Анонс


Кейкі батырдың бас сүйегін елге жеткізу бірнеше жылға созылып кетуі ықтимал

Сейсенбі, 24 Мамыр 2016 03:10
Кейкі батырдың бас сүйегін елге жеткізу бірнеше жылға созылып кетуі ықтимал KAZMUSEUM.KZ -  

1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісте қазақ жауынгерлерін бастаған көшбасшылардың бірі, қазақ жерін бодандықтан құтқару үшін жанын пида еткен атақты Кейкі батырдың бас сүйегін өз Отанына жеткізу үдерісі бірнеше жылға созылып кетуі ықтимал. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

«Аптасына бір мәрте тұрақты түрде Ресейге хат жолдап отырамын. Біздің отандастарымыз бұл істе бізге босаңсуға мүмкіндік бермейді, бұл қуанышты жағдай. Меніңше бұл мәселе жақын уақыттары шешімін табады, ресейлік тарап өздерінің келісімдерін берді», - дейді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Кейкі батырдың бас сүйегін елге жеткізу бірнеше жылға созылып кетуі ықтимал.

«Біздің ғалымдар бас сүйектің қайда жатқандығын анықтады. Алматыдағы мемлекеттік музейдің директоры бастаған экспедиция мұрағаттағы құжаттарды тапты. Енді тек техникалық мәселелерді шешу ғана қалды. Ол қаншаға созылатынын айту қиын, бірнеше жыл болуы мүмкін. Белсенді әріптестіктің арқасында біз өзімізге құнды жәдігердің елге оралуына қол жеткізе аламыз деп санаймын», - деді А.Мұхамедиұлы.

1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің даңқты қолбасшыларының бірі, атақты мерген Кейкі батыр өз елі үшін басын бәйгеге тіккендігі белгілі. Батырды қызыл әскер айуандықпен өлтіріп, екі қолы мен басын кесіп алған. Батыр бабамыздың басы әлі күнге Санкт-Петерборда сақтаулы тұр. Бұны ҚР Сыртқы істер министрлігінің сұрауына орай 1995 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі де жауап хатында растаған. Ұлт-азаттық көтерілістің жүз жылдығына орай, батырдың басын қайтарып, туған жеріне жерлеу мәселесін Үкімет қолға алуды жоспарлап отыр.

 

2202 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper