Анонс


Ықылас музейінің қорына Ақан серінің домбырасы табысталды Таңдаулы

Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 19:38
Ықылас музейінің қорына Ақан серінің домбырасы табысталды KAZMUSEUM.KZ -  

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің концерт залында «Ақан сері домбырасы музей сахнасында» атты дәстүрлі концерт өтті.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің «Алтын ғасыры» аталған кезең ХІХ ғасыр – аты қазаққа мәшһүр Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Естай сынды өнер майталмандарын дүниеге келтірді. Соның ішінде Арқа сал-серілік өнері дегенде есімдері бірінші болып аталатын – Ақан сері мен Біржан сал болса, ғасыр асып Ақан серінің қолына ұстаған қара домбырасы музей қорына алынды.

 Елбасы Н. Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деген болатын. Бұл бағытта ұлт пен ұрпақ үшін көтерілген маңызды мәселелерді іске асыру мақсатында, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, ұлттық өнерді жасаушы тұлғалардың жәдігер мұраларын жинауды қайта өрбітті. Осыған орай, ұлттық руханиятымыздың қалыптасып дамуына зор ықпалын тигізген, қазақ өнерін биік шыңға көтеріп соңында өшпес із қалдырған, Ақанның домбырасы тек музей құндылығы ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазақ халқының мәдениетінде алатын орны ерекше.

Ақан сері Қорамсаұлы – қазақтың ән өнерінде қайталанбас тұлға. Оның әндері қазіргі уақытта дәстүрлі ән өнерінде ерекше құбылыс болып отыр. Музей ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде түскен Ақан серінің домбырасын кезінде Сәкен Жүнісов оның туыстарынан алған. Сәкен Сері, Ақан сері туралы II том роман жазып, оның өмірі мен шығармашылығын түбегейлі зерттеген болатын. Бүгінде тарихы тереңде жатқан сері домбырасы музей экспозициясынан орын алды.

Кешке Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза және өнер қайраткерлері қатысты.

Концертті ҚР Мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы жүргізді. «Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде бұған дейінде ұлы тұлғаларымыздың қолдарына ұстаған аспаптары сақталып келсе, міне бүгін осы музейдің қоры тағы бір аса құнды жәдігерге толыққалы тұр. Бұл Ақан серінің өзінің ұстаған домбырасы. Ендеше Қазаққа сүйінші дейік қадірлі ағайын», - деді М. Әбуғазы.

Концерттің шымылдығын Ақан сері Біржан салдардан дәуірлеген Арқаның әншілік, сал-серілік дәстүрінің бүгінде көшін алға сүйреп келе жатқан, кешегі сал-серілердің сарқыты, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев Ақан серінің шоқтығы биік «Шәмшіқамар», «Маңмаңгер» әндерімен ашты. Ел арасында Ақан сері мен Ақтоқтының махаббаты үлкен аңызға айналған оқиға. Ақан сері ғашығы Ақтоқтыға арнап көптеген әндер шығарған, ортаға келесі болып шыққан күміс көмей әнші Гүлсім Арысбаева «Ақтоқтының аужары» әнін орындады. Сондай-ақ кеште сирек орындалатын сері әндерінің бірі «Іңкәр-ай» әнін Жоламан Құжыманов, Арқа әншілерінде көптеп кездесетін Мақпал туындыларының ішіндегі шоқтығы биік ән Ақан серінің «Мақпалын» Айдана Асанбаева орындап шықты. Ақан серінің атағының алты Алашқа жайылуына біріншіден өзінің өнері болса, екіншіден өзінің даңқты тұлпары Құлагер болғаны болғаны баршаға мәлім. «Құлагер» әнін, айтулы әнші Тілеулес Құрманғалиев, сонымен қатар Ақан серінің сырлы-сазға толы шығармаларының бірі «Балқадиша» әнін, белгілі әнші Талғат Әбуғазы, серінің өмірінің соңғы кездерінде шығарған, дүниетанымдық ойға құрылған туындыларының бірі «Шырмауығын» Амангелді Күзеубай, ғажап туындылардың бірі «Майдақоңыр» әнін Құралай Шаяхметова, «Көккөбелек» әнін Саят Нұрғазин орындап шықты.  

Арқа әндері мен күйлері өзектес сарындас болып келетіндіктен кеш күймен де өрбіді. Майталман күйші Сырым Нормолдин Тәттімбеттің күйі «Қосбасарды» орындаса, кеш жүргізушісі, күйші Мұрат Әбуғазы Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін көпшіліктің көңіліне қондыра орындады. Киелі сері домбырасының дыбысын шығаруға сахнаға, кешегі Біржан сал, Ақан сері, Мәдилердің бүгінгі ізбасары Ерлан Төлеутай көтеріліп Ақан серінің «Алтыбасар» әнін әуелетіп, жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленді. 

Өз мәресіне келіп жеткен, Ақан серінің әндері әуелеген керемет дәстүрлі кеш соңында қала әкімі Бауыржан Байбек сөз алып: «Шынында да бүгін керемет тарихи оқиға болып жатыр. Мына бүгінгі концерт залына өзім бірнеше рет келсемде, бірақ бүгін ерекше халықтың ықыласы сезіліп отыр. Елбасы тапсырмасы бойынша Қазақстанда, Алматы қаласы бойынша ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуда, дамытуда үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Екі жылдың ішінде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ішінде қаншама өзгерістер болды, жыл сайын 60-тан астам концерт өтеді. Алғашында концерттерге адамдар аз жиналып жарнамасы жасалды, қазір қаншама халық үйреніп дәстүрлі концертті көруге келеді. Кеңес заманынан бастап музейге 70-тен астам мемориалды аспаптар жиналған, соңғы жылдары біраз тоқтап қалады. Ал, қазір екі жылдың ішінде музей басшылығының үлкен жұмысының арқасында, әкімшіліктен қаражат бөлініп музейге 50-ден астам аспап түскен, оның 30-ы тарихпен байланысты өткеніміздің көзіндей болған мемориалды аспаптар. Универсиада қарсаңында Алматы қаласында дәстүрлі музыкамызды, мәдениетімізді көрсететін Алатау дәстүрлі музыка театры ашылды, жанында Мультимедиялық дәстүрлі музыкалық орталығы ашылып, мемориалды аспаптар сонда қойылды. Бұндай керемет ғимараттың бірінші қабатында қолөнер қалашығын дамытып келе жатырмыз. Елбасы мәдениетімізге, соның ішінде дәстүрлі мәдениетімізге үлкен қолдау көрсетеді» - дей келе қала әкімі өз қолымен Ақан сері домбырасын, музей басшысы Ұлжан Байбосынованың қолына табыстап, музейдің «Мемориалды аспаптар залының» экспозиясына орналастырды.

Кешке келген көпшілік Ақан сері шығармашылығымен жақынырақ танысып, Арқаның ән-күйінен сусындап, серінің көзіндей болған тарихи жәдігер қара домбырасының музей залындағы құрметті орнына орналасқандығының куәсі болып қайтты. 

 

Қалнияз Бақытжан,

Ықылас атындағы халық

музыкалық аспаптар музейінің

аға ғылыми қызметкері   

      

 

 

3420 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper