Анонс


Айша бибі кесенесі жайында

Сейсенбі, 15 Маусым 2021 01:29
Айша бибі кесенесі жайында KAZMUSEUM.KZ -  

Ғасырдан ғасырға жалғасып,атадан  балаға мирас болып келе  жатқан   тарихи мұраларымыздың ұлттық мәдениетімізден алар орыны жоғары.Тасын түртсең  тарихынан сыр шертетін Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ерекше мәдени  мұраға  бай тарихи географиялық аймақ болып таныламыз. Қасиетті Жамбыл жерінде тарихы тереңнен басталып, аңызы мен ақиқаты ұштасып жататын әулиелі жерлер мен кесенелер көп. Олардың барлығы да көне заманның күмбіріндей күй толғап, өңірдің сән-салтанатын келтіріп тұр.

Солардың арасынан бірінші тілге тиек болатыны  орта ғасырдың інжу-маржаны,киелі шаһарымыздың діни ескерткіштерінің бірі, ХІ-ХІІ ғасырлармен мерзімделетін сәулет өнерінің үздік нұсқасы Айша бибі кесенесі. Тараз қаласынан 18 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан.  Біздің ғажап өлкемізге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің  Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді.

Орталық Азия мен Қазақстандағы  өн бойы ою - өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш.Ескерткіш  Ахмет Яссауидің шәкірті әрі ақын, әрі әйгілі ғалым Хакім Сүлеймен Бақырғани мен Әнуар бегімнің қызы Айша бибінің мәңгілік жер бесігінің үстіне тұрғызылған. Кесенені Қарахан өзінің сүйіктісі Айша бибіге арнап салдырғаны бізге мәлім. Кесенені тұрғызған шеберлердің қайталанбас өнер туындысы саналатын ескерткіштің салыну тарихы және оны салған тұлғалар туралы ресми мәліметтер жоқ, тек ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер қалған. Әр аңыз өзінше ерекшеленеді. Бірақ бәріне ортақ кейіпкер көркіне көз тоймайтын көркем Айша туралы аңыздардың 28 түрлі нұсқасы бар.

 Халық ауызында жиі айтылып жүрген  аңыздардың біріне тоқталсақ: Айша сұлу Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін бірі ұнатқан екі жас бас қосып өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін, жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді.Дегенмен Айшаның әкесі ғашықтардың қосылуына қарсы болады. Дегенмен күте-күте шыдамы таусылған Айша ата-анасының қарсылығына қарамастан  Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Бабаджа хатунды ертіп,  жолға шығады. Ислам шариғаты бойынша жалпы түрік дәстүріне сай  қыз бала өздігінен жігіттің артынан бармаған. Ал мынандай  жағдайда әрине ата-анасы қарсы болады. Алайда ғашықтарға кездесу жазбапты.

  Айша сұлу сол кездегі әлеуетті Қарахан империясы билеушісі Шах Махмуд Қараханмен кездесу үшін іңкәрлік сапарына шығып Таразға келе жатады. Қос қорғанды, құдіретті қалаға таяу қалғанда Айша ару аяқ суытып, жуынып – шайыну үшін қала іргесіндегі Аса өзеніне таяу жатқан Әулие бұлақ атты су көзінің жағасында аялдайды. Сол жерде қапыдан жеткен қауіптің тырнағына ілініп, сәукеленің ішіне кіріп алған  даланың улы жыланы шағып,  денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейі ол қызды алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның  құлағына: «Айша сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді.Азалы сәттің ауыр салмағынан жан-дүниесі жаралы болған жас баһадүр Қарахан Айшаны сол маңға арулап жерлеп, жас қабірдің басына адалдық белгісі ретінде махаббат күмбезі ретінде әсем кесенені тұрғызған деседі.

 Мазар сырты ерекше қапталған, оны тек Бұхарадағы Исмаил Самани мазарымен ғана салыстыруға болады. Жалпы, тарихи кесененің құрылысы жайлы нақты деректер жоқ. Айша бибі кесенесі  62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкеріліп, әр қилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын,түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы  өрнектерге бай.

 Сондықтан, Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою өрнегін  сақтаған мұражай іспетті. Қошқармүйіз, жапырақ, қыңырмүйіз, қазмойын, бітпес, жауқазын, құсқанат,төртқұлақ. Композициялық  ою-өрнектің барлық түрін  осы кесенеден көруімізге болады.

 Ескерткішті қалаған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таң қалдырады. Сегіз сәулелі жұлдыз орта ғасырлардағы ғылымның тілі болған араб тілінде бұл таңба «руб әл-хизб» ислам символы немесе «Оғызханның жұлдызы»деп аталады.Араб  тілінен  аударғанда хизбаның  төрттен бір бөлігі деген мағынаны  білдіреді ( бұл бөлу жүйесінің негізгі мақсаты-Құранды оқуды жеңілдету.)  Арабта 8 саны ^ былай жазылады. Көне заман адамдары сегіз санын сенімділіктің, өркендеу, шыңдалудың шыңы деп есептеген. Сегіз санының құпиясы әлемдегі мәңгілік үздіксіз қозғалысты білдіреді.Қарахан мемлекеті тұсында сопылық ілім айрықша дами түсіп, жарық дүниеден баз кешкен  сопы дәруіштер көбейіп, діни мешіттер көптеп салынуының әсерінен осындай белгілерге көп көңіл бөлінді. Жәннаттың 8 қақпасы (қызыл жақұт, күміс, зумруд, лағыл, гауһар, нұр, зүбаржат, алтын). Қарахан кесенесінің ішкі құрылымы да сегіз бұрыштан тұрады. Археологиялық қазбалар көрсеткендей, бұл ғимаратты өрлеу кезінде  30 түрлі өрнекті қыш кірпіштер пайдаланылған. Кесененің шығыс жағында минаретке   жоғары шығатын баспалдақ бар. Баспалдақтың жетінші қатарына  көтерілгенде екі жағында Х ғасырдан сақталған үш  оюлы кірпіш қаланып, сол кірпішке ойылып салынған «шексіздік» белгісін көреміз.Аллаға құрмет шексіз болу керек деген мағына береді.

 Қазіргі кезде сегіз сәулелі жұлдыз  өткеннің ескерткіші ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің ажарын ашатын рухани құндылық ретінде тарихи өлкеміздің логотипіне айналып үлгерді. 

Колонналардың  жоғарғы жағы ваза түрінде  жасалған. Бұрыш колонналары, жоғары қарай сүйірлене  жасалған белдеушелері өсімдік гүлді  оюлармен  өрнектелген терракот қыш тақталардың 18-ші қаламында:( 3,4м) биікте арабтың куфа әріптерімен оюланған  «Күз ...бұлттар...жер ғажайып...» деген тылсым сөздер жазылған.Кесене құрылысына антисейсмикалық мақсатта арша ағашы  пайдаланылған.

Кесене құрылысын 1897 жылы В. Каллаур, 1938-1939 жылдары А. Бернштам бастаған КСРО ҒА Қа­зақ филиалының тарих және материалдық мәдениет экспедициясы, 1953 жылы Қазақстан Ғы­лым академиясының экспедициясы зерттеген. Айша бибі кесенесі біздің дәуірімізге жартылай қираған қалпында жетті.

Ғасырлар тереңінен біздің заманымызға дейін кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен.1979 жылы сақталған кесене қабырғаларын жауын шашыннан қорғау мақсатында әйнекті жабумен жабылды. Қаншама жылдар бойы археологтар, сәулетшілер, жаңғыртушы-реставраторлар кесенені қайта жаңғырту туралы пікірталас жүргізді. 2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ қайта жаңғырту» мекемесінің   Түркістан филиалы мамандары  үш жыл ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 2005 жылдың көктем айында алғашқы қайталанбас көз қуантарлық ғажап келбетіне енді.Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы қарсаңында 2005жылы қазақ елінің тұңғыш президенті елбасы Н.Ә.Назарбаев қайта жаңғырған ұлт мұрасының інжу маржанына айналған кесенені салтанатпен ашты.

Жауын шайып, жел мүжіп, уақыт өз белгісін салғанымен бір - бірін шынайы сүйген ғашықтардың махаббатының өшпес белгісіндей болып тұр. Өмірінің соңында өзін Айша кесенесі көрініп тұратын жерге жерлеуін аманат еткен.

Бүгінде Елбасының  2017 жылғы  «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.

                    

Ләйлә Тілепалдиева,  « Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық - музейінің   ғылыми қызметкері

269 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper