Анонс


Музей педагогикасының маңызы Таңдаулы

Дүйсенбі, 18 Мамыр 2020 02:18
Музей педагогикасының маңызы KAZMUSEUM.KZ -  

Музей педагогикасы – мәдени, ғылыми, ағарту салалары бойынша музейдің потенциалын, методологиясын іске асырушы қызметін атқарады. Ендеше,  рухани асыл қазыналарымызды жинақтап, қастерлеп сақтаған құндылықтарын өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, тарихи білім беру үшін– музейге алып келу керек. Өйткені, музей белгілі бір тұлғаны қоғамнан тыс мәдениет әлеміне кіргізіп, биігіне шығарады. Бүгінде біздің ұрпақ тәрбиесінде қалыптасқан білім жүйесіне музейлердің қосар үлесі зор.

Жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында ұлттық құндылықтарды дәріптеуде үшін музей педагогикасының атқарар рөлін ескеруіміз керек. Жалпы, «музей педагогикасы» – біздің оқушылардың ұлттық-мәдени сәйкестілікке қол жеткізуіне, осылайша жан-жақты мәдениетті тұлға тәрбиелеуге еңбек ететін ғылым мен мәдениет саласы.

Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде білім ошақтарының негізгі қызметі – жас ұрпаққа оқу мен кәсіби білім ғана беріп қоймай, жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру.

Музейдегі жәдігерлер оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуге көп көмегін тигізуде. Себебі, оқушыға көп мағлұматты ауызша жеткізгеннен, бір нәрсені көзбен көрсету есте сақтауға тиімді болатыны ғылымда дәлелденген. Музей педагогикасы XX ғасырдың басында батыс елдерінде ғылыми айналымға енгізілді. Осы уақыттан бастап музейлер оқу-тәрбие мекемелері ретінде қалыптаса бастады. Біздің елімізде музей педагогикасы 1970 жылдың басында айналымға ене бастады.

Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігінде бағдарлама ретінде тарих пәні сабағын музейлерде өткізу енгізіліп жатыр. Осы бағытта «Ғылым ордасы» РМК музейлері  мен Алматы қаласы Білім басқармасы біріге отырып жүзеге асыруда. «Ғылым ордасы» РМК-де Табиғат, Археология, Сирек кездесетін кітаптар, Қазақстан ғылымының тарихы  музейлері бар. Музейге келетін 5, 6 сынып оқушылары тарихи айғақтардан тұратын жәдігерлермен танысып, теориялық алған білімдерін визуальды көру арқылы шыңдай түседі. Осылайша, музей мен білім жүйесі бірігіп, адамның рухани байлығы мен тарихи білімін қалыптастыру жолында бір бағытта жұмыс жасауы қажет. Дегенмен, білім жүйесіндегі рухани, патриоттық, тарихи-өлкетану тәрбиесін берудегі тәжірибені музеймен бірлесе отырып жүргізу қазіргі уақытта кең таралған.

Музей педагогикасы түрлі жас ерекшелігіндегі келушілер топтарының қажеттілігін сараптайды, олардың экспозицияларды қабылдау ерекшеліктерін зерттейді және олармен жұмыс істеудің түрлі әдістерін өңдейді. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты экскурсиялар ұйымдастырылады.

Музей педагогикасының негізгі мақсаты – жас ұрпақты музейге тарту, тұлғаның шығармашылық, рухани дамуын жүзеге асыру. Сондықтан, қазіргі таңда музей педагогикасын инновациялық педагогикалық технология деп қарастыруға болады. Оқушы мәдениетін қалыптастыру жүйесінде музей педагогикасын инновациялық технология ретінде пайдалану үшін: көрнекілік; қолжетімділік; материал құрылымының балаларға қызықты болуы; музей коллекцияларымен таныстырудағы жүйелілік, яғни реттілік; ақпаратты қабылдау кезіндегі балалар фантазиясы мен мадақтау, музейлік құндылықтарды меңгерудегі балалардың белсенділігі жатады. Музей экспозициясымен танысу барысында міндетті түрде мектепте өткен теориялық сабақтарды қосу керек. Оларға ойын-сауық, квест сабақтары, интеллектуалды-шығармашылық ойындар, әдеби шығармалар сюжеті бойынша ойындар жатады. Ойындардан басқа схема, аппликациялық коллаждар, суреттермен әрленген музей күнделігін толтыру, сурет салу, ермексазбен жұмыс істеу, ертегі ойлап шығару (музейде көргенінен).

Келешекте рухани асыл қазыналарымызды, мәдени-рухани құндылықтарымызды сақтай отырып, музей педагогикасын дәріптеп, «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті, білімді тәрбиелейік.

 

К.ӨМІРБЕКОВА, «Ғылым ордасы» РМК музейлердің қызметін дамыту және үйлестіру жөніндегі бас маманы

 

Фото: автордікі

 

3399 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper