Анонс


Наурыз мерекесін 1980 жылдары қалай тойлаған?

Сәрсенбі, 01 Сәуір 2020 15:25
Наурыз мерекесін 1980 жылдары қалай тойлаған? KAZMUSEUM.KZ -  

Наурыз – «жаңа күн» деген сөз. Бұл күн – біздің  арғы тегіміз мыңдаған жылдардан бері тойлап келе жатқан жыл басы мерекесі  ғана емес, береке мен бірліктің, ізгілік пен татулықтың мерекесі.

Жыл сайын Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қош келдің, Әз Наурыз!», «Жаса Наурыз, дәстүрлі!» тақырыптарында тарихи-танымдық шаралар ұйымдастырылып өткізіліп отырады.  Негізгі мақсат жас ұрпаққа қазақ халқының ұлы мерекесі - Наурыз мейрамы туралы айта отырып, ата-бабадан келе жатырған ұлттық салт-дәстүрлерімізді бойларына дарыту,   адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ұлттық тағамдар туралы мол  мағлұмат беріп, құндылықтарына тоқталу.  

Бұл танымдық шара барысында міндетті түрде  Наурыз мерекесінің  шығу тарихы, күн мен түн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып, малдың аузы көкке тиген ырыстың басы болған бұл мереке туралы кеңінен айтып таныстырамын, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, табиғаттағы көктем кезіндегі өзгерістерге кеңінен тоқталамын. Аластау,  Күнді қарсы алу, Үттің келуі, Әздің жүруі, Саумалық айту т.б., Наурыз көжені қалай дайындайтынымыз туралы айтып беремін. Әрине, бұл тақырыпта еркін айтуыма 23 жылдай ауылдық жерде тұрғанымның да зор пайдасы болды. Өйткені оқығаннан гөрі көзбен көрген нәрсенің берері қашанда мол. Сондықтан қазақта айтқандай көзбен көріп, қолмен ұстағанды дәріс барысында қолданамын.  

 Наурыз мерекесін тойлау қазіргі уақытта тек еліміздің батыс өңірлерінде ғана қатты сақталған. Соның ішінде Ақтөбе облысының Байғанин ауданы қазақтың салт-дәстүр мен әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған жер деп айтсам артық айтпағандық болар еді.  Бұл жерде 14 наурызды көрісу күні деп атайды.     Бала кезімнен көзбен көргенім, 14 наурыз күні барлық адамдар бір-бірімен көрісіп, жақсы тілектер айтады. «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Қайда барсаң жол болсын!», «Жасың құтты болсын!», «Ескі жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын!», «Жыл құтты болсын!” деп баталар беріп жатады. Кішілердің үлкендерге барып көрісіп келуі үлкен міндет деп айтуға болады. Ол кезде үйде ата, әжеміз болды,  жасы кішілер арнайы келіп, сәлем беріп, көрісіп жататын. Бұл үлкенге деген құрметтің белгісі. Еліміздің мәдениеттілігінің көрінісі.

Өйткені кейбір   жандардың «14 наурыз күні үлкендерімізге барып көрісе алмадық, ұят болды» деп, «уақыт тауып, үлкендерге барып көрісіп келуіміз керек» деп айтып жатқандарын еститінмін. Біздер ол кезде бала болсақ та көршілердің үлкендеріне, тумаларға барып көрісетінбіз. Ата-әже, әке-шешелеріміз, аға-апаларымыз бұл күннің ерекшелігін айтып отыратын. Анамыз үйде сүр ет қосылған көжесін қайнатып, дайын болған кезде үйге келгендерге наурыз көже беріп жатушы еді. Көжені қазанды толтырып дайындайтын.  Бұл қазанымыз ортаймасын, қазанымыз толып, береке бірлігіміз артсын деген мағынаны білдіреді. 

  

 1984 жылы Ақтөбеде жоғары оқу орынын бітірген соң арнайы жолдама бойынша жас отбасы болып Байғанин ауданының Алтай совхозына жұмысқа бардық. Екеуіміз де мұғалімбіз. Ауылдық жерде күзде, қара суық кезге деп,  отбасына арнап, күздікке бір шағын малды (тайөгіз, не жабағы) сойып алатынбыз. Қысқы соғым  деп желтоқсанның аяғында бір малды тағы соямыз. Соғымның етін әдемілеп тұздап, бір күн тұз сіңіріп қоямыз. Келесі күні жіпке жаямыз. Сосын кептіріп, жәшіктерге саламыз. Ұзақ тұрған ет жақсы сүрленеді. Сүрленген еттің дәмі ауызыңнан кетпейді.  

Енді сіздерге 14 наурызды қалай қарсы алатынымыз туралы айтып берейін.

Наурыздың басында, көрісу күнінен бұрын үйдің ішін тазалаймыз. Үйдің ішін ақтап, шаң-тозаңдарын сүртіп, кірді, алашаларды жуып, киіз-кілемдерді қағып салатынбыз. Сөйтіп үйдің ішін ретке келтіреміз. Дастарқанға қоятын тағамдарымызды дайындаймыз. Сақтаған құрт, бүйенге, қарынға тыққан май, қарынға тыққан ет, сарысу, ірімшік, тары, талқан т.б. тәттілерімізді шығарамыз.  Қамырды көп етіп илеп, жеті нан, бауырсақ пісіріп, конфет-печеньені де мол етіп дүкеннен әкеліп қоямыз. Бұл күні пісірілген жеті нан үй-үйге таратылмай, дастарқанға қойылады.

Көктем мезгілі төрт түлік малдың төлдейтін уақыты. Жаңа туған сиырдың сүтінен дастарқанға  қоюға уыз пісіреміз. Уыздың қасиеті, құрамы да, құнары да мықты болып келеді.  Оны  дайындау үшін үлкендеу    кастрюльге су құйып қайнатамыз. Су қайнаған кезде, екінші бір  кішкене кастрюльге сауып әкелген уызды сүзіп, құйып, қайнап жатырған суы бар үлкен кастрюль ішіне саламыз. Сонда уыздың түбі қатпай,  әдемі болып, піскен кезде ыдысқа ойып алып салуға болатындай болады, бұл уыздың қатқаны.  Мұны уыз қатыру дейді. Уыз дастарқанға да қойылады, кейде малдың «желін садақасы» деп көршілерге ауыз тигіземіз.

Дайындық  барысында ертеңгі күнге наурыз көжеге қосуға бидай түйеміз. Оны ағаш келіге де, темір келіге де түюге болады. Бидайды түймес бұрын тас-қоқымынан тазалайтын едік. Түю үшін бидайды аздап сумен шылап аламыз. Сол кезде бидай жақсы түйіліп, қауызы түйгенде жақсы ажырайды. Қауызын ұшырамыз. Әбден қауызын ұшырып болған соң, қазанға саламыз. Бидай қосылған наурыз көже әрі тәтті, әрі тойымды болады. Еттің сорпасын да маңызды ете түседі.

Наурыз көжені дайындау кезінде қазанға жеті түрлі дәм саламыз. Су, ет, тұз, бидай, еттің наны, аздап сүт, құрт қосамыз. Наурыз көже бұл күні барлық үйде асылады. Үлкендеріміз: «Бұл күні көже асылмаса да, от үстінде қазанда қара су болса да қайнау керек» деп айтып отыратын.

14 наурыз күні таңертең ерте тұрып, ошақтың  күлін алып, отты жағып, қазанға  толтыра су құйып, бар дәмдімізді   саламыз. Қазақта «қазаның ортаймасын» деген сөз бар ғой.  Бұл біздің ырыс-несібеміз мол болсын деген ниетпен істеледі.  

Ұйқыдан тұрған отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір – біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Бетін түрлі тағамға толтырып қоямыз.   Таң ата көршілерден бастап көрісеміз. Бәрінің де үйлерінде қазандары толып, қайнап жатады.   Бұл жыл бойы дастарханымыз мол болсын деген тілегіміз еді. Таң атысымен бізге көрісуге  келгендер көрісіп, дастарханнан нан ауыз тиіп жатады. Әсіресе, бұл күні балалар үшін үлкен мереке болатын. Олар үй-үйді аралап, үлкендерге жаппай көрісетін. Келген балалардың қолдарына бауырсақ, құрт, конфет-печеньелерді үйіп-төгіп беріп жатамыз. Ал көже дайын болған кезде көршілердің үлкендерін көжеге шақырамыз, бір-біріміздің көжелерімізден ішеміз. Ал көже дайын болған кезде келгендер міндетті түрде көже ішеді. Көжені тойып, қалдырмай ішеді. Бұл «жыл бойы тоқ болайық» деген мағынаны білдіреді.

 Ауыл үлкендері «бұл күні қырық үйге көрісіп шығу керек» деп айтып отыратын.  Бұл жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым — қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.  Халықта  «Наурыз күні кімде-кім қырық адаммен көрісер болса, Алла тағала күнәларын кешіріп, дұға-тілектерін қабыл етер» деген де сенім болған.   

Үлкенді-кішілермен көріскенде, яғни қос қолды ұсынып көріседі. Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер жағы да құшақтасып, қол беріп, көрісіп жатады. Келіндер қайын атасына, қайнағаларына қол ұсынбайды, иіліп сәлем етеді. Бұл күні ақ тілектер ағытылады. Бұл күні барлық қателіктер кешіріледі, көңіл кірі өшіріледі.  Адамдар бір-біріне бар жақсылықтарды тілейді. Өкпе-реніштен сызат та қалмайды.

Қарап отырсақ, көрісу күнінде адамның бойындағы небір асыл қасиеттері көрінеді. Олар: сыйласа білу, үлкенді құрметтеу, ақылдылық, саналылық, көргенділік, тәрбиелілік.         

Міне, ата-бабаларымыз имандылыққа негіз салған осындай көрісу сияқты жақсы салт-дәстүрді сақтап, бізге жеткізді. Ал біздер бұл күннің қадір-қасиетін жастарға ұғындырып, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіре білуіміз керек.     

Музей қызметкерлері осы мақсаттарды жүзеге асыру мақсатында танымдық шара барысында этнографиялық қойылым көрсетеді.  Олар ертедегі Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық Тәңірісі – Ұмай ана, Қыдыр баба, Үтбике, Әзмырза атты мифологиялық кейіпкерлерді сомдап, шараның танымдық бағытын арттыра түседі.  Рөлдерді сомдауда А.Сарыбай, М.Буханова, А.Тұралиева, (А.Қалмағамбетов), Н.Нұртазина, Е.Сүйеуов, Б.Есіркепов, А.Ертеміровтер үлкен шеберлік танытты. Көрермендерге қойылым мазмұнын жеткізе білді.

Музей ісіндегі сақталған дағды бойынша бұл этнографиялық қойылым барысында «Көрісу», «Бұлақтың көзін ашу», «Аластау», «Қыдыр атаны күту»,   «Ұйқыашар», «Селт еткізер» т.б. Наурызға байланысты салт-дәстүрлер көрсетіліп, әдет – ғұрыптар жасалды. 

«Наурыз – ұлт құндылықтарының бастауы» тақырыбындағы ұлттық тағамдар көрмесі келушілер назарына ұсынылды. Көрмеге қазақтың ұлттық тағамдары: тары, талқан, бидай, сары май, қаймақ, шұбат, сүзбе, қазақы ет қойдың басымен, айран, жент, сүт, бауырсақ, жеті нан, Наурыз көже т.б. қойылды. Көрме бойынша экскурсия жүргізіліп,   ұлттық тағамдардың, Наурыз көженің құндылығы туралы жан – жақты айтып берді. Қызықты сәттің бірі - «Асық ату», «Арқан тартыс»,  «Қол күрес», «Сақина жасыру», «Бес тас», «Тақия тастамақ» ұлттық ойындары ойнатылды.

Осындай шара барысында Ақтөбе қаласы «Болашақ» ауданы балалар және жасөспірімдер шығармашылық Үйінің оқушылары Ержанова Айнагүл Жұмаханқызының жетекшілігімен А.Еңсеповтің «Балбұлақ», С.Құсайыновтың «Мереке» күйлерін нақышына келтіріп орындап, үлкендерден «Наурыз бата» алды.

Шараға мәдениет және музей қызметкерлері, Ақтөбе кооперативтік, көлік және коммуникация колледжінің студенттері мен оқытушылары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Музейдің ғимараты апатты жағдайда тұрған кезде де музей қызметкерлері С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде, облыс колледждері мен мектептерінде, облыстық кітапханада этнографиялық қойылымдар қойылып, дәрістер оқып отырды. Музей есігінің жабық болуы қызметкерлердің көпшілікпен жұмыс жасауына еш кедергі бола алмады.

Бүгінгі күні жаңа ғимаратқа орналасқан музей қызметкерлерінің алдына қойған мақсаттары жоспарлы түрде жүзеге асуда.

Музей қызметкерлері  Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық бағдарламасын жүзеге асыруда, ұлттық құндылықтарды насихаттауда тынымсыз еңбектеніп келеді.

    

     

Алмагүл САРЫБАЙ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі

1940 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper