Дархан МЫҢБАЙ: Көптеген музейлер кеңестік талғамда қалып қойғаны жасырын емес

Дүйсенбі, 20 Сәуір 2015 16:55
Дархан МЫҢБАЙ: Көптеген музейлер кеңестік талғамда қалып қойғаны жасырын емес KAZMUSEUM.KZ -  

Музей көне ескерткіштер мен жәдігерлер мұқият сақталатын немесе келушілерге таныстырылатын ерекше нысан ғана емес. Музей уақытқа бағынбайтын, алмасып жатқан ұрпақтар жалғастығын үзілдірмейтін алтын арқау. Өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырар мәңгілік көпір. Өркениетті елдердің бәрінде дерлік ұлттық музейлер ұлттық мақтаныш, рухани орда болып саналатыны белгілі. Тәуелсіз Қазақстан да соңғы жылдары музейлерге ерекше назар аударып, экспонаттар қорын ұлғайту, жәдігерліктерді сақтау мәселесіне шындап кірісе бастағаны көңіл қуантады. Өткен жұма күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің шаңырағына арнайы атбасын тіреп, үш сағаттан астам аралады. Осынау жайт еліміздегі әрбір азаматқа, ел ісіне араласатын атқамінерлерге үлгі болса, игі. Ал одан сәл бұрынырақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай мырза "Түркістан" газетінің тілшісімен сұхбатында еліміздегі бірегей музейдің атқарып отырған істері ғана емес, Қазақстандағы музей ісіне қатысты өз ойларын ортаға салған болатын.

– Мемлекет басшысының «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық өркен­деу мен мәдени ілгерілеудің рухани орталығы ретінде Астана қаласында құнды қазыналарды жинақ­тап, халықаралық деңгей­дегі музей ашу турасында шешім қабыл­да­ғанын білеміз. Соның негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің негізі қаланды. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, Ұлттық музейдің белсенді дамуын аңғаруға болады. Осы ретте, Ұлттық музейдің жалпы бағы­ты несімен ерекшеленіп отыр?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың идеясы және тапсыр­ма­сымен есігін айқара ашқан Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі өткен тарихымызды байып­тайтын, рухани мұрамызды зерде­лейтін және бүгінгі дамуы­мызды бағамдайтын аса ірі мәдени орталық. Музей ісінің әлемдік талаптарына жауап беретін бірегей нысанның Орта Азияда баламасы жоқ әрі әлем музейлерінің ондығына кіреді. Бұның өзі мақтаныш етуге болар­лық жайт.

Ұлттық музей дүниежүзіндегі басқа музейлерден айрықша сәуле­тімен де дараланады. Мысалы, Британ музейі, Париждегі Лувр музейі, Ресей музейлері салынып біткеннен кейін біршама уақыттан соң қор сақтайтын қосымша түрлі ғимараттарды тұрғызуға мәжбүр болыпты. Соның салдарынан музейдің жұмысы үшін аса маңызды құрылымдары негізгі ғимараттан тыс жерде қалып қойған. Осындай қателікке ұрынбау үшін Елбасы Ұлттық музейді тұтас кешен ретінде қарастырды.

Соңғы 40 жыл төңірегінде ТМД елдерінің бір де біреуінде дәл осындай мәртебеге лайықты арнайы музей ғимараты бой көтермеген екен, тек ыңғайлы ғимараттар мен жайларды музейге айналдырған көрінеді. Өзгелер ғасырлар бойы жүзеге асыра алмаған жоба елімізде санаулы жылдар ішінде сәулет өнерінің керемет туындыларының бірі ретінде ақиқатқа айналды. Ұлттық музейдің бәсі басқа музейлерден осынысымен де биік.

Атамекеннің айбынын, алаштың рухын асқақтатып тұрған Ұлттық музейден эстетикалық талғам айқын аңғарылатыны сөзсіз. Музейдің кіреберісіндегі 4 сақ жауынгерінің мүсіні ерлік пен өрліктің белгісі болса, төбесінде қалықтап тұрған қыран құс заңғарлықтың нышаны.

Мемлекет басшысы Ұлттық музейдің ашылу салтанатында қыш кітабына өз қолымен «Рухы биік халықтың іргесі берік!» деп жазды. Шынында да, біз рухы биік, арманы асқақ, мұраты мығым ел ретінде өркениет шежіресінің Зерде орталығы бола отырып, келушілерге халықтың өткені мен бүгінін салыстырып, көтерілген биігіміз еңбек пен өнер секілді адамзаттық құндылықтардың арқасы екенін терең түйсінуге жетелей беруіміз керек.

Ұлттық музей үшін тәуелсіз Қазақстанның брэндіне айналған «Алтын адамның» орны ерекше. Халқымыздың мақтанышы болып отырған сақ тайпасының жас көсемі Ұлттық музейдің де мерейін асырып, мәртебесін асқақтатып тұр.

Ұлттық музейге байтақ Отаны­мыздың бай тарихын түгендеу, баянды дәстүрін таныстыру, көнені көздің қарашығындай сақтау және қазіргі құндылықтарды қастерлеу арқылы Қазақстанның төл мәдениетін әлемге танымал ету міндеті жүктелген. Мемлекетіміздің бүгінгі мәртебесі мен мақсатын айқындайтын мәдениет ошағы жоғалғанымызды табу, өшкенімізді жағу және барымызды бағалау ісін атқара отырып, кез келген адамға Қазақстан, оның тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, діні, ділі, тілі туралы түсінік қалыптастырады.

Елбасы айтқандай, «тарихымызда қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Сондықтан біз төл тарихымызды түгендеу мен таныту жолында жан аямай еңбек етуді жалғастыра беруіміз қажет. Бұл бағытта Ұлттық музейге артылар жүктің салмағы ауыр.

Біздің ел музей қалыптастыру ісінен кенде емес, алайда Ұлттық музейдің жөні мен мақсат-міндеті өзге музейлерден бөлек. Аты айтып тұрғандай, мұнда ұлттық деңгейі бар, мемлекеттік маңызы айрықша экспонаттар ғана сақталады. Ол мәдени-ағарту, ғылыми-әдіс­те­­мелік, танымдық-ұйымдастыру істе­рімен де айналысады.

Халықаралық стандартқа сай бол­ған­дықтан Ұлттық музейде жаңашыл технология жетістіктеріне негізделген электрондық ғылыми кітап­хана мен түрлі кәсіби шебер­ха­налар жұмыс істейді. Мұнда тео­риялық білім тәжірибемен ұштас­ты­рылып отырады. Ұлттық музей ұжымының дені жаңашыл жастардан құралған. Біз ғылыми дәрежесі бар, бірнеше тіл білетін, халқымыздың тарихы мен мәдениетінің кәусарына қанып өскен жас жігіттер мен қыздарға лайықты қызмет ұсынатынымызды айтқан жөн.

Өткен жылы Ұлттық музей тәуелсіз Қазақстан музейлерінің тарихында бұрын-соңды болмаған телесайысты жүзеге асырды. Бірнеше кезеңдерден құралған «Экскурсовод» атты имидждік һәм танымдық телебайқау музей ісіне машықтанғысы келетін жас мамандардың арасынан «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» танылған 2 үміткерді таңдап алуды көздеді. Байқауда бірінен-бірі өтетін талантты жастар бақ сынады. Нәтижесінде біз 2 емес, 3 үміткерді Ұлттық музейге қызметке қабылдадық.

Ұлттық музейдегі жұмыстың бар­лығы әлемге әйгілі музейлердің тәжі­рибесі мен кәсібилігіне сай атқа­ры­лады. Мұнда қазіргі заманның жоғары технологиялары қолданылуда. Қазір бізде 85 медиақондырғы жұмыс істеп тұр. Олар халқымыздың тарихы мен мәдениетін терең танығысы келетін ел азаматтары мен шетелдік қонақтарға жәдігерлердің ерекшелігі мен айрықша тарихи орны туралы жан-жақты мағлұмат береді. Ал экспозициялар үшiн заманауи көрме технологиялары: бiрегей доғал экран, медиа-еден, қазiргi Астананың орталық бөлiгiнiң серпiндi макетi, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгiршектер, мультимедиялық жолсерiк пайдаланылады.

Дәстүрлі және заманауи музей ісін бір-біріне кіріктіріп, уақытқа сай синтез жасап отырған Ұлттық музей күні бүгінге дейін бірнеше имидждік ролик түсіріп, қарапайым халыққа жақындай түсу үшін барлық әлеуметтік желілерден аккаунт ашты. Жеке сайтын іске қосып, Ұлттық музейге виртуалды саяхат жасау мүмкіндігін туғызып отырмыз. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін мемлекеттік лицензияға да қол жеткіздік. Осылайша тарихи-мәдени жәдігерлерді тамашалайтын рухани ордадан ғылыми-инновациялық орталыққа айналып үлгердік.

Музей қорларының коллекциялары отандық және әлемдік қоғамдастыққа кеңінен мәлім сонау тас ғасырындағы материалдар мен қоладан жасалған бұйымдардан, сақ-скиф дәуіріндегі бай қазынадан, қазақтың дәстүрлі зергерлік, халықтық-қолданбалы өнерінің үздік үлгілерінен, Қазақ хандығынан бастап қазірге дейінгі құнды материалдардан, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюының куәсі саналатын бірегей жәдігерлерден тұрады. Музейге жинақталған тарихи-мә­дени құндылықтарды келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Ғимарат және оның қор сақтау құрылымдары жәдігерлерді барынша дұрыс сақтауды қамтамасыз ететін арнаулы патенттелген материалдан салынған. Сақтау қорындағы тиісті ауа температурасына, ылғал мен жарыққа қатысты техникалық құрылғыларды кәсіби мамандар қадағалап отырады.

Жалпы ауданы 74 мың, экспозиция алаңы 14 мың шаршы метрді құрайтын музейде Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Алтын залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Астана залы, Заманауи өнер залы, Көрме залы жұмыс істейді. Залдардың бәрінде музей талабы сақталған және тарихи хронология ескерілген. Қазақстанның ежелгі және орта ғасыр тарихы залы палеолит, мезолит, неолит, энеолит, қола дәуірі мен орта ғасыр кезеңін қамтиды. Ұлы Жібек жолына қатысты оқиғалардың заттай айғақтары да осы залдан табылады.

Қола дәуірінің алтын әшекей­ле­рімен бірге ғасырлар сабақтастығын жалғастырған Алтын Орда кезеңіне дейінгі құндылықтарды қамтыған артефактілер музейдің Алтын залына қойылған. Тарих залының экспозициясында Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу, Орталық Қазақстан және Түркістан жерлеріндегі қазақ халқының маңызды тарихи оқиғаларға толы кезеңі көрініс тапқан. Этнография залының экспозициясы көшпелі және отырықшы егіншілік шаруашылық тарихымен қатар дәстүрлі материалдық һәм рухани мәдениетімізді кешенді түрде таныстырады. Мақтанышпен айтуға тұрарлық, жадымызда үнемі жаңғырып тұратын тәуелсіздіктің жарқын беттері – тәуелсіз Қазақстан залы еліміздің 1991 жылы дербес мемлекет деп жарияланған уақытынан бүгінге дейінгі тарихын көрсетеді. Астана залында жаңа елорданың тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы ретінде қалыптасу және даму тарихын баяндайтын маңызды нормативтік-құқықтық актілер, жәдігерлер мен фотоқұжаттық материалдар жинақ­талған. Қазіргі заманғы өнер залына – Қазақстанның түрлі тарихи кезеңін бейнелеген әр буын суретшілерінің шығармалары, ұлттық бейнелеу, кескіндеме, мүсін өнеріндегі даму үдерістері мен мектептерді анықтайтын туындылар қойылған.

Тұрақты экспозициялардың қата­рын­да уақытша көрмелерге арналған көрме залдары бар. Онда көшпелі көрмелер, жеке шығармашылық көрмелер, классикалық өнер мен жаңа бағыттардың тұсаукесерлері ұйымдастырылады.

– Елбасы Ұлттық музейдің ашы­лу рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Жыл сайын Астананы көруге 100 мыңдаған турист келеді. Енді, ЭКСПО кезінде бұл сан миллионға жетеді деп отырмыз. Сол кезде тарихи жәдігерлерімізді лайықты деңгейде ұлықтап, отандастарымызға ғана емес, шетелдік қонақтарға да таныстыра білуіміз керек. Еліміздің өткені мен бүгінгі жетістіктерін жаһанға жарқырата көрсету – біздің ортақ парызымыз», – деген болатын. Ұлттық музей Елордаға келген қауымның, туристердің қызығушылығын тудыра алып отыр ма? Алдағы «ЭКСПО – 17» көрмесіне Ұлттық музейдің дайындығы қалай жүріп жатыр?

– Музей – адамның білігін арттырып, парасатын толықтырып, жанын оятатын қастерлі орын. Көненің көзін, тарихтың өзін көргісі келген адам міндетті түрде музейге келеді. Өз басым музейге келмейтін адамдарды түсінбеймін және оларды музейге кел деп те қыстай алмаймын. Себебі, адамдардың мәдениетсіздігін бетіне басқандай боласың, бұл, әрине, ыңғайсыздау болар еді.

Музейге келу, оны аралау адам­ның ішкі мәдениетін және төл тари­хына деген құрметін көрсетеді. Жасы­ра­тыны жоқ, бізде әлі музейге бару мәдениеті онша қалыптаспаған. Бұл ретте «көш жүре түзеледі» деп өз-өзімізді жұбатудың жөні жоқ деп ойлаймын. Себебі, бұл мәселені Мемлекет басшысының Ұлытауда айтқан сөзіне сыйғызатын болсақ: «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр».

Өткен жылдың 2 шілдесі Қазақс­­­тан­ның мәдени өмірінде тарихи оқиға болды. Дәл осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық музейді ашты. Содан бері бізге келушілердің легі толастаған емес. Бүгінге дейін Ұлттық музейге 200 мыңнан астам адам келді. Олардың арасында шет мемлекеттердің президенттері мен үкімет жетекшілері, дипмиссия өкілдері, мемлекет қайраткерлері мен туристер, немерелерін жетектеген ата-әжелер, дос-жарандары мен туыс-туғандарын бастап келген азаматтар, ұл-қыздарын ерткен ата-аналар, студент-жастар мен оқушылар, тіпті балабақшаның кішкентай бүлдіршіндері бар. Қонақтардың барлығы, оның ішінде шетелдіктер, тарихымыз бен мәдениетімізге ерекше қызығушылық танытып, жауһар жәдігерлеріміз бен мәдени мұраларымызға тәнті болады.

Орайы келгенде айта кетейін, Ұлт­тық музей «Экспо-2017» көрме­сіне қатысты шараларды өткен жыл­дан бері атқарып келеді. Күні бүгінге дейін уақытша көрме залдарында республикалық көрме­лер ұйымдастырылып, оған отан­дық ғалымдардың энергия өндіру бойын­ша инновациялық және биологиялық өнерта­быстары қойылды. Сонымен қатар көрме кезінде «Жасыл эконо­мика» және «Болашақтың энергиясы» бағыттары бойынша баламалы қуат көздерін пайдалану мен энергия үнемдеуге қатысты тың тәсілдер таныстырылды.

Әлем назарын Қазақстанға аудар­татын халықаралық шара шеңберінде елімізге шамамен 5 миллион турист келеді деген мәлімет бар. Ұлттық музей туристердің барлығын құшақ жая қарсы алу, оларды тарихымызбен жан-жақты таныстыру және халықаралық көрме кезінде тақырыптық көрмелер ұйымдастыру ісін абыроймен атқару үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын болады.

– Бүгінгі таңда жалпы елі­міз­дегі музейлердің деңгейі тура­сында не айтар едіңіз? Осы рет­те Ұлттық музейдің жан-жақты қалыптасуында кездесетін түйткілді мә­селелер төңірегінде де сөз қоз­ғасақ…

– Біздегі кейбір музейлердің жасалуы мен жабдықталуы баяғы кеңестік талғамда қалып қойғаны жасырын емес. Жаңа, тәуелсіз қазақ жұртының нышандары байқала бермейді. Онымен әлі ешкім түбегейлі айналысып жүрген жоқ. Екіншіден, музейлердің мәртебесі жіктелуі керек. Мұнда бәрі мидай араласып кеткен. Қала берді табылған құнды заттар ешқандай бағалаусыз сақтаулы тұр. Егер құнды дүниенің барлығын осылайша жай ғана тамашалау үшін жинай берсек, оның аты – музей емес, қойма болып шығады. Демек, музейдегі зерттеу институты, дизайн және технология шеберлері әрбір жәдігерді «сөйлетуі» керек. Музейдің жанында ғылыми-зерттеу институы құрылып, сауатты түрде ғылыми жұмыс жүргізілгенде ғана осы саланың қоғамдағы орны күшейіп, жинақталған жәдігердің тарихи құны артады. Үшіншіден, музейлер мамандану бойынша бөлінуі тиіс. Біздегі музей ісінде ондай түсінік жоқ. Көптің ұғымынша, ескіден қалған немесе жер астынан қазылып алынған заттың барлығын музейге аттандыра беру керек.

Еліміздегі музейлердің бағытын, ерекшелігін айқындап, оларға нақты міндет қойғанда және даму тұжырымдамасын бекіткенде ғана біз музейлерімізді заман талабына сай ете аламыз.

Елбасы Ұлттық музей қазақ елінің тарихын тұтас қамтуы тиіс деген талап қойды. Бүгінгі таңда Ұлттық музейдің алдында ежелгі тас дәуірінен бастап бүгінге дейінгі Қазақстан тарихын тәуелсіздік пен жалпыадамзаттық құндылықтар талғамы мен талабы тұрғысынан көрсету, сонымен қатар, елдік мәселені білім мен ғылым тұрғысынан байыптау міндеті тұр. Осы міндетті мүлтіксіз орындау үшін Ұлттық музей ұжымы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Елдің дұрыс таңдап алынған бағыты арқасында біз көптеген биіктерге – бүкпесіз ашық саясат жүргізуге, Қазақстанға ғана тән экономикалық даму жолына, игілікті әлеуметтік реформаларға – біздің мемлекетімізді айнытпай тануға игі ықпалын тигізіп отырған табыстарға қол жеткіздік. Бірақ басқа бір қабат – нәзік және сонымен бірге қыртысы қалың – рухани қабат бар. Қазақстан тамыры терең жайылған ұлы тарихы бар ел екенін көрсете және дәлелдей отырып, дүниежүзілік аренада біз елімізді осы қабат арқылы паш етеміз», – деген сөзін темірқазық тұтуы тиіс.

Кез келген музей төрінде тұрған экспонатымен мақтанады. Құнды жәдігерлер музейдің мұражайынан (фондохранилище) табылуы тиіс. Алайда арамызда осыны түсінбейтін адамдар бар. Олар ата-бабасынан жеткен құнды жәдігерді бір отбасының немесе әулеттің дүниесі деп қана бағалайды. Осының салдарынан мемлекеттік маңызы бар мәдени мұра музейге жетпей, жұрттың сандығы мен шкафында, шатыры мен жертөлесінде қалып қояды.

«Бабамның бабасының көзі» деп сақтап отырған адамның қолындағы жәдігерді тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Осының алдын алу үшін адамдар «кез келген мұра музейде сақталуы керек» деген елдік ұстанымды ұстануы тиіс деп санаймын. Өйткені музейге тапсырылған зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге, жойылуға ықпал ететін құбылыстардан сақтандырылып, ұрпақтан ұрпаққа жетеді.

Ұлттық музейдің жан-жақты қалыптасуына үлес қосқысы келген адамдар музейге қазақ хандығы кезінен жеткен ту басы мен Төле бидің шапанын тапсырған тұлғалар секілді мемлекетшіл іс атқарғанын қалаймыз. Себебі, осындай игі істер отаншылдық сана мен тарихи танымның қалыптасуына түрткі болады.

Осы ретте әлем музейлерінің арғы-бергі тарихын қозғайтын болсақ, олардың қалыптасуы мен дамуына жеке тұлғалардың тікелей ықпал еткенін байқауға болады. Мысалы, Ватиканның атақты музейі папа Юлий ІІ жинаған өнер туындыларының топтамасы негізінде қаланған. Соның арқасында мүсін мен сурет өнерін бағалаушылар бүгінде Сикстин капелласының фрескаларын, көркем суреттерін тамашалау мүмкіндігіне ие болып отыр.

Ал Каир музейі негізінің қаланғаны үшін екі адамға борышты. Оның бірі – ежелгі ескерткіштердің елден шығарылуына заңмен тыйым салған ХІХ ғасырдағы Мысыр билеушісі Мұхаммед Әли, екіншісі – Каирдегі үйін музейдің алғашқы ғимаратына айналдырған француз Огюст Мариет.

Ежелгі Мысырдың 5 мың жылдық тарихынан сыр шертетін коллекциялар ұқыптылықпен жинақталып, бүгінде 100-ден астам зал мен бай қорларда сақталып тұр.

Королева Изабелла Браганская негізін қалаған Испаниядағы Прадо музейінің коллекциялары билікке келген корольдер, жеке адамдар тарапынан да толықтырылып отырды, нәтижесінде бірегей әлемдік коллекциялар қалыптасты.

Бәрімізге таныс Эрмитаждың негізі Екатерина ІІ-нің 225 картинадан тұратын жеке жинақтарынан құралды. Одан әрі Эрмитаж коллекцияларын орыс императорлары Александр мен Николай толықтыра түсті.

Флоренциядағы Уффици галерея­сы­ның құрылу тарихы ғажап әрі қызық­ты. XVI ғасырда қаланы басқар­ған Медичи Флоренцияның барлық министрліктерін Уффици сарайының арнайы салынған бір ғимаратына орналастырады. Ғимарат меценаттар мен суретшілер сыйлаған картиналармен безендіріліп, ақырында музейге айналып шығады.

Нью-Йорктегі Метрополитен музейінің коллекциясын алғаш рет ХІХ ғасырдағы бір топ бизнесмендер мен суретшілер жинақтайды.

Мұндай мысалдарды келтіре беруге болады. Алайда біз сөзден іске көшіп, Ұлттық музейдің қорын толықтыру арқылы тарихымызды түгендеуде нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Өйткені «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды». Мұны Елбасы «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясында тайға таңба басқандай етіп белгілеп берді.

Таяуда біз ел арасында елеу­сіз жат­қан құнды дүниелерді, ұлты­мыз­дың ұлы тұлғалары қолданған заттарды Ұлттық музейге сый ретінде қабылдау арқылы қоғам назарын тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне аудару мақ­сатында «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция ұйымдастырдық. Акция аясында Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев әкесінің домбырасы мен кемер белдігін, Қасым Қайсеновтің қызы Гүлжаһан Қайсенова батырдың кездігін, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ұрпақтары әкелерінің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендерін, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың іні-досы Абай Балажан композитордың күлсалғышы мен қаракөл бөрігін, Айкен Жұмекенқызы әкесі, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің дипломаты мен портсигарын, Вадим Сидоркин анасы Гүлфайруз Ысмайылованың қыл қаламдары мен сәнді сөмкелерін, Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың төрағасы Донеділ Қажымов ақынның қаламсабы мен қолсағатын ұлттық музейдің қорына тапсырды. Ал қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров өзінің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдерін, Дулат Иманқажы Меккеге жаяу алып барған көк туымызды, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин тастан, қоладан, темірден жасалған жебелер жиынтығын, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым бидің төс белгісін, спорт саңлақтары Серік Сәпиев пен Юрий Мельниченко жеке заттарын Ұлттық музейге аманаттады. Музей қызметкерлері барлық сый-тартуларды ресми рәсімдеп, келісім-шарт негізінде қабылдап алды. Желтоқсан айына дейін жалғасатың акцияның қорытындысында Ұлттық музейге жасалған сый тартулардың көрмесі өткізіледі.

Жалпы алғанда кез келген музейдің мәртебесі қордағы экспонаттардың құндылығымен, сиректігімен, қайта­лан­байтындығымен айқындалады. Халқы­мызда «ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөз бар. Құнды жәдігерлер ешқашан бір отбасының немесе әулеттің дүниесі болып қалмауы керек.

– Өткен жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған музей­тану мамандығына бірде бір талап­кер құжат тапсырмағандығы анық­талды. Осы жылы аталмыш маман­дыққа жастарды тарту мақсатында қан­дай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Ұлттық музей үшін тап қазір басты міндеттердің бірі – маман даярлау. Біз қазір жаңғыртпа (реставрация), қайта құрылымдау (реконструкция) құпиясын меңгерген талантты жастардың қажеттілігін қатты сезініп отырмыз. Бұдан басқа, музейдің нақтылыққа қатысты ділгір мамандарын тездетіп оқытып, әлем музейлерінен тағылымдамадан өткізіп алсақ, көп ұтар едік. Өз еліміз бен таяу шетелден оқып келген тарих, этнология, археология, музейтану, өнертану т.б. мамандарының білімі мен білігін заман талабына сай жетілдіріп отыру да маңызды. Осыны ескеріп, мемлекеттік шетелде кадрларды даярлау жөніндегі респуб­ликалық комиссиясы жоға­рыда айтылған мамандықтарды клас­си­фикаторға енгізіп, квота да бөліп отыр. Өкініштісі, «бүгіншіл» жаста­ры­мыздың көңілі музейтануға қарай бұрылмай тұрғанын да айта кеткен жөн. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Әлі-ақ дәл осы саланы іліп алып, меңгеріп кететін жастар көптеп шығатын болады. Ол үшін біз, музей қызметкерлері, жұмысымызды кәсіптік тұрғыдан жоғары деңгейге жеткізіп, қазақстандық музей жүйесін бәсекеге қабілетті мәдени ортаға айналдыруымыз керек.

– Еліміздегі музей тарихында болма­ған тың бастама сіздерде ал­ғаш қолға алынған екен. Ұлттық музей жанынан ашылған «Халық қазы­насы» ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты бүгінгі уақытта қандай жұмыстар атқаруда?

– Қазақ халқының бай мұрасын зерделеп, төл тарихымызды жаңа қырынан таныту үшін Ұлттық музей жанынан «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты құрылып, оған бірқатар міндеттер жүктелген болатын. Таяуда осы институт Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау мен қорғаудың өзекті мәселелеріне қатысты республикалық жиын өткізді. Онда еліміздің мәдени құндылықтарын қорғау мен сақтаудың заңдық аспектілері талқыланып, тарихи-мәдени мұра­лар­­ды қадағалауға қатысты кем­ші­ліктер күн тәртібіне қойылды. Сонымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқықтық тұрғыда нашар қорғал­ған­дығы және еліміздің тарихи-мәдени мұраларын зерттеу мен сақтау ісіне лицензия беру мәселесі шешімін таппай тұрғандығы талқыланды. Бұған қоса елімізде тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мемлекеттік ортақ база мен электронды порталдың жоқтығы және «ұрлықы археологияның» жүгенделмей тұрғандығы айтылды.

Осы жиында Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау мен қорғауға қатысты қарар қабылданды. Онда 1992 жылы шығып, 2007 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мен пайдалану туралы» ҚР Заңы бүгінгі күн талабына сай еместігіне байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі атап көрсетілді.

Жалпы алғанда, қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген ширек ғасырда барын түгендеп, тарихи жадысын жаңғыртып үлгерді. Ал Президенттің бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық тарихтағы көптеген ақтаңдақтарды ашып берді. Десек те, кең байтақ Қазақ жеріндегі қойнауына тарихтың небір тылсым құпияларын тығып жатқан тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мен қорғау жұмыстары уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеруде уақыт жағынан кешігіп қалдық па екен деп те ойлаймын. Себебі, тарихи-мәдени мұраларымыз құқықтық жағынан қорғауды, бақылауды қажет етеді.

Тарихи құндылығы шексіз әр ескерткіштің өз төлқұжаты болып, есепке алынып, оған қатысты атқарылған іс-шаралардың барлығы жазылып, сарапталып отыру тиіс. Бұл жылжитын (жәдігерлер) және жылжымайтын (қоныс, қала, оба т.б.) тарихи-мәдени мұралардың барлығына қатысты.

Ұлттық музей жанынан құрылған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты мезгіл мәселелеріне жауап іздеуін жалғастыра береді. Былтыр Елбасы бекіткен Қазақстан Республикасы Мәдениет саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеті сала мамандарына үлкен жауапкершілік артып отыр. Себебі, бүгін қойылған сұраққа бүгін жауап беріп, бүгін туындаған мәселені бүгін шешу қажет. Ұлттық музей де, оның жанындағы ғылыми-зерттеу институты да осы бағытта, осы ұстаныммен жұмыс істейтін болады.

– Ұлттық музейдің тағы бір ерекшелігі – шетелдік музей­лермен тығыз байланыс орнатып, олар­дың өнер туындыларын насихаттауда арнайы жобалар мен бағдарламалар енгізіп отыр. Осы орайда, музей нақты қандай елдермен келісімшарт жүргізді және сіздерде қандай көрмелер өтті?

– Ұлттық музей ТМД елдері, Еуропаның музейлерімен ынтымақ­тастық туралы меморандумдарға қол қойып, бүгінге дейін бірнеше халықаралық көрме ұйымдастырды. Өнерсүйер қауым мүсіндер жаратушысы атанған әлемге әйгілі мүсінші Цадок Бен-Давидтің, Ресей этнографиялық музейінің, «РОСИЗО» Мемлекеттік музей-көрме орталығының, «Эрарта» заманауи өнер музейінің көрмелерін, Венгрия суретшісі Джудит Покс пен Ресей суретшісі Яна Волкованың киізден жасаған жұмыстарының фотокөрмесін, Петербургтың атақты суретшілері Латиф Казбеков пен Алексей Талащуктің көрмесін тамашалады.

Таяу болашақта Ұлттық музейде Франция музейлерінің, I Петр атындағы Антропология және этнография музейінің, Фаберже музейінің көрмелерін және Эрмитаж апталығын өткізу жоспарланған. Шара шеңберінде Кунсткамера қорындағы Орталық Азияға қатысты жәдігерлер бойынша каталог шығарылып, бірқатар раритет жәдігерлердің көшірмелері жасалады.

Бұған қоса қалпына келтіру жұмыстары бойынша семинарлар, шеберлік сабақтары, онлайн-конференциялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар бізде Эрмитаж күндері өтеді. Ұлттық музейден Луврдың эксп­о­зи­ция­ларын да көріп қалуларыңыз ғажап емес.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркежан Жұматай

"Түркістан" газеті. 

2772 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper