Анонс


Әсет Найманбайұлының музейі қайта жаңғыртылады

Жұма, 24 Ақпан 2017 13:25
Әсет Найманбайұлының музейі қайта жаңғыртылады KAZMUSEUM.KZ -  

Биыл Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толады. Әсет ақын ұлы Абай Құнанбайұлының ақындық-өнер айналысындағы талантты да дарынды шәкірттерінің бірі болса да, әншілігімен, өнерімен, болмысы және мінез-құлқымен басқалардан ерекше тұрған дара тұлға.

Ақын, бұлбұл әнші, дарынды сазгер Әсет Найманбайұлы Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі ретінде Абай музейінің ғылыми-зерттеуіне кіретін тұлға.  Оның өмірі мен шығармашылығына байланысты материалдар музей қорына 1940-шы жылдардан жинақтала бастаған. Нақты айтсақ, алматылық азамат А.Құдышев 1949 жылы 1-ші желтоқсан күні музей қорына «Қызыл табан, ағаш ат» дастанынының қолжазбасын тапсырған екен. Жазушы Сапаев Ғазиз Әсет Найманбайұлының бірнеше қисса-дастандарының қолжазбаларын тапсырады. «Ағайым Шәріп Хасеновтің аузынан жазып алдым. 24 қараша 1964 жыл», - деп көрсетіп, ақынның бізге белгілі «Қызыл табан, ағаш ат», «Сәлиха-Сәмен» дастандары және әлі жарық көрмеген 736 жолдық «Нұғман-Нағым» және 320 жолдық «Гүлзипа-Гнияр төре» дастандарының қолжазбаларын табыс етті. 80-ші жылдары қорға түскен материалдардан  А.Түгелбаев тапсырған бірнеше естеліктерді, ақын әндерінің нотаға түскен нұсқалары мен түсініктемелерін айта кетуге болады. Қолжазбалармен бірге музей қоры әр жылдары жарық көрген кітаптар, ақын туралы  энциклопедияға кірген мәліметтер, зерттеулер және баспасөз беттерінде жарық көрген материалдармен толықты.

Музейде ақын шығармашылығына тікелей көңіл бөлу 1990-шы жылдан басталды. Осы жылдың 19-шы наурызында ҚР Министрлер Кеңесі Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында және туғанына 125 жыл толуына орай сол кездегі Семей облысына қарасты Мақаншыда музей ашу жөнінде қаулы қабылдады. Ақын музейі – Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің бір бөлімі ретінде ашылатын болып, Әсет Найманбайұлын – Абайдың ақындық мектебінің ірі өкілдерінің бірі, ақын, әнші, сазгер ретінде көрсететін ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Міне, Абай қорық-музейінде ақын туралы материалдарды зерттеу мен жинау жұмыстары музейдің ашылуымен байланысты болып, бірнеше рет Мақаншы, Үржар өңірі бойынша материалдар жинақтау экспедициялары ұйымдастырылса, Қарағанды облысы мен ҚХР-ның Үрімжі, Шәуешек қалаларына іссапарлармен жалғасты. Осы жылдан бастап «Әсет заманы мен өскен ортасы», «Абай және Әсет», «Әсеттің қисса-дастандары», «Әсет-айтыс ақыны», «Әсет өлеңдері», «Әсет әнші-сазгер», «Ақын ұрпақтары» сияқты тақырыптар белгіленіп, зерттеу жұмыстарының арқасында музей қорына бірталай материалдар жиналды. Қордағы материалдар сарапталып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, солардың нәтижесі – 1992 жылы 24 сәуірде Әсет музейі ашылды. Кешені кең, сәулетті алаңы бар, Мақаншы орталығындағы ғимаратта орналасқан музей 25 жыл бойы қазақтың дүлдүл ақыны Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосып, өз көрермендерін қабылдап келеді.

Ақынның 150 жылдығына орай музей экпозициясын өзгерту, жаңарту жоспарланғандықтан ғылыми-зерттеу жұмыстары тағы да қолға алынып, жаңа экспозицияның тұжырымдамасы мен тақырыптық жоспары дайындалды. Енді Әсет музейі кеңейтілген үш залда қанатын жаятын болады. Негізінде музей экспозициясы әрбір тұлғаны жан-жақты көрсетуге бағытталады. Оның жеке заттары, қолжазбалары, тірі кезіндегі басылымдары сияқты материалдар тұлғаның шығармашылық лабораториясын ашуда негізгі рөл атқарады. Әсет ақынға келсек, бізге жеткен бір ғана фотосуреті және мемориалды заттарынан – бойтұмары ғана бар. Ақын бейнесін ашуға бұл жәдігерлер аз болғандықтан, біз осы жолы, біріншіден, Әсет ақынның өз  шығармаларына, екіншіден, шығармаларының қолжазбалары мен естеліктерге ерекше көңіл бөлдік. Міне, осы материалдарды пайдаланып ақын бейнесін жан-жақты ашып көрсетуді жоспарлап отырмыз. Музейге келушілер тек қана шығармашылығымен танысып қана қоймай, өзі «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» дегендей, оның қазақ тарихындағы орны, қандай адам болғанын, дүниеге көзқарасы, замандастарымен қарым-қатынасы, мінезі мен отбасы туралы, бір сөзбен айтқанда, Әсет ақын – заманының Тұлғасы, ұлы Абайдың дарынды шәкірті болған бейнесін көру керек.

Әсет ақынның шығармаларын оқығанда бірінші көзге түсетіні – ұрандап жазған жолдары: «Арғынмын, атым - Әсет арындаған», «Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған», «Тұлпармын, топтан озған, тосырқаман», «Майдамын, майда желіс мамырлаған». Бұл жолдар ақынның белгілі бір ғана өлеңінен екенін білеміз. Осы жолдардың өзі ақын бейнесін көрсетіп тұр ғой: заманының бұлбұл әншісі, топтан озған тұлпары екенін. Ал, өлеңінің бірінші «Арғынмын, атым - Әсет арындаған» деген жолын музей экспозицияның бір залының тақырыбы ретінде алып отырмыз да, заманы, өскен ортасы, ұрпақтық шежіресі, алған білімі, өнердегі алғашқы қадамы туралы деректерді жинастырдық. Осылардың ішінде бала Әсеттің оқуы, алған білімі туралы сөз қозғағанда, белгілі естелікті қолдандық. «Медреседе оқып жүргенінде, басқа шәкірттер демалып немесе сабақ пысықтап жатқанда, Әсет шалқасынан жатып алып ән айтады екен. Қазірет Әсетті шақырып алып: «Сен неге сабақ оқымай, сайтанның азанын айтасың?», - дейді. «Жоқ, молдеке, менің айтатыным сайтанның азаны емес, өлең», - дейді Әсет. «Ол қандай өлең, қане айтшы!» - дейді қазірет. Сонда Әсет молданың өзі оқытқан сабағын өлеңге қосып айтып береді. Өлеңді тыңдап болған соң қазірет: «Жоқ, мынауың сайтанның азаны емес екен. Оқимын десең, оқи бер. Оқымаймын десең, батамды берейін», - деген көрінеді. Содан оқуды тастап, Әсет біржола өлең қуып кетіпті» - деген екен Әсет өлеңдерін жинаушыӘ.Құрбанғалиев. Ал, ақынның өзі осы оқиға туралы былай дейді:

Атым – Әсет, ұраным –Арғын шордан,

Құт дария қырандай шықтым молдан.

Қазіреттің қасында шәкірт едім,

Адастырды осы өлең орта жолдан.

Жезге айырбас алтынды қылмағанда,

Көңілім тумас па еді сол күнде оңнан?

Ғалымдықтан айырылып мақрұм қалып,

Арман еттім артынан ақыр соңнан.

Мәлике қызбен айтысында «Жігітке білім жолдас ғұмыр серік» деген ақын тұжырымын оқимыз. Медресе бағдарламасын толық аяқтамаса да, зерттеулерден ақынның өз бетімен оқығанын, білімін жетілдіргенін көреміз. «Арапша, түрікше, татарша сөйлегенде барынша өз үнімен ахаусыз сөйлейтін, отыз пара Құранды жатқа біліп, оның әрбір сөзін өлеңмен аударып беретін», - деген жолдарды келесі қолжазбадан білеміз. Осы сөздерді дәлелдейтін музей жәдігерлерінің ішінде ең құнды заттардың бірі және бірегейі – Әсет ақынның бойтұмары. Құран сүресі жазылған бұл бойтұмарды Әсеттің келіні, баласы Қожекенің бірінші әйелі Гауһария музейге 1991 жылы тапсырған. Бойтұмардың тарихы туралы мақала кезінде баспа беттерінде жарық көрген.

Әсет ақынның өлең жолдарымен айтқанда «Оқыған қанша жұрттың тілін білген» дегендей, сол кезде орыс тілі қазақ қоғамына өрісін жайып келе жатқанын білеміз. Яғни оның орыс тілін де білді деп айтуымызға болады.

Қазақтың Абайындай болмасам да ,

Бұл жерге өз тілімде айтып берем, - деп, А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын аударды.

Келесі музей экспозициясында ерекше орын алатын және ақын бейнесін көрсететін жәдігердің бірі – Әсет ақынның 1918 жылы Шығыс Түркістанда Шәуешек қаласында түскен фотосуреті (жоғарыда - Авт.). Алаш зиялыларымен түскен бұл фотосуретте «Елу жас екі жастың тап ортасы» деген 51 жастағы Әсет ақын зиялы қауымнан жеке, шетте отыр. Ортада отырғандар: Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов және Райымжан Марсеков. Қалған азаматтардың кім екендігін Бапина Никар апамыз «Асыл ағаларды суретке кім түсірді?» деген мақаласында әкесі Мұхамеджан Әбдулкәрімұлы Юсуповтың күнделігінен үзінді келтіріп, тізіп берген («Қазақ әдебиеті» газетінің №20, 18 мамыр 1990 жыл). Фотосуретте замандастары «Өлең айтқанда басын шытпен (орамалмен) мықтап таңып алатын әдеті болған» деп суреттегендей, басын шытпен орап алып, толық, денелі келген өнер иесін көреміз.

Осы тарихи фотосуреттің қандай жағдайда, қай жерде, кім түсіргені туралы жоғарыда көрсетілген мақалада Н.Бапина әкесі Мұхамеджан Әбдулкәрімұлының айтқандарын келтіреді: «1918 жылы апрель айы еді. Шәуешекке Русиядан келіп жатқан қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов һәм Рақымжан Марсековтардың құрметіне Шәуешектің сыртындағы бақшалардың бірінде Шәуешек қазақ зиялы жастары бір қонақ-мәжіліс жасады. Сол қонақ-мәжілісіне бүтін уалаят бойынша бірден-бір фотограф мені рәсім түсіруге дағуат қылды. Мәжіліс ашылысына Бақтыдан Шәуешекке өз һұхымен, жеке ісімен келген қадірменді Қанағат болыс Сүлейменұлы (әйгілі Қабанбай батырдың нәсілі) жолдастарымен, жеті-сегіз адам келіп қатысты. Солардың арасында Әсет ақын да бар еді. Бұл Әсет мен осыдан төрт жыл бұрын Барлық-Арасанға бара жатқан жолымда Еміл бойында Әлімғазы болыстың ата жұртында мехман болып қонған кезімде көргем, уа салған әндерін естіген едім. Келушілер мен шақырылған мехмандарды таныстырып болған соң Міржақып Әсет ақыннан бірер ән, өлең айтып беруді өтініш қылды. Бұған сонда болған халық та қосылды. Басында Әсет уажі жоқтығын, ән салуға тамағы ауырып жүргендігін сылтау қылып, қабыл алмады. Бірақ сұраушылар қайта-қайта ықылас еткен соң: «Мен домбырамен айтушы едім», - деп домбыра талап етті. Қайдан екенін білмеймін бір жақсы домбыра тауып келтірілді. Бұны қолға алып, арлы-берлі шертіп көріп, мұныменен ән-күй айта алмайтындығын білдірді. Және: «Жақсы гармонь болса», - деді. Гармонь да табылды. Біраз уақыт Әсет қысылып, ыңғайсызданып отырды да, әнге салып, өзінің өнерін көрсетті. Әсетті естушілер мақтап, оған биік баға берді. Сол қонақ-мәжілістің соңынан рәсімге түсіру болып, Әсет те сонда бір шетте отырып түсіп қалған еді. Содан 4-5 ай кейін тағы да бір қонақ-мәжілісінде Әсетті ұшыраттым. Өзінен әнеукүнгі мәжілісте ән салғанда қысылып-қымтырылуының себебін сұрадым. Сонда Әсет:

- Ей, қарағым-ай! Онда қонақ болып отырып, ән салуымды сұрағандар – бір дария-теңіз, асқан ақын адамдар. Мен олардың қасында кішкене бір бұлақпын. Олардың алдында өзіңді байқап, аяғыңды абайлап баспасаң бола ма? – деді».

Алаш қайраткерлерінің Шығыс Түркістанға келуі, ондағы зиялылармен кездескені – ол тарихи оқиға, жеке тоқталатын тақырып. Әсет ақын туралы сөз болғандықтан, біз бұл арада ақын мінезінің қыр-сырына тоқталғымыз келгені. Әсеттанушы ғалым Б.Адамбаевтың «Әсет ақын» атты мақаласында: «Әсет орта бойлы, қара торы, қой көзді, дембелше денелі, етжеңді толық кісі болған. Күреске түскен күш иесі – палуан екен дейтін де сөз бар. Әдетте ол үстіне костюм-шалбар, басына құндыз бөрік, сыртынан жазда жібек шапан, қыста ішік киеді екен, қалтасына сағат салып, ақ киім киюді тәуір көрген», - дейді. Ал, келесі естеліктегі мына бір үзінді ақынның болмысын, мінез-құлқын толықтыра түседі: «Әсет ақынның ерекшеліктері: ақын орта бойлы балуан тұлғалы, денесі шымыр, дөңгелек жүзді, жанары мұңды, қара сұр қой көзді, көп сөйлемейтін, мінезі ауыр, көбінде ой үстінде жүретін. Әнді айында бір немесе қимаған жағдайда ғана отырыста шырқататын. Ол гармонь мен домбыраны қатар ойнайтын. Бір жерде айтқанын екінші жерде қайталамай, тыңдаушыларының жағдайына байланысты тыңнан тартып кететін. Таңдамалы шығармаларының кейбірін жұрт қиылып сұраса айтатын. Барынша кішіпейіл қарапайым кісі еді, төрге отыруды онша ұнатпайтын. Иауыз қалжыңды, біреудің сыртынан даттап сөйлегенді ұнатпайтын. Дойбы ойнайтын».

Міне, жинаған деректер мен қолжазба беттерінен Әсет ақынның байсалды да сом бейнесі көз алдымызға келеді. Осындай ақын бейнесін шығармаларындағы өзі туралы айтқан сөздері де толықтырады. «Ән салдым жас күнімнен сал болған соң», «Өлеңмен атақ жайдым оң мен солға», «Өлеңім – жан жолдасым болған жақын», - дегенінен әншілік өнерімен елге ерте танымал болғанын көрмейміз бе? Енді, мына өлеңіне құлақ салайықшы:

Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп,

Қоздырып делебені дәсерлетіп.

Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,

Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп,

Талдырып, талықсытып, тамылжытып,

Орғытып, орағытып, басқа өрлетіп,

Самғатып, саңқылдатып, сар желгізіп,

Ұрынтып, өршелетіп, бәсеңдетіп,

Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,

Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп,

Қарқынды үн-қан қайнатып, жүрек жұлып,

Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп, -

деген өлең жолдарындағы әрбір сөзі ақын бейнесін көрсетпей ме?

Әйгілі әнші-композитор Кенен Әзірбаев Әсет жөнінде: «Әлі есімде. Жас кезім. Атағым жаңа шыққан әншімін. Іле бойына үш жүз ақ боз үй тігілді. Жарты ай бойы сауық, бәйге, көкпар, салым, күрес болды. Күн сайын кешке қарай өнер таласы, әншілік сайысы басталады. Міне, осы жиында Әсетті көрдім. Өзім көрген әншілердің ішінен Әміре болмаса, Әсетке пар келер ешқайсысы жоқ-ау! Оның үстіне киген төңірегін зерлеген қызыл мәуіті шапанына дейін көз алдымда қалды», - деген екен.

Біз де Әсет ақынның өмірі мен шығармашылығына зерттеу жүргізгеніміздегі көз алдымызға келген «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» бейнесін музей көрермендеріне көрсетуді мұрат тұттық

 

М.МҰХАМЕДОВА,

Абай қорық-музейінің ғылыми қызметкері

 

 

Материалды қайта көшіріп басу үшін немесе бір бөлігін немесе фотосуретін пайдалану үшін редакцияның рұқсатын алу керек. 

4003 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper