Анонс


Құралай сұлу кесенесі қайта тұрғызылды

Бейсенбі, 07 Тамыз 2014 15:33
Құралай сұлу кесенесі қайта тұрғызылды KAZMUSEUM.KZ -  

АСТАНА. 7 тамыз. BAQ.KZ – Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Кіші Қамқалы ауылы маңында орналасқан Құралай сұлу мазарын сәулет өнері­нің өзгеше ескерткіші десек, артық айтқандық емес. Ел аузында бұл кесенені Келден батыр шамамен XVIII ғасырдың басы мен XIX ғасырдың аяғында шикі кірпіштен қалап, салғызған деп айтылады. Көне тарихқа жүгінсек, бұл оқиға қазақтар мен қалмақтардың қақтығыстары кезінде болған екен.

Кезінде сәулеті ерекше бірегей күмбез зиялы қауымның қызығушылығын туғызған болатын. Тіпті, бұл ескерткіш қазақ жобалау-қалпына келтіру институты экспедициясының да назарына іліккен еді. Институттың жетекші мамандары А. Ишенов, А. Прескурин тарихи мұраны зерттеп, сол кездегі жартылай құлаған кесенені

XVIII-XIX ғасырлардағы архитектуралық, мәдени ескерткіштер қатарына қосқан.

Иса Байзақов жинақтаған тарихи деректерге көз жүгіртсек, ертеректе қалмақ нояны сұлулығына қызығып алып кеткен қазақ келіншегі Құралай атты сұлу қызды өмірге әкеледі. Көркіне ақылы сай болып өскен қыз кейін қазақ елін іздеп тауып, ана аманатын орындау үшін Келден деген батырмен бірге қалмақтардан қашып кетеді. Жолда ну қамыстың ішіндегі жолбарысқа кезігіп, мерт болған сұлуға Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп, кесене тұрғызады.

1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз-әңгімелердегі деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазады. Осы поэма 1924, 1925, 1971 жылдары мемлекет тапсырысымен жеке кітап болып басылғаны мәлім. Құралай сұлудың кесенесі тұрған жер ақын поэмасындағы суреттелген жер бедеріне, көлдің келбетіне дәл келеді.

"Ұмытпасам, 1997-1998 жылдары бұл жерге арнайы барып, кесенені көрген едім. Сол кезде құламаған бір босағасы ғана қалыпты. Нобайы сол аймақтағы кесенелерге ұқсас, биіктігі 3 метрдей болатын. Естуімше, Сәкен Сейфуллин, Роза Бағланова да осы кесенеге келіп, тәу еткен көрінеді.

1982-85 жылдары Мәскеудегі орталықтың рұқсатымен қазақ құсбегілігіне арналған фильм Мойынқұм ауданында түсірілді. Мен түсірілім жүріп жатқан жұмыс тобының басы-қасындамын. Бір күні сол кезде ауданды басқарып тұрған Айтбай Назарбеков келді қасыма. Келе құлағыма сыбырлап: «Ана киноға түсірушілерге айтып, Құралай сұлудың кесенесін көрсет, махаббат символы екенін түсіндір, мүмкін болса бейнетаспаға кесенені де түсіріп алсын, ертең орнын да таппай қалуымыз мүмкін. Киноға түсіп, тарихта қалсын. Өскелең ұрпақтың ұлықтағанына жақсы болады», – деді. Сол сөз көпке дейін ойымнан шықпай қойды. Отырсам да, тұрсам да «Құралай сұлу» аңызы ұмытылмайтындай бір бастама көтеруді ойлап жүрдім. Ақыры 80 жылдардың аяғында Шу бойынан «Құралай сұлу» аңшылық шаруашылығын ашып, бір-ақ тынышталдым", - дейді cаятшы, этнограф Жапар Сатылғанов.

Тәуелсіздігіміздің арқасы, қазір өткен тарихымызды сыбырлап емес, алты Алашқа жар салып айтатын болдық. Кеше қирауға шақ қалған Құралай сұлу кесенесін бүгінде ұлтжанды азаматтар бірлесіп, қайта тұрғызды.

Мойынқұмдық жастар, Ұланбел ауылының әкімдігінен Қанат Белгішев, Кіші Қамқалы ауылынан Арқабай мырза, Мойынқұм ауданының тумасы, күллі түркі тарихын зерттеуге ықылас танытып жүрген Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов елеулі үлес қосты.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Қазір кесене тұрғызылып бітті. Таяу күндері қазақтың хас сұлуына арналған кесе­ненің ашылу салтанаты болмақ.

7005 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper