Анонс


Ағайынды Жұбановтар – ел мақтанышы

Сейсенбі, 15 Маусым 2021 02:18
Ағайынды Жұбановтар – ел мақтанышы KAZMUSEUM.KZ -  

Ғылым мен білімді жетік меңгеріп,  рухани мәдениеттің  өркендеуіне сара жол салып, оны ұлықтата білген алаштың ардақты ұлдары – ағайынды Құдайберген, Ахмет Жұбановтар.

Құдайберген Қуанұлы Жұбанов тіл білімі саласындағы тұңғыш қазақ профессоры, түркітанушы, полиглот, лингвист, ғалым  болса, ал інісі Ахмет Жұбанов  қазақ халқының көрнекті музыка зерттеушісі,  қазақ арасынан шыққан тұңғыш профессионалды композитор, алғашқы аспаптардың тұғырын біріктіріп Құрманғазы оркестрінің негізін қалаушысы, профессор, қазақ халқының халық  әртісі, КСР ғылым академиясының академигі, өнертану ғылымдарының докторы.

Дарынды тұлғалар 19-шы ғасырдың аяғы, 20-шы ғасырдың басында Орал облысы, Темір уезінің Темір-Орқаш болысына қарасты сегізінші Қосуақтам (қазіргі Ақтөбе облысы,  Мұғалжар ауданы, Жаңатұрмыс) ауылында дүниеге келген. Әкесі Қуан ақсақал өз ауылдастарынан көзі ашық, көкірегі ояу жан болған.Ол Петербор, Орынбор, Қазан, Уфа қалаларынан  сол кезде татарша, қазақша, кейбіреуі орыс тілдерінде жазылған  басылымдардын алдырып  оқып тұрған. Ағайынды Жұбановтар алғашқы ауыл молдасы Оспан ишанда оқиды,  кейін әкесі Қуан Жұбанұлы Темір уездіне ашылатын екі мектептің бірін рұқсат алып, өз ауылынан  Сатыбалы деген ұстаға қозылы қой беріп, шым ойдырып жер төбе қылып мектеп салдырады. Жаңа  тұрпатты (формацияда)   салдырған «Үміт» атты мектепке өзінің және інісі Тәпеннің балаларын оқытуға береді. Ағайындылардың ізгі жүректі  аналары  Бибішынар Тағыбергенқызы  қазақ әйелдеріне тән инабалы,  аз сөйлеп,  көп тыңдайтын, өмірдің талай тауқыметін бастан өткерген мейрімді жан болған екен. Ағалы-інілі Жұбановтар  Оспан ишаннан алаған білімі  парсы, шағатай тілдерін жетік меңгеруге, әсіресе Құдайберген Жұбановқа  кейін   жақсы лингвист болуына септігін тигізген. Ой өрісі кең Құдайберген ауылдан алған біліміне мүсе тұтпай, ары қарай оқуды көздеп, 1914 жылы Орынбор қаласындағы «Хұсания» медресесіне түседі. Аталмыш медресе зейінді баланың білімінің ұшқырлығын шыңдап, шығыс классиктерінің шығармаларымен танысуға және тұп-нұсқадан оқитын дәрежеге жеткізеді. Кейін  зейінді жігіт Қүйікқаладағы  орыс-қырғыз училищесіне түсіп,  оны да жақсы оқып экстрен ретінде аяқтайды.  «Ағайынды Жұбановтар» деген есім сонау 1915-1916 жылдары  Ақтөбе өніріндегі Жұрындағы екі кластық  төрт жылдық  орыс-қазақ мектебінде оқығаннан-ақ аталған болатын. Ұстаздары оқушыларынан сабақ сұрағанда бірінші Жұбанов, екінші Жұбанов деп жақсы оқығандарына қарай  айтқан екен. Оқуларын тәмамдағаннан кейін еңбек жолдарын Темір-Орқаш болысында төрағалық және хатшылық қызметтен бастап, кейін ағартушылық қызметтеріне ауысады.  Ақтөбе қаласында  ағасы Құдайберген  губерниялық оқу ағарту бөлімінде инспектор-методист және педогогикалық техникумның оқытушысы болса,  ал інісі Ахмет Темір, Ақтөбе қаласында мұғалімдік қызметтерін атқарады. Ағайындылар еңбекпен қатар білімідерін  арттыру жолында да  көп ізденісіп, білімге  терең бойлады. Құдайберген Жұбанов психология, педогогика ғылымдарын зерттеп, тіл біліміне  үлкен ықыласпен бет бұра білген жан. 1928 жылы оқу басшылығы Құдайберген Жұбановты Қызылорда қаласына жолдамамен халық ағарту коммиссариатына инспекторлық  қызметіне жібереді, алайда ізденісі мол, бірнеше тілді білетін жас маман көп ұзамай  Ленинград қаласына Шығыстану институтына жолдама алады. Құдайберген Жұбанов Ленинградтағы Шығыстану институтының толық курсын  және аспирантураның теориялық білімімен  түркі тілдерін зерттейтін бөлімін тәмамадайды. Бұл жерде тағыда айта кететін бір жайт 1928-1929 жылдары  Республика астанасы Қызылорда қаласында  өткен  ғылыми орфографиялық  конференцияға  Құдайберген Жұбанов алғашқы  Ақтөбе губерниясы мұғалімдері атынан, екінші жолы  Ленинград қаласында Шығыс тілдер институтының өкілі ретінде  қатысып, халықаралық латын жазуы мен емілесін тұтыну  жөнін қолдап сөз сөйлеп, нақты пікірін білдірген. Үлкенге тірек, кішіге қамқоршы бола білген ағасы Құдайберген  бауырының музыкаға деген қабілетін және профессионалды білім алу керек екендігін жіті аңғарып, Ленинградқа оқуға бара жатқанда өзімен бірге інісін де ертіп кетеді.  Ленинградтағы жылдар ағайынды Жұбановтар үшін  нағыз біліммен сусындаған кезең болды, небір тіл мамандарымен қатар, әлем классиктерінің мұраларымен жете танысуына үлкен жол ашылады.1932-1933 жылдары ағайынды Жұбановтар Лениград қаласынан бірі Шығыс тілдер институтының аспирантурасын, бірі Римский Корсоков атындағы консерваторияны бітіреді, ал АхметЖұбанов консерваториядан кейін өнертану академиясының аспиарнты атанады. Сол кезде Қазақстанда білімді мамандардың жетіспеуіне байланысты ағайындыларды Алматыға шақыртады. Құдайберген Жұбанов  сол кездегі Қазақстанның тұңғыш жоғарғы  оқу орны мемлекеттік педогогикалық институтына қызметке орналасып, қазақ тілі мен әдебиет кафедрасын меңгеріп, студенттерге лекция оқып,  тіл ғылым саласына  одан әрі құлаштауға қанат серпиді.  ҚҰҒА академиясының академигі Рабиға Сыздықова өз кезінде ғалымның еңбегіне мынандай талдау жасаған: «Қ.Жұбанов  қаламына ілінген  мәселелер тақырыбы жағынан мынандай салаларды қамтығанын аңғарамыз: фонетика, қазақ тілі граматикасы (морфология мен синтаксис), жалпы тілі білімінің кейбір мәселелері, қазақ ұлттық әдеби тілінің дамуы мен тарихы, қазақ жазуы, орфографиясы, терминологиясы, оқулық, программа, методика, мәдениет пен өнер мәселелері». Тіл ғылымының саласында Құдайберген Жұбановтың зерттемеген еңбектері кемде-кем. «Қазақ тіл білімі қазір-ақ сүрлеу жол сияқты, оны жан-жақты, зерттеу бәріміздің міндетіміз. Ғылымның қай саласы болмасын, пікір таласы арқылы ғана жетіледі»- деп өз кезінде Құдайберген Жұбановтың айтқан сөзі  үлкен мағынаны білдіреді.

Тіліміздің нағыз жанашыры бола білген Құдайберген Жұбановтың  қаламы әдебиеттен де алыс емес еді. Ұлы Абайдың жарқын бейнесіне арнап «Абай қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласында ғалым Абайдың  батыспен шығысты жалғастырудағы нағыз классик ақын екенін  алғаш дәлелдей білді. Ғалым қысқа да саналы өмірінде тіліміздің  кадір-қасиетін жастарға түсіндіруден таймаған жан болса, ал  інісі Ахмет Жұбанов европалық кәсіби білім алып,  өзге жұрттың музыкалық мәдениетін жақсы меңгеріп, алғашқы аспатардың тұғырын біріктіріп қазақ ұлт оркестірін құрып, халық шығармаларының әндерін, күйлерін жинақтап, монографиялық туындылары мен қатар  әр жанырында шоқтығы биік шығармаларды өмірге әкеліп, асыл мұрасын кейінгі ұрпаққа табыстай білді. Соның ішінде академиктің ұлттық рухани өнерімізді ұлықтаудағы еңбегінің бірі 1964 жылы Мәскеу қаласында  өткен этнография және антропология ғылымдарының жетінші конгресінде қазақтың қара домбырасын ұлттық өнер аспабы екенін баяндамада таныта отырып, «Ақсақ құлан» күйін  домбырада ойнап күй құдіреттілігін  әлемге паш ете білді. Сонымен қатар қазақ музыка мәдениетінде ерекше орын алатын М.Әуезовтың либреттасы бойынша  композитор  Латыф Хамидимен бірігіп жазған «Абай» және  «Төлеген Тоқтаров» опералары кәсіби кемеліне жеткен тұңғыш қазақ опералары болды. «Абай» операсы  бүгінгі күні Тәуелсіздік таңымен шарықтап, еліміздің сахналарынан  басқа шет ел сахнасында  тамашалануы,  композитордың еңбегінің өміршеңдігін білдіреді.  

 Ағайынды Жұбановтар ғылым мен  өнер саласында өз кезінде көтерілмеген тыңды  аянбай көтере білді. Өкінішке орай, 1937 жылы Құдайберген Жұбанов халық жауы деген жалған жаламан ұсталып, інісі ағасынан ерте көз жазып қалды. Әттең ғалым Құдайберген Жұбанов өмірден ерте кетпегенде ғылым мен ағартушылық  саласында кейінгі ұрпаққа берері мол еді. Еліміздің мақтанышына айналған ағайынды Құдайберген, Ахмет Жұбановтардың ғылыммен өнер саласында кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұралары мәңгі ұрпағымен жасайды.

 

 Ұлболсын МҰХАМБЕТОВА, Мұғалжар ауданы ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейінің директоры

3684 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper