Анонс


Тасқа таңба басқандай кенеп әлемі (ФОТО)

Сейсенбі, 07 Қараша 2017 12:07
Тасқа таңба басқандай кенеп әлемі (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Заманауи қазақ бейнелеу өнерінде көне жартастарда, түрлі түркі таңбалары мен аңызға айналған бейнелердің қолданылуы кездейсоқ емес. 20 ғасырдың 90-шы жылдарындағы суретшілер дәл осындай өнер түрін шығармаларына арқау еткен болатын. Оның бастамасын 60 жылғы суретшілер қатары  Әбдірашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғызбаев, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев бастаған болса, осы тенденцияны жалғастырып, ары қарай дамытқан 70-90 жылдары тағы бір бой көтерген суретшілер буыны  Ерболат Төлепбай, Дулат Алиев, Амандос Ақанаев, Асқар Есдаулетов, Бақыт Бапишев, Қуат Асқаров, Бактыбек Талкамбаев және т.б.

Осы кезеңде өзінің таңбалық кескіндемесімен ерекше көзге түскен қаламгер иесі - Әбдірашит Сыдыханов. Қылқалам шебері қазақ бейнелеу өнерінің аса көрнекті өкілі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің кавалері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Әбдірашит Аронұлы Сыдыхановтың (1937-2011)   туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Соған орай, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі суретшінің мерейтойына арнап 100-ден аса туындыларынан құрылған жеке шығармашылық көрмесін ұсынуда.

         Әбдірашит Сыдыхановтың шығармашылық жолы 60-шы жылдардың ортасында басталды. Кескіндемеші Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, «Қазақфильмге» суретші қызметіне келеді. Сол уақыт аралығында ол өзінің рухына жақын «алпысыншы жылғылар» деп аталатын қазақ суретшілерінің тобына қосылады. Алпысыншы жылғы суретшілер – бұл 20 ғасырдың 60-жылдарының соңында қалыптасқан Қазақстан бейнелеу өнеріндегі ерекше ағым. Олар академиялық және идеологиялық ережелерге бағынбай, көркемөнер мектебінің ұлттық қағидаларын құруға әуестенгендер болатын.

         Кинода жұмыс істеуден бөлек, Әбдірашит Сыдыханов қондырғылы кескіндемемен де айналысады. 70-ші жылдардың басында Сыдыхановтың батыстық мәнерде орындалған реалистік бірнеше туындылары жарыққа шығады: «Темекі жинауда» (1971), «Тоғызыншы ықшам аудан» (1972), «Ақындар дауысы» (1969), «Көтерілгендер» Триптихы (1916) және «Алма жинау» (1973). Бұл туындылар қазіргі уақытта Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің тұрақты экспозициясында 60-жылдықтар ағымының жарқын мысалы ретінде көрсетілуде.

         Кейіннен, 90 жылдардан бастап қаламгер өзінің бейнелеудегі стилін өзгертеді. Оны қазақтың рулық белгілері – таңбалар қызықтыра бастайды. Рулық белгілерді зерттей отырып, бір қарағанда өте қарапайым белгілердің астарындағы аса маңызды тарихи және мәдени маңыздылығын түсініп, кенеп бетіне түсіре бастайды. Соның ішінде қазақтың таңбалық белгілері, аңызға айналған бейнелері суретшінің таңбалы кескіндемеге көшуіне негіз болады. Сыдыханов тәжірибесінде күрделі белгілерді қолдана бастайды. Ол өз жұмыстарына дәнді дақылдарды, бұршақтар мен жұмыртқа қабығын, сондай-ақ басқа да заттарды пайдалана отырып, аралас техниканы қолданысына енгізеді.

      Өнертанушы Ерғалиева Райхан Абдешқызымен сұхбатында: «Сурет әлемінде ең бастысы мен үшін түс», - дейді Әбдірашит Сыдыханов.

     Яғни, бейнелеу өнерінде бірінші кезекте әсер беретін, визуалды түрде эмоцияға бөлейтін, сезу мүмкіндігін беретін – түс. Кескіндемешінің түсі үлкен мағыналы символ рөлін атқаратын, адамды бастапқы кезеңмен, ата-тегімен және олардың ойлау қағидасымен үндестіретін хатқа айналып жатады. Бояу суретші үшін адамның жан-дүниесін, сезімдері мен ойын еркін бере алатын маңызды, әрі қажетті құрал.

   

      Жалпы суретшінің шығармашылығы, өнері өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленуде, қандай да бір стильде немесе жанрда жұмыс жасауда, ол ішкі толғанысын, ойы мен әсерін бейнелеумен шектеліп қана қоймайды, ол шығармашыл адамның қоршаған ортасы, отбасы, Отаны, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғалары да үлкен әсерін тигізеді. Соған сәйкес, қазақ елінде болған үлкен белесті қозғалыс 1986 жылғы оқиға, оның нәтижесі 1991 жылғы Тәуелсіз ҚР-ның дүниеге келуімен тамамдалады. Сол кезең барлық суретшілердің шығармашылығына септігін тигізді, халықтың тарихы мен дәстүріне деген қызығушылықтары арта түсті. Осы кезде М. Тынышпаевтың «Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдар» кітабы (1925 ж.) қайта басылып шығады, кейіннен репрессияға ұшыраған ғалым бұл кітабында қазақтың тарихын, оның ішінде рулық белгілерін – таңбаларды зерттейді. Суретші осы кітапты оқып, Л. Гумилев, П. Успенский еңбектерін зерделей бастайды. Ізденісін тереңдете келе Шығыс ілімдеріне, сопылық пен Ошоға, Дао мен Дзен философиясы кітаптарын оқи бастайды. Нәтижесінде, «Ай қасқыры» (1994), «Дзен таңбасы» (1996), «Белгі» (1990), «Дулат таңбасы» (1990), «Дзен бұқасы» (1990), «Арал» (1990), «Қобыз қыз» (1992), «Мәңгүрт белгісі» (1991), «Пайғамбар» (2002), «Күнбасты бала» (2002) және т.б. көптеген таңбалық шығармалары жарыққа шығады. Осылайша, А. Сыдыхановтың өнерінде шығармашылық шыңы таңбалау әдісін қолға алғаннан басталады. Дәл осы таңбалар арқылы ол өзінің ойын, қиялы мен сезімін, философиялық көзқарасын кенеп бетіне түсіріп отырды. Суретшінің ең басты құралы түс. Ол түстерді барынша еркін қолданады. Әрбір бейнелеген туындысындағы таңбалар шынайы, бастапқы түпнұсқа, өзгермеген таза қалпында сақталады. Соның әсерінен пайдаланған түстер таза, мөлдір болып келеді, сол арқылы қаламгер еркін демалады. Әр бейнелеген таңбаға, бейнеге сәйкес суретші оның тарихына, жалпы образына сәйкес түстерді қолданады.

    Мысалы, «Қорқыт - ата» (1992) белгісінде қаламгер аты аңызға айналған Қорқыт ата бейнесін үлкен философиялық мағынамен ұштастырады. Мәңгілік өмір - адам баласының аңсаған арманы. Туындыда Қорқыт аспанда, бейне бір шексіз ғаламда нар үсінде қылқобызымен әуендете қалықтап ұшып барады. Композицияның орталық бөлігінде орналасқан мөлдір-ашық түстермен берілген ақ сақалды әулие Қорқыт бақсы, мәңгілік символы ретінде берілген. Қолындағы қоңыр, қою-қызыл түсті қасиетті аспабы қылқобыз – сол әлемге жолдайтын жол, есігін ашатын кілт іспетті. Салалы саусақтарынан, алтын түсті нұрлы ішегінен  шыққан әуен – өкініш, қайғы, өмірдің уқытпен ғана өлшенетін қысқа жолы. Ал көкшіл-қара аспан, жылтылдаған ақ түспен түрткен нүктелі дақтар шоқ жұлдыздарды еске түсіретін тұңғиық әлем – шексіздік, өмірдің жалғасына айналған символ белгісі. Міне, бір ғана қарапайым  Қорқыт ата образын осындай күрделі композицияны құрастыру арқылы, оған мағыналы, қою түстерді бере отырып, ерекше өзіне ғана тән қолтаңбасымен шешеді.

     Ал, айдың күмістей шуақ шашқан сәулесінен киелі бір ғана көкшіл түстің әсерінен туындаған «Ай қасқыры» (1994) атты картинасын да суретші мағыналы мифологияға айналдырады. «Менің ием көкте! адамының да иесі сонда!» – деп аспанға қарап күңірене ұлыған, түркі елдерінің анасына айналған көк бөрінің аңызы баяндалып тұрғандай. Қылқалам шебері мұндағы композицияда көк бөріге басты назарды аударып, оны жер шарының иесі ретінде, бүкіл адам баласының бастамасы, әрі жалғастырушысы символына айналдырады. Аядағы шексіз ғажап әлем - суретшінің ұтымды пайдаланатын өзіндік мәнеріне жататын ерекшелігі. Оның қолданатын әр бейнесінің сол әлеммен жараса ұштасып жататыны, өзінше еркін өмір сүре алатын кеңістік – мәңгілік символы.

     Келесі «Бос қайық» (1998), «Қыз төсі» (2000), «Бос қайық» (2005), «Пайғамбар» (2002) атты туындыларында суретші бір түсті, бір үнді бозғылт- тұманды, ақшыл, мөлдір түстерге жүгінеді. Бұл туындыларда автор тыныштықпен, тұрақтылықпен жалғыз қалып үндеседі. Тоқтаусыз замырап бара жатқан уақытты сиқырлы қылқалам ұшымен бір ғана белгі беру арқылы жүзеге асырады.  Барлығы қайықпен баяу жүзіп келіп үнсіз тоқтап қалғандай. Міне, автордың тағы бір шеберлігі үзіліссіз айналып жатқан бар әлемді бір көрініспен тоқтату арқылы таңғажайып таныс белгілерімен кенептерінде басым қолданатын нүктелі бояуды шашып жіберіп, көңіл-күйді еріксіз баурап алуында.

      Автордың ойынша «суретшінің сенімділігі оның шығармашылығында, оның көркемдік потенциясында». Яғни, онда қазақ еліне, қазақи мәнерге тән, ауызша шығармашылығына, аңызына, қолданбалы-сәндік өнеріне сәйкес өмірді форма ретінде емес, қойылтылған, жанама есте сақтау сигнал, белгі ретінде беру болып табылады. Суретші мұнда бірде ойшыл философқа, зерттеуші ғалымға айналса, енді бірде медиум, шебер сиқыршы.

    «Сыдыханов бір сұхбатында: Матисс айтатын, суретшіде белгілер көп болған сайын, соғұрлым ол бай» деп, сондықтан суретшінің белгілеріне қарап, оның қаншалықты сезімге, өмірге деген көзқарасына, қиялының бай екеніне көз жеткізуге болады. Құдды бір өз ағымымен өмір сүріп жатқан ғалам, планета дерсің.

   «Өнер – тек рухани тәжірибе алуда бар салмақты көтеруде, тұрмыстан, дәстүрден, күнделікті өмірден тыс өмір сүрмейді. Ол барлық нәрсемен қарым-қатынаста жүреді». Әбдірашит Сыдыхановтың кенептері қайталанбас асыл дүние. Өнертанушы Баян Барманқұлова: «Шебердің кескіндемелік шешімдердің батылдығы қиялдарды дүрліктіреді, қайран қалдырады, өнеріне бас иетіндер санын арттырады. Ол қазақша акценті бар әлем адамы. Сайын даладағы алып бәйтерек» деп, суретшінінің өзін қазақ даласының аңызына теңейді. Әбдірашит Сыдыхановтың өнері, бірден танылатын өзіндік қолтаңбасы, ұлттық коды мәңгі қазақ бейнелеу өнерінің тарихында сақталады. Қазіргі таңда ұлттық жаңғыру құндылықтарымызды, рухани байлығымызды, ұлттық мәдениетімізді ұғыну, зерттеп бағалау кезек күттірмейтін маңызды іс. Терең мағынаға бай қазақ елінің аңыздары мен белгілерін кенеп бетінде жан бітірген суретшінің шығармашылығы өнер әлемінде қайталанбас дүние болып қала бермек.

 

 

Ақбота Ілиясжанқызы,

 өнертанушы, Ә. Қастеев атындағы МӨМ арт-менеджері

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Каталог. «А. Сыдыханов – 80 жыл» Мақала: Баян Барманқұлова.
  2. Архив. Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің кітапханасы. Сұхбат. (Р. Ерғалиева - А. Сыдыханов).
  3. Каталог. А. Сыдыханов. З. Сыдыханова.
3458 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper