Анонс


Жаңаөзендегі музейдің жағдайы сын көтермейді (ФОТО)

Сәрсенбі, 17 Тамыз 2016 02:06
Жаңаөзен музейі
Жаңаөзен музейі KAZMUSEUM.KZ -  

Көптен жоспарымда жүрген, жақында Жаңаөзен қаласының музейіне арнайы барудың сәті түсті. Он бес жыл бұрын бірінші рет барғам, ол кезде төменгі кластың оқушысымын. Енді біліп жатырмын, бұл тіпті жеке өз алдына музей де емес екен, Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ғана.

Кейінгі жылдары Қазақ Елінің барлық өлкесіндегі музейлерді аралап, сондай-ақ Берлин, Мәскеу, Познань, Стамбул қалаларындағы ірі-ірі музейлер мен арнайы бір сала бойынша жасақталған және жеке тұлғалардың музей-үйлерін көріп, танысып келемін. Сондықтан туған қалам Жаңаөзенімнің қуықтай ғимаратта орналасқан «музей» деп көрсетуге ыңғайсыз, тым жұтаң «тарихи-танымдық қызмет атқаратын ғылыми, мәдени мекесін» көргенде, қатты қорсындым, ызаландым, жаным ауырды. «Сіздерге осы да жарайды» дегендей көрінді.

Музей қызметкерлері Айжан Иманова мен Айзада Едігеева музейдің тарихын, қазіргі жағдайын толық таныстырды. 1993 жылы 26 мамыр күні облыс әкімінің шешімі бойынша Жаңаөзен қаласында облыстық музей филалының ашылуы жөнінде қаулысы шыққан. Араға екі жыл салып, 1995 жылы 9 мамыр күні Жаңаөзен қаласының сол кездегі әкімі Машани Әбілханов пен музей меңгерушісі Әмірстан Байтұровтың ықпалымен ескі кітапхана ғимаратынан музей үйі ашылды. Музейдің жалпы толықтай алаңы – 0,1872 га. Ғимараттың сыртқы көлемінің ұзындығы – 27,4, ені – 12 м. Музейде үш-ақ бөлім бар, оның екеуі мұнайшылар залы (біріншісінің ұзындығы – 14 м., ені – 3,8 м.; екіншінің ұзындығы – 8,4 м., ені – 5,6 м.), үшіншісі – этнография залы (ұзындығы – 11,5 м., ені – 7,6 м.) Ғимараттың жалпы көлемі – 58,25 шаршы метр.

2010-2011 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көрме залдары жасақталған. Қазіргі таңда музейде жеті жүзден астам жәдігер тіркелген екен. Жасыратын несі бар? Оның көбі – фотосуреттер көрмесі: қаланың көрнекті орындары... Алғашқы мұнай-газ барлаушыларының, геологтардың, ардагер мұнайшылардың ерен еңбектері мен алғашқы мұнай кен орындарының ашылу тарихи туралы мағұлматтар...

Этнография залында киіз үйдің жасау-жабдықтары, ұлттық қолөнер, зергерлік, тұрмыстық бұйымдар қойылған. Бірақ сіз қазақтың киіз үйінің ең озық үлгісі мен ежелгі нұсқасына ең жақыны – Маңғыстауда ғана сақталғанын білесіз бе?! Онда неге бүгінгі өндірістік өлкенің қалада өскен балалары, ең болмаса, музейде киіз үй жабдықтарымен ғана емес, тұтас киіз үйдің өзімен танысуына мүмкіндігі жоқ?! Әйтпесе, қазір той-садақаларда «тігілетін» киіз үй үлгісінде темірден құрастырылып, жылдам жиналатын темір үйлер – қазақтың киіз үйін, ағаш үйін жас ұрпақ санасынан ұмыттыруға да айналды. Бұл – бір ғана мысал. Ал, Қазақ Елінің тарихи-мәдени мұраларының 70%-ы Маңғыстау өлкесіне тиесілі екенін ескерсек, біз айтып отырған «тарихи-өлкетану музейінде» ондай құндылықтар қамтылмаған. Ең болмаса, тарихи жәдігерліктердің музейге арналған көшірмелерін жасатып, экспонаттар санын арттыра беруге болады ғой. Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ауған соғысының ардагерлері, Жаңаөзен қаласының инфрақұрылымдық дамуы, өнері мен мәдениеті туралы бұрыштар жасақталған, бірақ ол да көңілден шықпайды. 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы деректер, фотолар, құжаттар да қойылуы керек. Арнайы экрандар орнатылып, Жаңаөзен қаласының әр жылдардағы көрінісі видео ролик, фото лента күйінде көрсетіліп тұруы керек. Сондай-ақ қалада өмір сүрген белгілі тұлғалардың жеке бұрыштары да ашылса...

Тоқ етерін айтсақ, Жаңаөзен қаласының музейі кеңейтіліп, арнайы жаңа ғимарат салынып немесе көшіріліп, толықтай қайта жабдықталуы, жасақталуы керек! Онда тек өндіріс қана емес, барлық сала қамтылуы тиіс! Ол үшін облыс, қала басшылығы тарапынан қолдау көрсетіліп, әр әлеуметтік салалар өз тарихын түгендеп, музейге ұсынуы қажет. Жаңаөзеннің барлық баласы өз қаласының тарихын білсін!

Осы мәселені жаза отырып, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың назарын аудартқымыз келеді. Бұл ұсыныстарымызды жүзеге асыруға жауапты тұлғалар жеке өзімізге хабарласса, толығырақ, нақты не істеу керектігі жөнінде қосымша идеялар ұсынып, өзіміз де бірлесе жұмыстануға ниеттіміз.

Бақтыбай ЖАЙЛАУ,

Ақтау қаласы

3881 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper