Анонс


Данышпан Абай туралы көрмедегі қызықты деректер (СУРЕТ)

Жұма, 27 Наурыз 2020 18:50
Данышпан Абай туралы көрмедегі қызықты деректер (СУРЕТ) KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай мұрасы – рухани қазына» атты көшпелі көрме ашылды. Көрмеге Семей қаласы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және мемориалдық қорық-музейі қорынан Абай тапсырған асатаяқ, Абайдың ері, ағаштан жасалған еттабақ, кісе белдік, сыбызғы, кіршомбал сияқты заттай жәдігерлер, Абай оқыған медресе кітаптары мен ақын Абайдың алғашқы өлең жинақтары да көрмеден өз орындарын алды. Сонымен қатар Абайдың өмір сүрген кезеңі мен сол замандағы тарихи тұлғалар, шежіресі мен одан тараған ұрпақ туралы деректер жазылған тақталар да көпшілік назарына ұсынылды.

Абайға қатысты Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында ұлы ақынның 150 жылдығына орай шыққан панно, кәдесыйлық бюсті және түрлі уақытта салынған портреті мен кітаптар бар, бұған қоса 1963 жылы Семей облыстық баспаханасында № 5830 тапсырыспен жарық көрген екі беттік газетте бірнеше мәліметтер берілген. Газетте «Қазақ халқын орыстың, Батыс Еуропаның алдыңғы қатарлы әдебиетінің асыл қазынасымен таныстыру мақсатымен Абай Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың, сол сияқты орысша аудармасынан Байронның, Гетенің және басқаларының шығармаларын қазақ тіліне аударды» және М.Әуезовтың «Совет адамдары қазақ халқының ұлы перзенті Абайдың жарқын бейнесін әрқашанда жоғары бағалауда және осы арқылы біздің советтік заманымыздың Абай Құнанбаевтың тарихи ұлы еңбектеріне зор алғыс сезіммен қарайтындығын білдіріп отыр» деген сөздері жазылған. Сонымен бірге Абай  өзінің үлкен ұлы Әбдірахманға 17 өлең арнағаны белгілі, баласының жастай ғылым мен білімге құштарлығын байқап, әуелі 1882 жылы Семейдегі үздік мектепте, кейін 1886-1889 жылдары Түменде Александров реалды училищесі мен 1889-1892 жылдары Петербургтегі Михайлов артиллерия училищесінде оқытады. 1895 жылы 27 жасында дүниеден өткен Әбдірахманға әкесі Абайдың арнау өлеңі бір кездері мектеп бағдарламасында болды, ал оның көп кездесе бермейтін фотосуреті газетте берілген.

 

    Бұған қоса, 1945 жылы 15 тамызда Алматыдағы Үкімет Үйінде Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің № 547 «Қазақ халқының ұлы ағартушы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаев есімін мәңгі жадымызда сақтау үшін» шешімі қабылданған. Абай Құнанбайұлының 100 жылдығына орай 7 пунктен тұратын шешімде 1946 жылы Алматыда Абай ескерткішін орнату; әдебиет пен өнер саласында үздік деп танылған жұмыстарға сомасы 10 мың, 15 мың, 25 мың рубльді құрайтын Абай Құнанбайұлы атындағы сыйақы белгілеу; Абай есімін Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет таеатрына, Семей облыстық қазақ музыка-драма театрына, Батыс Қазақстан облыстық музыка-драма театрына, Қарқаралы педагогикалық училищесіне, Алматы облысы Қаскелен қазақ орта мектебіне беру; әрқайсысы 400 рубльден тұратын Абай атындағы шәкіртақылар - С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне - 2; Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтқа – 2; әрқайсысы 300 рубльден шәкіртақыларды – Абай атындағы Семей педучилищесіне -2; Қарқаралы педучилищесіне – 2 шәкіртақы тағайындау туралы және Абайдың ұрпақтарына жеке зейнетақы белгіленген:

1)    Абайдың немересі Ақылбаев Исрайылға өмір бойына ай сайын 500 рубль;

2)    Абайдың шөбересі Жағпарова Ғазелге оқуын аяқтағанша ай сайын 400 рубль;

3)    Абайдың немересі Жақыпова Уәсиләға өмір бойына ай сайын 500 рубль;

4)    Абайдың немересі Оразбаева Ақияға (Ақыш) өмір бойына ай сайын 500 рубль;

5)    Абайдың келіні, Әубәкірдің жары Оспанова Камелияға өмір бойына ай сайын 500 рубль;

6)    Абайдың келіні Ысқақова Бибіге өмір бойына ай сайын 500 рубль.

    Шешімге мөр басып қол қойғандар: ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Н.Ундасынов және ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Істер басқарушысы Д.Сырцов.

 

   

Ләззат НҰРКЕЕВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі   

1523 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper