Анонс


Ғани Мұратбаев - ғасырлық тарихы бар басылымның алғашқы ұйымдастырушы-редакторы

Дүйсенбі, 08 Ақпан 2021 23:28
Ғани Мұратбаев - ғасырлық тарихы бар басылымның алғашқы  ұйымдастырушы-редакторы KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан мен Орта Азия жастарының жалынды ұйымдастырушысы, белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев – ХХ ғасыр басындағы жастар ұйымының аса талантты өкілі болатын. Оның басына біткен жігер-күш пен ақыл-парасат қаршадайынан халықты өзіне қаратты. Қазалы қаласындағы орыс-түзем мектебін оқып жүргенде-ақ уезд басшыларының көзіне түскен ол 1917 жылдың күзінде, яғни, он бес жастан  сәл асқанда Революциялық кеңестің құрамына алынады. Уездік Революциялық кеңес құрамында жүрген қысқа мерзім Ғанидың өмірге, жалпы, қоғамға деген көзқарасын күрт өзгертті. Ең бастысы –оқымаса болмайтынына көзі жетті.

  1918 жылы Ташкентке оқу іздеп барды. Жүрексінбей, алдына зор мақсат қойып, өрге ұмтылып келген Ғаниды Ташкент те жатсынған жоқ. Қазақ- қырғыз педагогикалық училищеге оқуға түседі. Бұл Ғанидың бойы да, ойы да ержете түскен шақ еді. 1916-1917 жылдардағы мемлекет ішіндегі саяси жағдайлар, революция толқыны, таптық сана-сезімі оянып келе жатқан зерделі жас жігітке қатты әсер етті. Әсіресе революциялық дәстүрі бар, ертеден саяси тұтқындар, большевиктер бастаған Қазалы теміржолшыларының ереуілі, митингілері, олардың капиталистерге, байларға, патша өкіметіне қарсылығы жас Ғаниға үлкен сабақ, алғашқы мектеп болып, оның таптық саяси санасын біртіндеп шыңдай түсті.

   Ғани Ташкентте педучилище кейіннен Халық Ағарту Институтында оқи жүріп, Финкельштейн атындағы мектепті де  үздік бітірген. Институт қабырғасында жүріп-ақ, қазақ, қырғыз, өзбек жастарынан қамқорлығын аяған жоқ. Жанарында оты бар, келешек осыдан қоғамға қажетті тұлға шығады дегендердің барлығын Ғани Шығыс Университетке оқуға түсірді. Олардың жақсы оқып, сол замандағы талапқа сай орыс тілін жетік меңгеріп, марксизм идеяларын оқып-білуіне, қоғамдағы болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға жете мән берулерін қадағалайтын. Жастармен кеңес өткізіп, жастар ұйымының жұмысына көмек беріп, олардың таптық, саяси жағынан жоғары тұруларын көздейтін. 

  Заманның көшіне ілесе білген, саяси сауатты  Ғани  жер-жердегі, әсіресе ауылдағы еті тірі, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ жастарын жаңа өмірге жетелейтін, сауатын ашып, ой-өрісін кеңейтетін, рухани азық беретін, сөзі сара, өзі дара болатындай жастар басылымының  қажеттілігін Үкімет басшылары алдына келелі мәселе етіп көтереді.

1921 жылы Ұлыстың Ұлы күні 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Ташкент қаласында Түркістан Республикасы Комсомолының үні – «Жас Алаш» газетінің тұңғыш номері  араб қарпінің төте жазу үлгісінде  жарыққа шықты. Бұл жылдары Ғани Түркістан атқару комитеті жатақханасының № 18 ші бөлмесінде тұрды. Бұл бөлме жастардың жиі жиналатын орнына айналады. Жұмыс жайлы мәселелер талқыланып, қызу айтыстар өтетін. «Жас Алаш» газетінің редакциясы осы бөлме болды. Газеттің адресі: Ташкент қаласы, Түркістан өлкелік атқару комитетінің жатақханасы, 18-ші бөлме деп көрсетілген.

   Ғанидың замандасы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Ілияс Жансүгіров Ғани туралы естелігінде былай дейді: «Бұл жылы біз Ташкентте оқитын едік. Ғани университетте оқитын. Ол оқып жүріп әлеуметтік ісіне көңіл қойып, жас коммунистердің алғашқы ұйымын жасай бастаған. Ғанидың оқуынан ұйымда істеуі көп болушы еді, сол жылы жазға салым жастардың жиналысында Ғани көптің ортасына «жастар газетін шығару» деген ойды тастады. Жиылыс мұны мақұлдап, бұл жұмысты ұйымдастыруды Ғаниға тапсырды. Мен хатшылық міндетін мойныма алдым. Садуақас, Әлижан, Шамғали секілді азаматтар атсалыса бастады. Ғани жоқтан бар құрап, газеттің қағазын, ақшасын тапты. Соңынан екі бетті ғана қазақ жастарының тұңғыш газеті- кішкене «Жас алаш» газеті наурыз күні жарыққа шықты.

   Әлі ұмытпаймын. Газеттің бетін тізіп, енді баспаға жібергелі тұрғанда Ғани келіп: «бұған бір ұран жіберелік, тұңғыш жастар газетінің, жастар жұртшылығының ұранын осы газеттен бастап жариялайық!» деп еді. Қарып терушілердің.... еңбегін төлеп, тізілген газетті қайта бөлектетіп, ұранды қыстырдық. Сондағы Ғанидың газеттің маңдайына қойған ұраны міне: «заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті- бірігіп ұйымдасуда. Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары!»

  Міне, осы ұран -әлі ұран, осыдан басталып, қазақ жастарының арасында әлеуметтік сезімі өсе бастады. «Жас алаш» газеті жастар баспасының алғашқы демі болды. Бұған мұрындық болған Ғани».                                

  Мұстафа Қайыпназаров Ғани туралы былай дейді: «Ғанидың мынадай бір сөзі әлі есімде: ескі зиялылардан түк те пайда жоқ, бізге кедей жастары керек. Оларды шама келгенше ұйымдастыру керек, -дейтін еді.

  Ғанидың жолбасшылығы арқасында мыңдаған кедей жастары ұйымға кірді, жүздеген кедей жастары оқуға кетті. Әлеумет ісіне араласып жүргендері толып жатыр.

  Ғани жалғыз жастардың ғана емес, партия мен совет ісінде де көрнекті іскер қызметкерлердің бірі болды.

  Түркістан Орталық Партия Комитетінің мүшесі болып, көп еңбек сіңірген. Ғани Ташкентте жүргенде, аудандық партия комитетімен байланысып, теміржол жұмыскерлерінің арасында баяндамалар жасап жүрді. Ғани жастар арасында әр уақыт баяндамалар жасап тұратын. Сондағы айтатын қасиетті өсиетінің бірі мынау еді: «Жастар! Біз – жұртшылықтың ұйтқысы, келешектің қожасы, тірегіміз. Алдымызда асқар таудай қиын істер бар. Оған әзір болуымыз керек. Сондықтан арамызда бірлік болсын».

  1921 жылы 22 наурызда шыққан араб қарпінің төте жазу үлгісінде  басылған «Жас Алаш» газетінің алғашқы санының көшірмесі, Ташкент қаласындағы  «Жас Алаш» газетін шығарған баспахана үйінің сыртқы көрінісі түсірілген фотосурет  Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық  музейіндегі құнды экспонаттардың бірі де бірегейі. 

  Сондай-ақ, «Жас Алаш» газетін дайындап отырған қоғам қайраткерлері Ғани Мұратбаев, Сара Есова, Ілияс Жансүгіровтердің бейнелері диорамма арқылы көрсетілсе,  Жас Алаш газетінің ұраны болған «Заманның қожасы да, тұтқасы да –жастар» деген қанатты сөзімен  болашаққа жол сілтеген Ғани бейнесі экспозициядан орын алған.

  2001 жылы «Жас алаш» газетінің 80 жылдығы құрметіне газеттің  бас редакторы, белгілі журналист, қазіргі мәжіліс депутаты  Нұртөре Жүсіп бастаған  «Атамекен» экспедициясы музейде болып, Ғани рухына тағзым етіп, құрмет кітабына қолтаңба қалдырды.

  2012 жылы Ғани Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толу  құрметіне «Жас алаш» газетінің редакциясы газеттің бас  редакторы Рысбек Сәрсенбаевтың құттықтау хатын,  әр кезеңдегі редакторлар туралы мәлімет, ұжым мүшелерінің фотосуреттерін музейге жіберіп, музей қоры толықтырылды.

  Ғани салған сара жол өз ағынымен ағып, асулардан асуда. Ғанидың бастамасымен ашылған «Жас Алаш» газеті де өзінің ғасырлық мерейтойын  атап өтуде.

  Газеттің әр жылдағы атауы 1924 жылдың ақпанынан 1925 жылдың желтоқсанына дейін «Лениншіл жас», 1926 жылдың 30 қазанына дейін «Жас қайрат», ал 1927 жылдың 27 қыркүйегінен «Лениншіл жас» атанады (Қызыл идеология Алаш сөзінен тайсақтаған) Тәуелсіздікке қолымыз жеткен 1991 жылдан бастап оның байырғы, тарихи «Жас Алаш» атауы қайтарылады. Басылымның атаулары  өзгергенімен, мазмұны мен идеясы өзгермей, турашылдығымен, шыншылдығымен, қара қылды қақ жарған әділдігімен  қоғамдық оқиғаларға байыпты талдау жасайтын, ұлттық рухты  басылым бүгінгі таңда республикалық қоғамдық-саяси газет деңгейіне көтеріліп, қалың  оқырмандарының  жүрегіне Ғани салған соқпақпен жол табуда.

 

РОЗА АСАНОВА,

Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің меңгерушісі

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Жинақ  «Ғани Мұратбаев» Алматы, «Қазақстан» 1972 ж
  2. Газет. Лениншіл жас «Жалынды жылдар жаңғырығы» 1977 ж
  3. Газет Қазақстан пионері № 45. 3. 06. 1972 жыл  «Ғани Мұратбаев 70 жаста»
  4. Жинақ  «Ғани тағылымы» Алматы, «Нұр-Принт-75» 2008 ж
  5. Ғани Мұратбаев музейі қорындағы материалдар 
1928 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper