Анонс


Өрнек қалашығы - Талас өңірінің таңғажайып құрылысы

Сейсенбі, 15 Маусым 2021 01:35
Өрнек қалашығы - Талас өңірінің таңғажайып құрылысы KAZMUSEUM.KZ -  

Өрнек қалашығы - Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылының аумағындағы Сұлутөр шатқалында орналасқан. Ортағасырларда негізі қаланған қалашық түркі дәуіріндегі қала мәдениетінің ірі орталықтарының біріне жатады. Алғашында тайпалық қоныс болып кейін бірте-бірте ауқым кеңейген қалашық Қарахан хандығы тұсында қалалық-әкімшілік орталық болған. Ұлы Жібек жолымен халықаралық сауда-саттық жасау есебінен қалашық X-XII ғасырларда өзінің шарықтау шегіне жетті.

Өрнек қалашығы жайындағы мәліметтер араб жылнамашысы Ибн Хордадбек пен Құдама құрастырған жол картасына да белгіленген. Араб тарихшылары Өрнек қаласын Касрибас, Құлшуб және Жұлшуб сынды қалашықтармен бірге Тараз, Төменгі Барсхан және Құлан секілді ірі қалалардың маңында орналасқанын көрсетеді. Дегенмен аталмыш картада Өрнек атауы нақты көрсетілмегендіктен ғалымдар бұл қалашықтың сол кезде қарлұқтардың феодалдарының иелегіндегі Құлшұб қалашығы ретінде картаға енуі мүмкін екендігін алға тартады. Әрі бұл болжам толықтай шындыққа жанасады. Өйткені осы маңнан табылған заттай деректер қаланың тайпалық тұрақты қоныстың орнына пайда болғандығын растайды.

Өз заманында Өрнек ірі сауда орталығы болып қана қоймай ірі қала мәдениет шоғырланған өңір ретінде де танылған. Мұнда жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары алтын жууға арналған арнайы орындарын тапты. Өз кезегінде бұл фактілер Өрнек қалашығының аса дәулетті қала жұрты болғанын айғақтай түседі. Сондай-ақ бұл қала сол дәуірдегі отыршылық мәдениеттің озық үлгісі деп тануға болады. Өйткені мұнда көшпелі емес мәдени дамудың элементтерін көптеп кездестіруге болады.

Қалашық тарихшылармен 1985 жылдан зерттеліп келеді. Алғашында мұнда Жамбыл облыстық өлкетану мұражайының зерттеушілер тобы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізсе, бір жылдан соң академик Карл Байпақова бастаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты зерттеу жасады.

Қазба жұмыстары барысында төртбұрыш алаңға ұқсас бағдарлы бұрыштары төрт жаққа бағытталған қаланың орталық бөлігі табылды.Қоршап тұрған дуалының қырымен есептегенде оның өлшемдері –155×160 м. Дуалдың сақталған биіктігі– 5 м,  eні 11–15 м. Қабырғаның бұрыштары: солтүстік-шығыс жағында олардың саны 7 (бұрыштағыларын қоса санағанда), солтүстік-батысында – 6, оңтүстік-шығысында –9, оң түстік-батысында – 9. Төрт жағының əркайсысында дуалдың жырығы тəріздес қалаға кipeтiн жер байқалады. Қақпалары қаланың ортасында түйісетін жолдармен біріккен. Қаланың солтүстік-батыс қабырғасының түбінде жəне оңтүстік бұрышында сопақша келген төбешіктер байқалады. Тікбұрышты жайпақ төбе солтүстік-шығыс қабырғаға жаңасқан. Қаланың ортасында, солтүстік-батыс қабырғасына жақын жерде, су жиналатын хауздардың бip-бipiмен жалғастырылған, жобасында дөңгелек үш шұңқыры орналасқан.

 Археологиялық қазба жұмыстары барысында мешіттің орны табылған. Мешіт X-XII ғғ. мерзімделінеді. Мешіттің жанында жолға қарама-қарсы жағында қазбалар кезінде тұрғын үй қалдықтары ашылғaн. Оның қабырғаларының іргелері тастан қыш ерітіндісінде қаланған. Үй жобасы тікбұрышты, бip бөлмелі. Қабырғаларының сыртқы жиегі бойынша үйдің өлшемдері 8×7 м. Қабырғаларының қалындығы 0,8×0,9 м, сақталған биіктігі 0,5 м. Үйінің жалғыз бөлмесінің жобасы Г тəріздес жалпы ауданы 20,5 шаршы метр және де көптеген керамикалық ыдыстар табылды. Керамика X–XIII ғасырлардың басшенімен мерзімделеді. Шыныдан жасалған бұйымдардың сынықтары да табылған.

 Қазба жұмыстарының барысында eкi əртүрлі кезеңдердегі құрылыстар табылған. Олардың үстіңгісі – бip бөлігі жылғамен бұзылған мазардың қалдықтары.  Мазар жарыққа қарай бағытталған, шаршы тəрізді пішінге ие. Мазар сазкірпіштің лақаттарынан салынған ұжымдық қабірлеу үшін пайдаланылған.  Қазба жұмыстарының стратиграфиясын зерттеу барысында мазар мен қабірлеу төменіректеу салынған және қыш жасайтын шеберхананы қиратқандығы анықталды. Оның қалдықтары күймей қалған қыш сынықтарынан байқалады. Шеберханаға жүргізілген қазба жұмыстарының нəтижесінде хұм, қазан, құмыра, сапты аяқтар және қыштан жасалған бұйымдардың қалдықтары табылды.

 Әлбетте қалашықтың қалыптасуы мен даму тарихында Ұлы жібек жолының маңызы жоғары екендігі даусыз. Күре жолдың бойында орналасқан Өрнек қалашығы да заманында ерсілі-қарсылы ағылған жиханкездер мен саудагерлердің ат басын тірейтін тұрақты мекені болған. Талай тарихи оқиғалар мен тақ таласының, жойқын соғыстардың куәгері болған ескерткіш тарихымыздың баға жетпес қазынасы болып табылады.

 

Ұлжалғас Шаизханқызы, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері

249 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper