Анонс


Орта ғасырдағы балалар ойыншығы туралы не білеміз?

Сәрсенбі, 14 Тамыз 2019 02:09
Орта ғасырдағы балалар ойыншығы туралы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Ортағасырлардағы балалар әлемі, яғни өмірі мен олардың қызығушылықтары ғылыми еңбектерде көп айтыла бермейді. Сол уақыттағы ойындар мен ойыншықтар туралы мәліметті көркемсурет миниатюралар мен археологиялық жәдігерлерден ғана көре аламыз. Оғыздардың астанасы болған Жанкент шаһарынан табылған ойыншық-ат қазіргі таңдағы балалар педагогикасы мен психологиясы, қолөнершілер үшін де таптырмайтын олжа болып отыр. Қазақ халқында «Баланы ойын өсіреді» деген даналық сөз бар. Бала ойнап жүріп ойланады, көңілі өсіп, ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, дәстүр жайлы танымы қалыптасады.

Тарихи дәуірлерді бойлай ойын мен ойыншық адамзаттың рухани мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Олар - қоршаған орта, табиғат, адам туралы қалыптасқан ойдың айнасы. Ат бейнесіндегі ойыншықтар ортағасырларда балалар арасында үлкен сұранысқа ие болғанға ұқсайды. Қанша ғасыр өтсе де ер балалардың таңдауы ойыншықтың осы бір түріне түседі. Қандай заманда болмасын ер балалар батырлар ерлігін үлгі етіп, сол уақыттағы ердің қанаты болған атты дәріптеп, ой-қиялына ерік беру үшін ойыншық-атпен ойнаған. Ойыншықтар - адамзат қолынан шыққан декоративті қолөнердің бастауында болған десек, қателеспейміз. Сыр өңіріндегі ортағасырлық Жанкент қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінен табылған ойыншық-ат осының дәлелі.  Ойыншық-ат Х-ХІ ғғ. мерзімделеді.

М.Г.Рабинович бастаған ғалымдардың классификациясы бойынша саз ойыншықтар бейнелеу ойыншықтары (жануарлардың зооморфты бейнесі т.б.), ермек ойыншықтар (ысқырық-құстар, сылдырмақтар т.б.) және еліктеу ойыншықтары – имитация (мыс., балалар ойыншығы мен үй жиһаздары т.б.)  болып, 3 топқа бөлінеді. Ортағасырлық ойыншық-ат жылқы малының зооморфты бейнесін бейнелегендіктен бейнелеу ойыншықтар қатарына жатқызылады.

Ат бейнесіндегі ойыншықтардың балалар арасында кең етек алуы сол уақыттағы ел мен жер үшін болған шайқастардың нәтижесі. Ата-ана, туған-туыс тарапынан құлақтарына күнде сіңіріп отырған батырлар ерлігін қайталап, жаумен шайқасты көрсету үшін ойыншық-аттар пайдаланылған. Сол себепті де, ер балалардың ең сүйікті ойыншықтарына айналған.

Жануар бейнесіндегі бұйымдар жануардың шынайы бейнесін не болмаса мифтік образын береді. Музей экспозициясында орын алған ат бейнесіндегі бұйымды сол уақыттағы наным-сенімді білдіретін культтік бұйым немесе керамикалық ыдыстың қақпақтарында кездесетін жануартектес тұтқа болуы мүмкін деген тұжырым болған. Дегенмен,  Жанкент қалашығынан табылған ат бейнесіндегі бұйымға салынған ер жоғарыдағы тұжырымды жоққа шығарды. Көп жағдайда культтік сакралды бұйымдар нәзік әрі әсем жасалынады, қолға үйретілген жылқыны емес, даланың еркін жануарын бейнелейді. Ал, «қақпақ тұтқасы» деуге де бұйымның белі астынан саусақты сала көтеретін тұсының төмен орналасуы  және үстіндегі жапсырма ері кедергі жасады. Атқа қосымша жабыстырылған ер екі нұсқаны жоққа шығарып, ортағасырлардағы балалар ойнаған ойыншық-ат деген тұжырымды алға шығарды. Ерттелген ойыншық-ат керамикадан жасалынған, бала қолынан шыққанға ұқсайды. Дәулетті, орта және төмен тұрмысты ортадан шыққан балалардың ойыншығы да сәйкесінше сапасы, көлемі, безендіруі жағынан әрқилы болған. Аталмыш ойыншық тұрмысы төмен ортадан шыққан баланың өз қолымен жасаған бұйымы болса керек. Ойыншық-ат Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қасиетті Қазақстан және археология» залы экспозициясында орналасқан. Сырт көзге кішкентай көрінген дүние қала қонақтары мен тұрғындарының қызығушылығын тудыруда.

Антикалық дәуірдің ойшылы Аристотель ойын мен ойыншықтың маңызына үңіле келе, ойыншықтың бала тәрбиесіндегі рөлін айрықша атап кетсе, Платон: «ойыншық - баланың ақыл-ойын қалыптастыратын және сынайтын дүние», - деген. Әр бала шынымен қызықты нәрсені және жаңа дағдыларды үйренуге ұмтылады. Ойыншықтардың мақсаты - балалардың үйлесімді дамуына көмектесу. Бұл ежелгі дәуірге де, біздің уақытқа да қатысты.

Оғыздар заманынан сыр шертетін «Дирсеханұлы Бұқашжан туралы жыр», «Қазан Салордың ауылын жау шапқаны туралы жыр», «Байбөрі баласы Бәмсі Байрақ туралы жыр», «Қазан бектің баласы Ораздың жауға қалай тұтқын болғаны туралы жыр», «Оғыз Қазылық баласы Иекенк», «Бекіл ұлы Эмран батыр туралы жырларын»  естіп өскен бала Баяндүр ханның әділдігіне, Қорқыт бабаның көсемдігі мен данышпандығына, Ораз, Басат, Қан Төрәлі, ағайынды Екрек мен Секрек батырлардың ерлігіне еліктемей өспеді деп ойлаймын. Гәуірлермен (кәпірлермен) шайқасқан оғыз батырларының ерлігі және олардың шабандоз аттары (жылқы) асқақтап, ауыздан ауызға жыр боп тарап, ер балалар ойынының да басты кейіпкері болғанға ұқсайды. Оғыздарға жүздеген жылдар бойы астана болған Жанкент шаһары VІІ - ХІV ғасырларда өмір сүрген.  1219 жылы Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ қалаларының қирауына моңғол шапқыншылығы қатты әсер етті. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі. Дегенмен, Жанкент қаласы ХІV ғасырда сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтерілді. Сыр бойындағы тарихы терең қалалардың бірі – Жанкент қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Түркі дүниесінің ұлы абызы Қорқыт баба және басқа да оғыз хандары өмір сүрген Қазалы аймағында орналасқан ортағасырлық алып қаладан оғыз мәдениетінен мәлімет беретін балаларға (жастар) қатысты археологиялық олжалар (ойыншықтар коллекциясы) шығады деген үміттеміз.

 

Әйгерім Беккулиева,

Қызылорда облыстық музейінің бөлім меңгерушісі

3839 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper