Анонс


Ұлы Отан соғысы туралы тарихи жадыны сақтаудағы музейлердің рөлі

Дүйсенбі, 25 Мамыр 2020 02:31
Ұлы Отан соғысы туралы тарихи жадыны сақтаудағы музейлердің рөлі KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлы Отан соғысы туралы тарихи жадыны сақтаудағы музейлердің рөлі ерекше. Себебі, музей – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды және тағы да басқа маңызды мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Ұлы Отан соғысы – екінші дүние жүзілік соғыстың құрамдас және шешуші бөлігі ретінде мәңгілік тарихқа енген 1941-1945 жылдардағы Кеңес одағының жауға қарсы соғысы. 72 мемлекеттің қатысуымен және шамамен 62 миллион адамның қаза табуымен ерекшеленген екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті және ауыр кезеңдердің бірі болып мәңгі есте қалды. Ал Ұлы Отан соғысында Кеңес одағының жеңіске жетуіне қазақ халқының тікелей тигізген еңбегі де орасан зор.

Ұлы Отан соғысы туралы тарихи жадыны сақтаудағы музейлердің рөлін «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейінің мысалында алып қарайтын болсақ, мамыр айынан бастап Ұлы жеңістің мерейтойларына арнап кітап көрмелері ұйымдастырылып отырады. Кітап көрмелері тікелей Ұлы Отан соғысына және екінші дүниежізілік соғысқа байланысты әдебиеттерден, құжаттық деректерден және көрнекілік құралдардан тұрып, белгілі бір тақырыптық жүйеде қалыптасады. Көрмелер бірнеше мақсатты көздейді. Сол мақсаттардың біріншісі – көрмеге келуші Қазақстан және алыс-жақын мемлекеттердің азаматтарының есіне бұл алапат соғысты, соғыстың салдарын естеріне сала отырып, болашақта мұндай оқиғаның болуына кедергі болу, достастық пен бауырмалдылыққа шақыру. Ал екінші мақсат - Ұлы Отан соғысында, екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының құрамында шайқасқан қазақстандық азаматтардың ерлігін, жалпы Қазақстанның бұл соғыста ұлы жеңіске жетуге қосқан үлесін дәріптей отырып, соғыс қаһармандары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Қасым Қайсенов сынды ата-бабаларымыздың ерлігі мен естеліктерінің көмегімен болашақ ұрпақты отансүйгіштік, патриоттық сезім, қайсарлық пен табандылыққа шақырып, адалдыққа баулу.

Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстар да ерекше назарды қажет етеді. Музейлерде ғылыми зерттеу жұмыстары музей экспонаттарының негізінде жүргізіледі.

Музейлердің негізгі мақсаттарының бірі тарихи – жадыны сақтау және ғылыми-танымдық қызмет атқаруды іске асыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты. 2020 жылы Ұлы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейінің қорындағы Ұлы Отан соғысы кезеңіне қатысты кітаптар мен құжаттардың зерттелуі жалғасуда. Солардың бірі Ташкент қаласында 1944 жылы басылып шыққан «Бүтін Советтер Союзындағы барлық мұсылмандарға үндеу» атты сирек кітап.

 

Бұл кітап алғаш рет 1943 жылы 15-20 қазан айларында Ташкентте Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (САДУМ) құрылу салтанатына байланысты ұйымдастырылған құрылтайда қабылданған, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан және Қазақстан мұсылмандарына арналған үндеуі болып қазақ тілінде, араб графикасында басылып шыққан.

Ұлы Отан соғысының бастапқы ең ауыр 2 жылы Кеңес одағы қоғамында біраз елеулі өзгерістердің орнауына себеп болды. Бұл екі жыл бүкіл Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің діни, ұлттық, тілдік ерекшеліктеріне қарамастан бірігіп, жауға қарсы жұмыла күресу қажеттілігін айқындады. Кеңес қоғамындағы өзгерістер бұл қажеттілікті ескере отырып жүзеге асырылды, құндылықтар қайта қарастырылды. Мысалы, бұл өзгерістер нәтижесінде дінге де қарым-қатынас пен көзқарас өзгере бастады. Әскери атеизм діни төзімділікпен алмасты.

Осы бір кезеңдер Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (САДУМ) құрылуына септігін тигізді. 1943 жылдың шілде айында Орта Азия мұсылмандарының көшбасшысы, белді діни қайраткер Ишан Бабахан Абдулмажидхан Мәскеуде И.В. Сталинмен кездескен болатын. Осы кездесу кезінде алғаш рет ислам дін негіздерін үйрететін, діни әдебиеттерді шығаруды қадағалайтын, діни істер мен дәстүрлерді қадағалайтын, діншіл азаматтарды заңға бағынушылық пен патриоттық қасиеттер негізінде тәрбиелеуді Діни орталық құру туралы сұрақтар көтерілген болатын. САДУМ құрылуы салтанатына орай ұйымдастырылған құрылтай кезінде қабылданған діни басқармасының Жарғысында жоғарыда аталған пункттер іс-қимылға жетекшілік ретінде көрсетілді.

Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы (САДУМ) – Кеңес одағы құрамындағы Орта Азиялық бес мемлекеттің (Өзбекістан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызтан, Қазақстан) мұсылмандарының ресми ұйымы. 1943 жылы құрылған басқарма 50 жыл қызмет атқарып, Кеңес одағы ыдырағаннан соң жоғарыда аталған мемлекеттер өздерінің жеке тәуелсіз Діни басқармаларын ұйымдастырды.

Жалпы 12 беттен тұратын үндеуде жаудың тарапынан жасалынып жатқан зұлымдықтары, Кеңес одағының әрбір жерінде жүріп жатқан соғыс қимылдарының сипаты мен Ислам мәдениетінің жойылып кету алдында тұрғанын ескертіп, жауға қарсы бірігіп қарсы тұруға шақырады. Бұл кітапты музей қызметкерлері араб графикасынан кирилл графикасына түсіріп дайындады.

Ұлы Жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да кеңінен атап өтіледі. Біздің келешегіміз үшін құрбан болған көптеген адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл күнді Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай еліміздегі көптеген музейлерде шаралар өткізіліп жатыр. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. Өткен тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын бола алады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген ата-бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

 

А.С.СЕРІК, «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейінің меңгерушісі,

Д.М.АБДРАХАНОВ, ғылыми қызметкер

585 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper