Анонс


Өзбекәлі Жәнібеков - ұлт мәдениетін ұлықтаған дара тұлға

Дүйсенбі, 05 Ақпан 2024 05:54
Өзбекәлі Жәнібеков - ұлт мәдениетін ұлықтаған дара тұлға KAZMUSEUM.KZ -  

Еңбекте – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик, т.ғ.к., этнограф-ғалым, Өзбекәлі Жәнібековтың (1931–1998) өмірі мен еңбек жолдары, өзінің Жоба-жоспарымен іске асырылған Қазақтың Ықылас Дүкенұлы атындағы халықтық музыка аспаптары музейін, оның өз ішінен «Сазген» көне аспаптар ансамблін, «Аспап жасау және қалпына келтіру шеберханасын» ұйымдастырудағы қайраткерлік тұлғасы сөз болады. Сондай-ақ, қайраткердің көп қырлы еңбегі жайында өнер-мәдениет тұлғаларының, отандық және шетелдік музыка мамандарының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің құнды пікірлері мен жазбаларынан мағлұмат беріледі.

Кілт сөздер: музейдің құрылу тарихы, коллекциялардың жинақталуы, «Сазген», шеберхана және Жәнібеков жайлы жазбалар.

Өзбекәлі Жәнібеков – 1931 жылғы тамыз айының 28 жұлдызында қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Маяқұм» ауылында дүниеге келді. Көп ұзамай әкесі – Жәнібек Құдиярұлы өмірден өтіп, одан кейін анасы – Қаныша Томашқызы дүние салғанда жамағайыны Құрман ақсақалдың қолында тәрбиеленіп, мектеп бітіреді. Өзбекәлі Жәнібеков – қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін 1952 жылы тәмамдаған соң, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды.

Халқымыздың бекзат перзенті Ө. Жәнібеков ұлтымыздың ұлы мұраларын сақтап қалуға үлес қосқан қазақтың біртуар азаматы. Ол – тәжірибелі педагог, шығармашыл жан, елі құрметтеген қайраткер. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеп, асыл мұратына айналдырып, бабадан мирас болған бай мәдениетіміздің мәртебесін асқақтатқан тұлға!

Негізгі бөлім. Жәнібеков және Музей. Өзбекәлі Жәнібеков – XX ғасырдың 1970 жылдарынан бастап еліміздегі сандаған үлкенді-кішілі музейлерді ұйымдастыру, тарихи маңызы бар мұрағаттарды жинақтау, сақтау және насихаттау секілді ұлт мәдениетіне тікелей қатысты жұмыстардың бастамашысы болды. Сол игілікті істердің бірі – Өзбекәлі Жәнібековтың өмірі мен еңбегінде ерекше орын алған, бүгінде ұлт мәдениетінің мақтанышы болып отырған Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыка аспаптары музейі болып табылады. Өз-аға Жәнібековтың тікелей ықпалымен өткен ғасырдың 1980 жылғы тамыз айының 1-ші жұлдызында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің № 358 санымен төмендегі Жарлығышықты. Қаз-қалпында:

Принять предложение Министерства Культуры Казахской ССР, согласованное с Госпланом Казахской ССР, Минфином Казахской ССР, Академией наук Казахской ССР, об открытии в г. Алма-Ате Республиканского музея народных музыкальных инструментов Казахской ССР.

Председатель Совета Министров Каз. ССР – Б. Әшимов. 1.08 1980 г.

Жарлықта көрсетілгендей, Өз-ағаның күш салуымен сол кездің өзінде-ақ бірден Республикалық мәртебемен (статуспен) ашылған музей 1981 жылғы сәуір айының 24-ші жұлдызында есігін айқара ашып, халық игілігіне ұсынылды. Музыкалық аспаптарға арналып алғаш рет ашылған бұл музей, сонымен қоса, сан түрлі пікір таластарын, түрлі ғылыми тақырыптар мен ізденіс жұмыстарын да өмірге ала келді. Музей өзінің құрылу тарихы мен коллекцияларының ерекшеліктеріне сай аспаптану, өнертану және музейтану секілді гуманитарлық ғылымдардың үш бірдей саласының басын қосты және осы бағыттарда жұмыс жасау міндеттелді.

Нәтижесі:

– ел ішінде сақталған көне аспаптардың молдығымузейді ұйымдастырудың қозғаушы күші болды және жер-жерде шашырап, жоғала бастаған музыкалық көне аспаптар қазынасы алғаш рет бір жерге жинастырылды;

– Орта Азия Республикалары арасында дәстүрлі музыкалық аспаптарға арналып ашылған тұңғыш музей болды;

– жинақталған коллекциялардың – аспаптану, музыкалық этнография, аспапты-музыкалық археология, аспапты-музыкалық қолөнер, өнертану, драмология, литофония, органология, заттану, мифология, бақсылық дәстүр, аспап және поэзия т.б. секілді бұрын назарға алынбаған гуманитарлық ғылым салаларымен байланысы нақтыланды;

– музей қазақ аспаптану ғылымының ғылыми-зерттеу орны, дерекнамалық базасы ретінде таныла бастады;

– Тәжікстанның Душанбе қаласында ашылған «Музыкалық аспаптар музейіне» және Саха елінің Якут қаласындағы ұлттық «Чангкобуз» (Шаңқобыз) аталатын музейлердің ұйымдастырылуына үлгі-нұсқа болды;

– музей мұраларының рухани және заттық мәдениетке бірдей қатыстылығы зерделенді;

– музейдің тарихи мұралары жайында әр жылдары ғылыми және оқу-әдістемелік кітаптар шығарылып, диссертациялық еңбек қорғалды;

– Республикалық және Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен түрлі жиындардың өтуіне негіз қаланды.

– музей елімізде ғана емес, Орталық Азия республикалары арасындағы бірегей музейлердің қатарынан орын алды.

Өзбекәлі Жәнібековтың халықтық музыка аспаптары музейін ұйымдастырудағы Жоба-Жоспарының тарихи мәні осылайша көрініс тапты деп айта аламыз! Қайраткердің жанкешті еңбегі жайында көптеген пікірлер мен жазбалар сақталды. Оның барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Десек те, бірер жазбалармен таныстыруды жөн көрдік. Қаз-қалпында:

«...Қазақтың халық аспаптары музейінде болып терең әсер алдым. Бұл – халқымыздың музыка мәдениеті тарихын үйрену үшін өте керек нәрсе. Аз уақыт ішінде көп еңбек істелген. Жолдарың болсын, қымбатты бауырлар!». 

Л. Хамиди – ҚР Халық артисі, композитор. 1981.

«...Мен бүкіл әлем халықтарының музыка мәдениетіне ден қойып жүрген адаммын. Дәл Сіздердің музейлеріңіздей музей әлемде жоқ. Музыка аспаптарын көру бір басқа да дауысын естіп, қалай ойналатынын көру бір басқа. Бұл – ежелгі заманның әуеніне дейін жанданған тірі музей. Бұл – нағыз қымбат қазына».Г. Храпкович – поляк музыка маманы, 1982.

«...Я восхищена, потрясена и горда! Замечательный музей! Это драгоценный подарок нашему талантливому народу. Играя на этих инструментах народ выражал свою душу, свой мечты о прекрасном будущем. Низкий поклон всем тем, кто создал этот уникальный музей! Успехов и расцвета!». Ғ. Жұбанова –  ҚР Халық артисі, композитор. 1983.

«...О высокой культуре народов Казахстана повествует и этот уникальный, прекрасный музей народных музыкальных инструментов. Восхищен и музеем и ансамблем. Молодцы!».

Б. Ельцин – Ресей президенті. 1991.

«...Жәнібеков Өзбекәлінің болашақ жағдайын алдын-ала, жан-жақты ойластырып, маңдай терін төгіп жүріп тындырған бір үлкен жұмысы – бұл күнде республика мақтанышы болып отырған ұлттық музыка аспаптарының музейі еді...».

М. Есенәлиев – мемлекет және қоғам қайраткері. 1999 ж.

«...Алматыдағы халық аспаптары музейі – Халықаралық Музыкалық Музейлер Қауымдастығының ішінен ерекше орынды иеленеді. Мұнда бір тылсым күш бар. Керемет коллекцияларын былай қойғанда, үлкен жұмыстың атқарылғаны көрініп тұр...».

М. Брызгалов – Қауымдастық Президенті. 2015 ж.

«...Ұлт руханияты үшін бар бағалы уақытын сарп еткен жарқын тұлғаның игілікті ісі ешқашан ұмытылмайды. Елін сүген, өзін сүйген қазақ ұлты барда Өзбекәлінің есімі уақыт озған сайын асқақтай берері хақ».

Ж. Нұсқабайұлы – белгілі баспагер. 2023.

«...Өзбекәлі Жәнібеков еліміздегі музейлердің қалыптасуына ғана емес, ана тіліміздің, халықтық салт-дәстүрдің, ұлт пен рухтың алтын көмбесі – Әз Наурыздың қайта жандануына барынша үлес қосқан халқымыздың біртуар ұлт қайраткері».

Ғ. Смаханұлы – белгілі меценат. 2023.

Музейдің бірегей коллекцияларының терең тарихымен танысқан көрермендер Өзбекәлі Жәнібековтың еңбегіне осылайша баға берді. Сол кездің өзінде-ақ кеңестік жүйенің жан-жақты қысымы мен тыйымына қарамастан тыңнан жол тауып, ұлт мәдениетінің ұмыт қалған олқы тұстарын орнықтырып кетті. Өз-аға Жәнібековтың музей құрудағы бұл тарихи ісі – қазіргі кезде қазақтың аспаптану мен музейтану ғылымы саласындағы ең басты нәтижесі саналады.

Музей коллекцияларының жинақталу тарихы

Музей ашылған алғашқы жылдарда музей коллекцияларының жинақталуы жайында ел ішінде: «Музей Б. Сарыбаевтың коллекциялары негізінде ашылды», «Б. Сарыбаевтың коллекциялары музейге алынды» т.б. секілді түрлі түсініспеушілік көзқарастар пайда болды. Шын мәнісінде Болат аға Сарыбаевтың (1927–1984) жекеменшік коллекциялары ұзақ уақыт өз үйінде сақталып, қазіргі кезде Астанадағы Ұлттық музейдің қорына өткізілгені белгілі.

Музей коллекцияларының алғашқы жинақталуы жайында мемлекет және қоғам қайраткері М. Есенәлиев: «...Алматы консерваториясының профессоры Б. Сарыбаев халық аспаптарының әуесқой жинаушысы еді. Бір күні Өзбекәлі екеуміз оның пәтеріне бардық. Б. Сарыбаевқа Мәдениет министрлігіне қарайтын, өзі басқара алатын халық аспаптары музейін құру идеясын ұсындық. Экспонаттарын келешек музейге берсеңіз деген тілек білдірдік... Біздің ойымыз іске аспады, біз түк бітірмей қайттық және талқылауды министрлікте жалғастырдық. Сонда Жәнібеков: «Музейді бәрібір ашамыз, аспаптардың бірқатарын облыстық музейлерден аламыз да, бір бөлігіне шеберханаларға тапсырыс береміз» - деді. Музей ашылғанға дейін Өзбекәлі бірқатар шеберлерді шақырып, мамандарды тарта отырып объектідегі «бас прораб» болды...», - деп жазды [1, 110–111-бб.]. 

Музейдің құрылуының алғашқы жылдарында-ақ Ө. Жәнібеков өзінің сілтемесімен, нұсқауымен, жеке өтінішімен, әлбетте, қызмет бабын пайдалана отырып, Қазақстанның облыстары мен аудандарының музейлері қорында қозғаусыз, елеусіз, ескерусіз жатқан көне музыкалық аспаптарды музей шаңырағына алғыза бастады. Мәселен, ұлы Абай (1845–1904), Тілеген (Мұрын жырау) Сеңгірбекұлы (1859–1954), Дина Нүрпейісова (1861–1955), Сейтек Оразалыұлы (1861–1933), Әбікен Хасенов (1897–1958), Қамар Қасымұлы (1893–1966), Шашубай Қошқарбайұлы (1875–1952) т.б. секілді Ұлы Дала өнерпаздары тұтынған түпнұсқа аспаптарды сұратып, хат жазып алғызып, ол мұралар мен тұлғаларды музей жұмысы арқылы кең түрде насихаттауға жол ашты. Алғашқы 1980–1982 жылдардың өзінде-ақ музейдің қор-көрмесіне жүзден аса түпнұсқа мемориал (ескерткіш) аспаптар жинақталды.

Мәселен, белгілі қоғам қайраткері Әшімбек Бектасовтың (1910–1981) қолында сақталған атақты әнші, ақын, композитор Біржан-сал Қожағұлұлының (1831–1894) домбырасы жайында: «Құрметті Әшімбек Бектасов! Сіздің халық мұрасына деген ілтипатты еңбектерініз көптен бері белгілі. Соның бір айғағы Сіз сақтап отырған Біржан салдың тарихи домбырасы деп білеміз. Сол домбыраны «Республикакалық халықтық музыка аспаптары музейіне» мәдениет ескерткіші және көне экспонат ретінде түсініктемесін жазып тапсырсаңыз музейге сый, халқымыз үшін атқарылған елеулі еңбегіңіз болмақ», - деп 1980 жылы қазан айының 15 жұлдызында хат жолдады. Мұның өзі музей коллекцияларының жинақталу тарихындағы құнды деректердің бірі болып табылады.

Сондай-ақ, Ө. Жәнібеков бұрын елімізде назарға алынбаған аспапты-музыкалық археология саласына назар аударды. Ол кезде бұл сала бойынша ұлттық аспаптанушы-этнолог мамандар жоқ еді. Осы мәселе жөнінде Өз-аға: «...Әттен, бізде әуездік археологиямен айналысатын этнолог мамандар болғанда көптеген жаңалықтардың бетін ашуға болатын еді...», - деп жазған өкінішті сөзі бүгінгі кезде де өз құнын жойған жоқ [2, 183-б.].

Десе де, елімізге белгілі Ә. Марғұлан, А. Шалекенов, А. Чариков т.б. қатарлы археолог-ғалымдардың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған мұраларға сұрау салып музей қорына алғызып отырды. «...Олардың қатарында б.з.д. IV–III ғғ. неолит дәуіріне жататын аспаптар мен биші адамдар қашалған «Таңбалы тас» (Зікір тас), қобыз бен қоңырау бейнеленген «Бақсы тас» (VIII ғ.), сылдырлы «дүңгіршек» (VI–VII ғғ.), бір дыбыс ойықты үрлемелі «ысқырық» ( X–XII ғғ.), бір ішекті «Күйші тас» (X–XII ғғ.), саз сырнай (XII ғ.) т.б. қазба мұралар жинақталды» [3, 133–134-бб.].

Өзбекәлі аға Жәнібеков музейге ұлттық мұралармен қоса, тамырлас түркі және шетел халықтарының аспап-мұраларын жинастыруға да аса көңіл бөлді. Бұл жинақтаулар – ұлттық, түркілік және әлемдік коллекциялар ретінде үш жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашты. Ол коллекциялар – Алматыда оқитын шетелдік студент-жастардың, Қазақстанға ресми сапармен келген әр елдің мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, аспап жасаушы шеберлердің сыйға беруімен, сондай-ақ, іс-сапар, экспедиция жұмыстары секілді әр түрлі жолдармен жинақталды. Мәселен, Ө. Жәнібековтың өзі шетелдерге іс-сапармен барғанда міндетті түрде сол елдің музыкалық аспаптарын алып қайтатын әдеті болды.

Музей коллекцияларының жинақталуы жөнінде зерттеуші А. Турсунов: «...Заместитель министра культуры Каз.ССР Узбекали Жанибеков – принимал самое активное участие не только в его создании, организации экспозиции, но и непосредственно занимался сбором инструментов в разных районах нашей республики»,- деп жазды [4].

Жалпы музейдің алыс болашағын ойлаған Ө. Жәнібеков музейде ұлттық мұралармен қоса, түркі және шетел халықтарының аспап-мұраларын да жинақтай отырып, музейді «Әлем музейлері каталогына» енгізуді жоспарлаған-ды. 

Осылайша, 1981 жылғы сәуір айының 24 жұлдызында ашылған музейдің экспозиция залдарына үш жүзден астам тарихи құндылықтар жинақталып, алғаш рет халық назарына ұсынылды. Қазіргі таңда бұл жинақтаулардың саны арта түсіп білім-ғылым, өнер-мәдениет салаларында және қоғамдық-ақпарат құралдары арқылы барынша насихаттала түсуде.

Нәтижесі:

– түпнұсқа коллекциялар негізінде «Мемориалдық аспаптар залы» атты тарихи-ғылыми экспозиция жабдықтау мүмкін болды. Бұл экспозиция қазіргі кезде 2018 жылы қабылданған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мемлекеттік бағдарламаның жалғасы болып табылатын «Ұлы Даланың 7 қыры» Жобасында көрсетілген «Ұлы Дала тұлғалары» атты тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін маңыздырөл атқаруда;

– алғашқы жылдарда-ақ жинақталған археологиялық түпнұсқа мұралар арқылы «Археология залы» жабдықталды. Мұның өзі қазақ аспаптану ғылымы бойынша елімізде бұрын қолға алынбаған «Аспапты-музыкалық археология» саласын зерделеуге жетеледі;

– елімізде алғаш рет «Тамырлас түркі халықтарының музыкалық аспаптары» аталатын бірегей экспозиция залы жабдықталды. Мұның өзі түркілік аспаптардың терең тарихын, тамырластығын, ұқсастығын зерттеп-тануға жол салды;

– елде бұрын болмаған «Шетел халықтарының музыкалық аспаптары» аталатын экспозиция залының жабдықталуы нәтижесінде музейде түрлі тақырыптар қамтылған жиындар мен ғылымиконференциялар өткізу мүмкін болды;

– музей жинақтаулары қазақ аспаптану ғылымы саласындағы алғашқы және маңызды жинақтау бола отырып, коллекциялардың тарихи құндылық, рухани-мәдени мұра ретіндегі рөлі айқындала түсті; 

Осылайша, өткен ғасырдың 1980 жылдарында Өз-аға Жәнібековтың идеясынан туындап, іске асырылған бұл жинақтаулар – музейдің ғана емес, жалпы ұлт мәдениетіне қосылған басты ғылыми нәтиже саналады. 

Жәнібеков және Сазген

Музейдің ұйымдастырылу, ашылу және қалыптасу тарихын сөз еткенде елімізден асып шетелдерге де танымал болған «Сазген» көне аспаптар ансамблінің насихат жұмыстарына тоқталмай өту мүмкін емес. Музейдің өз ішінен қоғамдық негізде музей қызметкерлерінен құрылған «Сазген» этноансамблін ұйымдастыру Ө. Жәнібековтың өз идеясы болатын. Ел арасында: «Музей - Сазген дүниеге келген егіздер» деген сөз қалыптасты. Өз-аға Жәнібеков музейдің көне мұраларын дыбыстандырып, жанды түрде насихаттау үшін ел ішіндегі тума талантты өнерпаздар мен музыкалық білімі бар жастарды жұмысқа тартты. Өзінің тілшілерге берген сұқбатында: «...Задача наша глубже – найденные или воссозданные инструменты, молчавшие годы и даже столетия должны опять зазвучать. С этой целью мы сформировали из сотрудников музея ансамбль «Сазген». Ансамбль «Сазген» будет выступать с лекциями, концертами с целью ознакомления широких слоев трудящихся с казахскими народными песнями, кюями, давно ушедшими от нас мелодиями...», - деп атап өтті [5].

Музейдің негізін қалаушылардың бірі, күйші Т. Әсемқұлов: «...Болашақ ансамбльге солистер мен музыканттар іздеу үнемі жүргізіліп отырды. Өз-ағаң әрбір талапкерді өзі сынайды. Дауысын тыңдайды, күйші болса – күйін тыңдайды. Талай әнші мен күйші Өз-ағаңның қатал сынағына шыдамай өкпелеп те кеткен. Көп ұзамай ансамбльдің сұлбасы да көріне бастады»,-деп жазады өз естелігінде [6].

1982 жылы «Сазген» ансамблі «Қазақконцерт» ғимаратында алғашқы концертін өткізді. Бағдарламасының дені халықтық шығармаларға құрылған ансамбльдің концертін алғаш рет тамашалаған алматылықтардың таң-тамаша қалғаны былай тұрсын, ұлттық музыкалық фольклорымыздың бай нұсқалары жөнінде сан жылдар бойы қалыптасқан қасаң көзқарастар мен теріс пікірлерге түбірімен өзгеріс әкелді.

Алғашқы концертімен-ақ танымал болған музей ансамблі 1982 жылы Югославияның Сараево қаласында өткен Халықаралық көрме-жәрмеңке жұмысына қатыстырылды. Бұл жайында Т. Әсемқұлов: «...Бірде Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстанға іс-сапармен келген Югославияның мемлекеттік ірі шенеунігін музейге ертіп келіп, «Сазгеннің» концертін көрсетті. Көп ұзамай сол адам Босния-Герцеговинада өтетін Қазақстанның көрмесіне «Сазген» ансамблі қатыссын деп өтініш жасапты. Осылайша, 1982 жылдың күзінде Боснияның астанасы – Сараево қаласында аспаптар көрмесі мен лекция-концерт жұмыстарын атқарып қайтқан едік...», - деп жазды өз естелігінде [6].

Өзбекәлі Жәнібеков ел ішінде жүрген тума талант өнерпаздар болса сұрастырып отырудан жалықпайтын. «Бәлен ауылда түген деген мықты қобызшы, домбырашы немесе әнші, биші бар» дегенді естісе болды, олардың музыкалық білімі жоқтығына қарамастан дереу иузейге жұмысқа алғызатын әдеті болды. 1980–1990 жж. аясында «Сазген» тобында еңбек еткен тума таланттар музейдегі көне аспаптарды дыбыстандыра отырып, сол аспаптар арқылы халқымыздың ұмыт болған ән, күй, би өнерінен лекция-концерт және ғылыми-көрме жұмыстарын атқарды. 1987 жылы Музей – Сазген тобы қазақтың ұлттық саз өнері мен мұрасын биік деңгейде насихаттағаны үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Осылайша, өткен ғасырдың 1980 жылдарында Ө. Жәнібековтың күш салуымен құрылған ансамбль бүгінгі күні қазақтың аспапты-музыка өнерінің мақтанышына айналды.

Нәтижесі:

– «Сазген» тобы сол кездегі астанамыз Алматы қаласының музейлері тарихында құрылған алғашқы этноансамбль болды;

– «Мұрагер», «Адырна», «Алтынай», «Жетіген», «Ғасырлар пернесі» қатарлы өзінен кейін құрылған этнофольклорлық өнер топтарына үлгі-нұсқа болды;

– ансамбль жұмыстары арқылы дәстүрлі музыкалық аспаптар жүйесі  халықаралық көрме-жәрмеңкелерде насихаттала бастады;

– ансамбль арқылы көне аспаптарды дыбыстандыру жұмыстары жолға қойылды;

–  «Музей – Сазген» жұмыстары арқылы жүргізілген көптеген тарихи іс-шаралар еліміздің өнер-мәдениеті өміріне тұрақтап орнықты;

–  қазіргі таңда «Сазген» ансамблі үлкен сахналарға бет алып, кәсіби өнер жолына түсті;

«Сырт көз – сыншы» демекші, музейдің ғылыми қызметкерлерінен жасақталған «Сазген» ансамблі жайында көптеген жазбалар сақталды. Бұл жазбалар Ө. Жәнібековтың жобасымен дүниеге келген ансамбльдің көп қырлы жұмыстарын айғақтай отырып, ұлт мәдениеті мен аспапты-музыка өнеріндегі алатын орны мен рөлін айғақтайды. Олар:

«...Көрермен жұрттың ыстық ілтипатына бөленіп жүрген «Сазген»  ансамблінің қаз тұрып қалыптасуы – Алматыдағы республикалық ұлт аспаптар музейінің құрылуымен тікелей байланысты...». Ж. Кенжалин - журналист. 1985 ж.

«...Музейдің «Сазген» ансамблі 1985 жылы Орталық Комсомол Комитетінің «Ленинская смена» үгіт поезымен Алматы – Ашхабад – Каахка – Теджен – Геок – Тепе Бахардан – Қызыл Арват – Казанджик – Небит-Даг – Красноводск – Ашхабад бағыттарымен жүріп, көне музыкалық аспаптардан көрме ұйымдастырып, лекция-концерт өткізді. Ансамбль Түркіменстан Республикасы ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталды...».З. Жәкішева – музей маманы. 1985.

«...Несколько лет назад при музее народных музыкальных инструментов в Алма-Ате был создан фольклорно-этногрфаический ансамбль «Сазген». Выступления самодеятельных артистов пользуются большим успехом у зрителей...». Н. Васильева - журналист. 1986 ж.

 «...Өз-аға «Сазген» ансамблінің мүшелеріне арнап 22 дана бірегей киім коллекциясын жасатты. Әлі есімде, әркімге арнап киім тіккізгенде ансамбльдің әнші-күйшілердің бет-әлпетіне лайықтайтын...».Қ. Тұяқбаев – ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

«...Музейдің «Сазген» тобы гастрольдік сапармен Югославия, Дели, Швейцария, Удмуртия, Түркімения, Марий, Коми елдерінде болып, Мәскеуде өткен «Музыка - 89» Халықаралық көрмеге қатысып, көне аспаптардан көрмелер ұйымдастырып, музыкалық фольклор нұсқаларынан өнер көрсетіп екі жақты насихат жұмыстарын жүргізді...». Г. Мұқамбетқали - журналист. 1989.

Жәнібеков және Шеберхана

Музейдің құрылу тарихында маңызды орын алған «Аспап жасау және қалпына келтіру шеберханасының» ұйымдастырылғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Музей залдарын экспонаттармен жабдықтау оңай жасалатын шаруа емес. Алайда, өзі бастаған іске жауап беріп, батыл да шұғыл шешім қабылдай алатын Ө. Жәнібеков жан-жақта шашырап жүрген аспапшы-шеберлердің, қолөнерші-зергерлер мен ұсталардың басын қосты.

Бірде музей шеберханасының жұмыстарына байланысты қолөнер шебері Д. Шоқпарұлы, музей директоры Ж. Шәкәрімов және музей қызметкерлері Өз-аға Жәнібековтың кабинетіне шақырылдық. Әңгіме үстінде Өз-аға: «...Дәркембай жағдайды естіген шығарсың. Б. Сарыбаевтың коллекциясы музейге келмейтін болды. Музей сәуір айының ішінде ашылмақ. Біз саған үміт артып отырмыз. Бұл мемлекеттік маңызы бар іс. Д.А. Қонаевтың өзі бақылау жасап отыр. Экспозицияны толтырып, музейдің ансамбілін аспаппен қамтамасыз етуіміз қажет», - деп Өз-аға Жәнібеков жиналған мамандарға үлкен сенім артты. [6].

Шеберхана жұмыстары жайында Д. Шоқпарұлы: «...Тікелей басшымыз Ө. Жәнібековтен «дереу экспонаттар әзірлеу керек» деген нұсқау алдық. Шәкірттерімнің көмегімен білекті сыбанып, іске кірісіп кеттік. Жағдайдың жоқтығына, ауа райының қолайсыздығына, уақыттың тығыздығына қарамастан алғашқы алпысқа жуық экспонат әзір болды...», - деп жазды [7, 36-б.].

Аспап жасаушы қолөнер шеберлерінің жұмыстары музей үшін аса маңызды әрі шешуші рөл атқарды. Шеберхана жұмысы арқылы музей қоры мен экспозициясы толықтырылып, сынған, бүлінген экспонаттар қалпына келтіріліп, жаңғыртпалары мен көшірме нұсқалары жасалды. Күні-түні жұмыс атқарған шеберлер тобының барлық жұмыстарын өзі қадағалап отырған Ө. Жәнібеков шеберханаға қажетті керек-жарақтарды еліміздің әр өңірінен алғызды.

Мәселен, соқпалы дабыл, дауылпаз, ыспалы қылқобыз, нарқобыз секілді аспаптарға қажетті түйенің терісін Маңғыстаудан алдыртты. Жидітілген теріні поезға тиеп алып келе жатқан шеберді «мына заттарыңның иісі жаман, жолаушылар арызданып жатыр» деп жолсеріктер шеберді терілерімен қосып Ақтөбе маңындағы «Қандыағаш» бекетінен түсіріп кеткен. Сол шебердің әлденеше поезд ауыстырып Алматыға әрең жеткен қиыншылықтарына да куә болған едік.

Әр аспаптың қандай ағаштан, қандай әдіс-тәсілмен жасалатыны жайында: «...Центром воссоздания и реконструкции инструментов стала в Алма-Ате экспериментальная мастерская при Республиканском музее народных музыкальных инструментов. Специалистами по многочисленным описаниям, рисункам, почти с нуля, делается то, что изготовлялось в древние времени. Для одних инструментов необходима тянь-шаньская ель, для других – береза, клен, тутовое дерево»,- деп жазды зерттеушілер [8].

1981–1985 жж. аясында музей шеберханасынан алғаш рет балалардың «Ортеке» музыкалық ойын құралының жаңғыртпасы жасалып шықты. Домбыра сүйемелімен орындалатын «Ортеке өнері» адамзаттың рухани-мәдени мұраларының биік шыңы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, соқпалы «дудыға», «тоқылдақ», «қос дүңкілдек», ыспалы «нарқобыз», «сазген», халық жадынан шығып ұмыт болған «қуыс мойын», «үшем», «кең шанақты», «кепілді бұраулы», «екі жақты» т.б. қатарлы оннан аса этнографиялық домбыра нұсқаларының алғашқы жаңғыртпалары жасалды.

Қазіргі таңда домбырада орындалатын күй өнері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізіміне енгізілсе, елімізде ұлттық «Домбыра мерекесі» күні белгіленді. Мұның өзі өткен ғасырдың 1980-ші жылдарында Ө. Жәнібековтың бастама-басшылығымен дүниеге келген халықтық музыка аспаптары музейінде атқарылған көп қырлы жұмыстардың бүгінгі танымдық және тағылымдық нәтижесін көрсетеді.

Осылайша, музей шеберханасында жасалып шыққан сан алуан аспаптар музейдің қор-көрмелерін толықтырумен қоса, жеке орындаушылардың, шағын ансамбльдер мен кәсіби оркестрлерлердің қолданысы арқылы да өнер сахнасы мен оқу-білім саласына жолдама алып жатты. Музей шеберханасынан Ж. Тұрдығұлов,С. Кенжеғараев, А. Құмаров, ағайынды – Құлменовтар, Н. Атамқұлов т.б. секілді  қолөнер шеберлері өсіп шықты. Сондай-ақ, музейдің іші-сыртын, экспозициялық қойылым залдарын, ғимарат қабырғаларын, лекция-концерт залдарын ұлттық ою-өрнектермен безендіруде суретші, өрнекші мамандардың жұмысы маңызды болды. Бұл жөнінде Қ. Тұяқбаев: «...Өзекең реставарация саласында жұмыс істеген жастарға үнемі қолдау көрсететін. Мәселен, музей жұмысының білгірлері Қ. Алтынбаев – ҚР Еңбек сіңірген реставраторы, ал Б. Қазанғапов – ҚР Еңбек сіңірген суретші атақтары мен үкімет марапаттарына ие болды», - деп жазды [9, 231-б.]. 

1987–1989 жылдары Ө. Жәнібековтың тапсырысымен белгілі мүсінші Қ. Мәліковтың шеберханасынан «Қорқыт баба» және «КүйшіДина» аталатын бірегей мүсіндер жасалып шықты. Бұл бірегей мүсіндер музей залдарының көркі ғана емес, жалпы қазақ мүсінтану саласында да айшықты орын алады.

1990 жылдарда келмеске кеткен Кеңес Одағының ыдырауына байланысты қазақ өнері мен мәдениетінде үлкен бетбұрыстар мен қайта құру реформалары болып өтті. Көптеген өнер-мәдениет мекемелері таратылды, жабылды және жекешелендірілді. Музей коллекциялары үшін маңызды рөл атқарған шеберхана да нарық жағдайына сай таратылды. Көптеген шеберлер өздерінің жекеменшік шеберханаларын ашып, аспап жасау өнерін одан әрі дамытты...

Нәтижесі:

– еліміздің музейлері тарихында алғаш рет «Музыкалық аспаптарды жасау және қалпына келтіру» ғылыми-зерттеу шеберханасы құрылды;

– көне аспаптардың жаңғыртпалары мен жаңа аспаптардың ғылыми сызба-жобалары (конструкциялары) жасалып, ғылыми сараптамалар мен іс-тәжірибелер жинақталды;

–  ұмыт болған жиырмадан аса этнографиялық көне аспаптар анықталып, оларға екінші өмірберілді және бұл мұралар экспозиция залдары үшін шешуші рөл атқарды;

– «Мирас», «Шебер», «Шертер» секілді өзінен кейін құрылған шеберханалардың жұмыстарына үлгі-нұсқа болды;

–  музей шеберханасы елімізде алғаш рет республикалық және халықаралалық «Үкілі домбыра», «Абыз қобыз», «Шежіре домбыра» т.б. қатарлы аспап жасаушы қолөнер шеберлерінің алғашқы байқау-бәйгелерінің (конкурстарының) өмірге келуіне ұйытқы болды;

– осы байқаулар нәтижесінде аспаптар классикалық нұсқада дамыта жасалып, олардың сапасы жақсарды;

– музей шеберханасы қазақтың аспапты-музыкалық қолөнер саласының дамуында негіз қалады;

Осылайша, өткен ғасырдың 1980-ші жылдарында Өзбекәлі Жәнібековтың тікелей өз Жоба-Жоспарымен жүзеге асырылған «Музей – Сазген – Шеберхана» үштігі – ұлт мәдениетінде, аспапты-музыка өнерінде және аспаптану ғылымы тарихында алтын әріппен жазылған ең ірікешендіеңбек болды.

Қорытынды.Халқымыздың тарихы терең дәстүрлі музыкалық аспаптар жүйесі – өнер-мәдениет құндылықтары болумен қатар, халық шежіресі мен тарихының деректі көзі, тірнек өнерінің жемісі саналады. Сол себептен Ө. Жәнібеков 1980 жылдың өзінде-ақ «Қазақтың Республикалық халықтық музыкалық аспаптар музейі» мәртебесімен(статусымен) өз алдына жеке музей ретінде ашылуына барынша күш салды. Бұл 1980 жылғы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Жарлығында да осылай көрсетілген.

Бұл музей бір ғана жазушының, сазгердің немесе мемлекеттік қайраткердің атындағы жеке музей емес. Музей – гуманитарлық ғылымдардың барлық салаларымен тығыз байланысты болып келетін кешенді ғылыми-зерттеу орны! Сондықтан, елімізден асып шет мемлекеттерге де танымал болып отырған бұл музейге – жоғарыдағы Жарлыққа сай өзінің бұрынғы Республикалық мәртебесін қайтарып, өз алдына жеке музей ретіндесақтаған орынды болмақ! Сондай-ақ, музейдің өз ішінен Ө. Жәнібековтың атында жеке кабинет ашудыңда уақыты әлдеқашан жеткенін айтуға тиіспіз! Бұл арқылы – музей шаңырағындағы күңіреніп тұрған сан алуан құндылықтарды қазақ аспаптану ғылымы тұрғысында шынайы зерттеп-тануға жол ашылады дегім келеді.

1980-ші жылдың күзінде Өз-аға Жәнібеков Ташкенттік өнертану ғылымдарының докторы, профессор Т.С. Вызгоны музейге арнайы шақыртты. Ғалым жаңадан құрылып жатқан музейдің жас ұжымымен кездесуінде: «...Сіздердің музейлеріңіздің ерекшеліктері неде? Сіздердің тек қана аспаптану ғылымымен алаңсыз айналысуға мүмкіндіктеріңіз мол. Ашылған сәтте музейді ғылыми орталыққа, аспаптанудың ошағына айналдыруға болады, Кейін республикалық, одақтық, тіпті десеңіз, Халықаралық конференциялардың, ғылыми жиындардың ұйытқысына айналдыруға болады», - деп айтқан танымдық мәні зор сөздері бүгінгі күні де өз құндылығын жойған жоқ. [10].

Еліміздің мәдениеті тарихында алғаш рет дәстүрлі музыкалық аспаптарға арналып ұйымдастырылған бұл музей өз коллекцияларын жинап, экспонаттарын жайып қана қарап отырған жоқ. Музей өз құрылу кезеңінен бері ұлт мәдениетімен қоса, жалпы әлемдік аспаптану ғылымына да үлес қосып отыр.

Қорыта айтқанда, Ұлы Дала төсін сан ғасыр сазды әуенімен әлдилеп келген дәстүрлі музыкалық аспаптар Әлемі – қазақ халқы, оның бірегей Музейі, алтын саусақ шеберлері және музейді құрған Өзбекәлі Жәнібековтейтау тұлғалы қайраткерлері бар жерде мәңгі жасай бермек!

 

Зәбира ЖӘКІШЕВА, аспаптанушы-этнолог

Қасымхан КӘРІМОВ, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті

  

Әдебиеттер:

  1. Есенәлиев М. Мақ.: Ұлтын ұлықтаған азамат. - Кіт.: ӨзбекәліЖәнібек. – Алматы: «Арыс», 2015. – 110–111-бб.
  2. Жәнібеков Ө. Уақыт керуені. – Алматы: Жазушы,1992. – 183 б.
  3. Жәкішева З.С. Өзбекәлі Жәнібек тағылымы.– Алматы: «Алматыжарнама» баспаханасы, 2011. – 133–134-бб.
  4. Турсунов А. Домбра Великого Абая // Огни Алатау. 2.05.1981.
  5. Жәнібеков. Сұқбат // Огни Алатау. 6.06.1981.
  6. Әсемқұлов Т. Есте қалған естеліктер. «Алтын орда». 21.12.2001.
  7. Шоқпарұлы Д. Домбыра жасау. – Алматы: «Мектеп», 1996. – 36 б.
  8. Голоса возрожденных инструментов // Вечерняя Алма-Ата.1987.
  9. Тұяқбаев М. Өз-ағам – Әз-ағам. – Кіт.: Өзбекәлі Жәнібек. –Алматы: «Арыс». 1999. – 231 б.
  10. Әсемқұлов Т. Домбыра – Нама // Алматы ақшамы. 2013 жыл. 12 қыркүйек.

 

487 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper