Анонс


Донеділ Қажымов: «Қадыр ақынның мұрағаты балаларында қалды, бірақ 7 мыңға жуық кітабын көшіріп алдық»

Сәрсенбі, 01 Шілде 2015 09:18
Донеділ Қажымов: «Қадыр ақынның мұрағаты балаларында қалды, бірақ 7 мыңға жуық кітабын көшіріп алдық» KAZMUSEUM.KZ -  

«Менің де кітапханам Әуезовтің кітапханасы сияқты сол күйінде сақталса деймін» деп ертеңіне алаңдаған Қадыр ақынның  арманы орындалды. Орал қаласында қазақтың аяулы ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылды. Жақында 80 жасқа толатын ақынның мерейтойы қарсаңында осы орталықтың пен ақынға арналған екі ескерткіш ашылды.

Мәдени орталықтар, өнер үйі ешқашан артық еткен емес. Осы ретте жаңадан ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Донеділ Қажымовпен аз-кем әңгімелескен едік.

– Донеділ мырза, жаңа орталықтарыңыз құтты болсын!

– Рахмет. Қадыр Мырза Әлі ақынның әлемі мен үшін бөтен емес. Өзімен жақын араласқам, шығармашылығымен де етене таныспын. Төрт жылдан бері Қадыр Мырза Әлі атындағы қорды басқарып келемін. Енді міне, жаңадан салынған орталық ашылып отыр. Бірден айта кетейік, бұл тек қана музей емес. Бұл – Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы. Оның ішінде музей де бар, кітапхана да бар, баспасөз залы бар, концерттік зал бар. Төрт қабаттық ғимарат арнайы жобамен салынды. Сыртында 1125 адамдық амфитеатр, 50,5 метрлік LED экран бар.

– Осыдан бір жыл бұрын Қадыр ақынның туыстарымен сөйлескенде 7 мыңға жуық кітаптарын осы орталыққа тапсырамыз деген еді?

– Дәл солай. Шамамен 7 мыңға жуық кітабын сол үйінен көшіріп алып келдік. Орталықтың ішінде Қадыр ағаның әдебиет музейі бар. Сонда жеке кітапханасын, кабинетін түгелімен көшіріп алдық. Өзі пайдаланған заттары түгелдей бар. Қаламы, тіпті ұялы телефоны, отырған орындығы, жатқан диванына дейін бар. Бала күнінен бастап барлық фотолары ретімен қойылды.

– Соңғы қолжазбаларын да алдыңыздар ма?

– Қолжазбалары бар. Бірақ, оның соңғысы қайсы екендігі әлі нақтыланбады. Мұрағаты бізде емес. Ақынның мұрағатын зерттеп, танысқан ешкім жоқ. Бірақ, ақынның отбасы «Архивін бере алмаймыз» деп кесіп айтты.

– Заттарын жинауға кім көмек берді?

– Ақынның өз үйіндегі кітаптарын, қолданған заттарын отбасының рұқсатымен алдық. Бұрын кітаптары қалай сақталса, дәл солай ретімен қойдық. Кейбір кітаптарын немерелері оқиды деп алып қалды. Әсіресе, ақын сөздіктерді кеңінен пайдаланған екен. Осындай мыңға жуық кітаптарын балалары өздеріне керек деп қалдырды. Бізге берген кітаптардың арасында сирек кездесетін құнды кітаптар баршылық. Оны әлі зерттеп үлгерген жоқпыз. Ғылыми қызметкер алсақ, барлығы да ретімен зерттелетін болады.

– Қазір орталықта қанша адам жұмыс істеп жатыр?

– Негізі орталық енді ашылып жатыр. Ғимарат пайдалануға берілгенмен, қаржыландыру мәселесі енді шешіледі. Қазір штатта 15 шақты адам жұмыс істейді, болашақта 50-ге жуық қызметкер болады деп күтудеміз.

– Ақын қолданған заттарды толықтай жинап біттіңіздер ме?

– Әрине, жоқ. Жақында ақынның мерейтойына жиналған қаншама адамнан «Менде мынадай заты бар, менде мынадай дүниесі бар» дегенін көп естідім. Барлығын қойын дәптеріме түртіп алдым. Алдағы уақытта соны қолға алатын боламыз. Мен төрт жылдан бері Қадыр Мырза Әлі атындағы қорды басқаратынымды айттым ғой, сол кезден бастап ақынға қатысты дүниелердің барлығын жинадық. Ол туралы видеолар, суреттер, заттары, өлеңдері, жазған әндері... Барлығын жинадық. Енді олардың бәрін жүйелеу қажет.

– Алда тағы қандай жоспарларыңыз бар?

– Жұмыс көп. Қадыр ақынның шығармашылығын таныту мақсатында көптеген шаралар өткіземіз. Биыл ақынның 80 жылдығы ғой. Мәдениет министрлігіне өтініш айтып, күзге дейін «Қазақфильм» Қадыр ақын туралы деректі фильм дайындайтын болды. Түсірілім жұмыстары басталып кетті, 2-3 айда дайын болады.

– Орталықта Қадыр ақын туралы дипломдық жұмыс, ғылыми еңбек жазатындардың жоғын түгендейтіндей деректер жиналды ма?

– Дипломдық жұмыс жазамын дегендер үшін көптеген деректер бар. Былтыр Қадыр шығармашылығын зерттеп жазған екі студентке стипендия тағайындадық. Біраз жұмыстар атқарылды. Қазір ол студент қыздарымыз тұрмыс құрып, бала күтіміне байланысты үйінде отыр. Ақын туралы табандап зерттеу жасаймын деген студенттер болса қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Осындағы барлық кітаптарды пайдалануға мүмкіндік бар.

Әңгімелескен: Жандос Мейірбекұлы.

 

 

 
5447 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper