Анонс


Ахат Шәкәрімұлының шығармалары жинақ болып жарыққа шықты

Сенбі, 23 Қаңтар 2021 00:34
Ахат Шәкәрімұлының шығармалары жинақ болып жарыққа шықты KAZMUSEUM.KZ -  

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде ұстаз, ақын Ахат Шәкәрімұлының 120 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» жинағының таныстырылымы өтті.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ғылыми концепциясының жеті бағытының бірі концептуалды бағыт деп аталады. Осы концептуалды бағыт аясында Абай музейіне тікелей қатысы бар тұлғалардың мұрасын қорда бар деректермен толықтырып шығару жәнемонографиялар мен ғылыми зерттеулер жазу жоспарланған болатын. Бұл бағыт музейдің ғылыми концепциясы аясында жүргізіліп жатқан жүйелі-кешенді зерттеу жұмыстардың аса арналы саласы. Міне, осы қолға алынған концептуалды бағыт бойынша Ахат Шәкәрімұлының шығармаларының бір томдық жинағы жарық көрді.

Музей директоры Тұрдықұл Шаңбай: «Бұлжинақ негізінен Ахат Шәкәрімұлының зайыбы Бәтима Жакенованың Абай музейіне өткізген материалдары негізінде дайындалды. Жинақта ақынның өлеңдері мен поэмалары және естеліктері берілген. Ахат Шәкәрімұлының поэзиясы жанрлық тұрғыдан да тынысы кең. Оны ақын өлеңдерінің тақырыптық-мазмұндық молдығы, поэмаларының эпикалық ауқымы көрсетеді.

Сонымен қатар, Ахат ақсақалдың естеліктері хакім Абай, данышпан Шәкәрім және Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына шынайы сәуле түсіретін терең тарихи мазмұнымен де өзгешеленеді», –  дейді.

Ұзақ жылдар ұстаз болып еңбек еткен тұлғаның мол мұрасы қазақ елінің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде алар орны ерекше болмақ.

«Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» кітабының тұсаукесер рәсіміне Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Мәулітқызы Аққожина,тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Зекенұлы Сабырбаев, Қазақстан Жазушылар Одағы Семей өңірі филиалының төрағасы Мерей Қарт қонақ ретінде қатысты.

«Ахат Шәкәрімұлы. Шығармалары» бір томдық жинағына алғы сөз жазып, жалпы редакцияны басқарған – Абай музейінің директоры Тұрдықұл Қасенұлы Шаңбай. Жинақты құрастырып, түсініктемесін дайындаған Абай музейінің аға ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі – Гүлназ Талғатқызы Бейсембинова.

Бұл кітап «Жәрдем» баспа компаниясынан жарық көрді. Кітап 448 беттен тұрады. 

151 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper