бөкей ордасына арналған ауызша журналды таныстырды.

- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бөкей ордасына 2 рет арнайы ат басын тіреген. Бұл құт дарып, кие қонған қасиетті өлке. Бұл өңір талантты ұлы тұлғалардың мекені. Найза ұшын тіреп, білек күшін білеген батыр ұландар ғана емес, ел бірлігі, жер тұтастығы жолында маңдайы жарылған көсем мен таңдайы тілінген шешен де көп өткен, - деді дөңгелек үстелде  Ә. Жиеналиев.

Өз кезегінде А.Оңғар аталмыш көрмеге қатысты пікір білдірді.

- Ұлттық музейдің  «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Ұлттық музейде бұған дейін облыстық музейлердің бірнеше көрмесі  өтті. Ал Батыс Қазақстан облысының тарихынан сыр шертетін  «Тарихы терең Ақ Жайық» атты көрме 18 қарашадан бері жалғасып келе жатыр. Бұл -  мағынасы мол, мазмұны бай көрме. Оның музейге келушілерге бергені де, берері де көп, - деп түйді сөзін ол.

 

3403 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper