Анонс


Қазақ ғарышкерлері Ұлттық музейде кездесу өткізді (ФОТО) Таңдаулы

Жексенбі, 22 Қараша 2015 02:33
Қазақ ғарышкерлері Ұлттық музейде кездесу өткізді (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндеҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу шарасы аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 60 жыл толуына және Тәуелсіз Қазақстанның ғарышкерлеріне арналған «Жұлдызды жолдардың қаһармандары» атты іс-шара өтті.

Шара «Байқоңыр» ғарыш айлағы негізінің қалану тарихын және оның Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы жетістіктері мен даму келешегін, әлемдік ғарыш қоғамдастығына одан әрі ықпалдасу мәселелерін және Мемлекет басшысының отандық космонавтиканың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін көрсетуге арналды. 

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы», «Ресей Батыры», Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев, әлемнің 545-ші ғарышкері, Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы», Қазақстан Республикасының ӘӘК полковнигі Айдын Айымбетов шараның құрметті қонақтары болды.

«Биылғы жылдың еліміз үшін ерекшелігі – әлемдік қоғамдастық ынтымақтастығының ірі нысаны - «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 60 жыл толуы мен қазақстандық тағы бір азаматтың ғарышқа сапары болды. Айдын Айымбетовтің сәтті сапары еліміздің ғарыш жылнамасының жаңа парағын ашты. Бұл тарихи оқиға күллі алаш жұртшылығының мақтанышына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың батырына, еліміздің үшінші ғарышкер-ұшқышы Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын беріп, оны «Отан» орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапаттады. Осылайша, ұшқыш-ғарышкерлеріміздің қатары ұлтымыздың үш ұланымен толықты: алғашқы қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, «Халық Қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, тәуелсіз еліміздің тұңғыш ғарышкері, «Халық Қаһарманы», Ресей Батыры, үш мәрте ғарышқа ұшқан Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев болса, ағаларының жолын жалғастырған Айдын Айымбетовтің еңбегі мен ерлігі де лайықты еленді», - деді жиында  Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.

Басқосу барысында ғарышкерлер жиналған жұрттың сауалдарына жауап берді. Т. Мұсабаев Ұлттық музейдің өзіне өте қатты ұнағанын және музей директорының осы мекеменің ішінен ғарыш залын ашу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

«Мемлекет басшысы бізге Қазақстанның ғарыш саласын дамыту тапсырмасын жүктеді. Біз осы бағытта бар мүмкіндігімізді пайдаланып жатырмыз», - деді ол.

Өз кезегінде А.Айымбетов ғарыштағы сапарының әсерлерімен бөлісті. «Мен өзіме жүктелген тапсырманы тиісінше орындадым деп ойлаймын. Аспан әлеміндегі зерттеу жұмыстарының нәтижелері отандық  ғылымға пайдасын тигізетіне сенемін», - деді ғарышкер. 

2878 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper