Анонс


Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Village life» жобасын қолға алды

Бейсенбі, 20 Маусым 2019 00:16
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Village life» жобасын қолға алды KAZMUSEUM.KZ -  

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Village life» жобасын ұйымдастырды.

Жобаның бірінші сапары Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының үздік оқушыларының қатысуымен Сырдария ауданы, Бесарық ауылдық округінде өтті.

Қала жастары ауылдың негізгі кәсібі  - мал шаруашылығымен, атқа міну мәдениетімен танысты. Жоба аясында ауыл шаруашылығына байланысты ұмыт қалған көне сөздер бала жадында жаңғырды, ұлттық салт-дәстүр насихатталды, мал шаруашылығына қатысты ырым-тыйымдар көрсетілді. Балалар сүт өнімдерін жасау, кілем және ши тоқу технологиясымен таныс болды. Қала жастары ауыл шаруашылығына қатысты мамандық (зоотехник, ветеринар, зооселекционер т.б.) таңдауға бағыт алды.

Облыстық музейдің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің Сырдария ауданы Бесарық ауылына ұйымдастырған экскурсиялық-саяхаты қаланың күйбең тіршілігінен бір сәт босап, балаларға ауыл тынысымен тыныстауына мүмкіндік берді. Балалар арасында «Зымыран» ойыны, Кіру және шығу тесттері жүргізілді. Ауылдың таза ауасы мен ұйыған тыныштығы кімді де болса өзіне тартып тұратыны анық.
Балалар да  ауылдың саф таза ауасымен демалып, жанды рахатқа бөлейтін ауыл тұрмысымен танысып, ауылдың ол шеті мен бұл шеті көрінбейтін кең даласында емін-еркін ойнақтап, пейілі таза адамдарды көріп, марқайып қайтты. Балалар жылқыға жалын ұстап мініп, қиқулатып шапқанда ерекше әсерде болды. Қыз балалар әже-апалармен құрт жасап, кілем мен ши тоқып, шат күй кешті. Саяхат барысында төрт түлікке байланысты мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерден топ арасында жарыс ұйымдастырылды. Қазақтың лиро-эпостық жырларындағы батырлар арғымақтарының есімдері еске түсірілді. Ауыл тұрмысына байланысты бұйымдар аталып, атқаратын қызметтері балаларға көрсетілді.

«Village life» жобасы аясында ортағасырлық Қышқала және Бұқартөбе қалашықтарына тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды. Жобаға барлығы 16 қала мектептері қатысады. Саяхат соңында «Ауылдағы бір күн» атты эссе жазып, ұмытылмас күнді қағаз бетіне түсірді. Жоба үздік оқушылар, көп балалы отбасынан шыққан балалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың қатысуына бағытталған.

Жобаның ұраны: «Мың естігеннен бір көрген артық». Сан ғасырлық өмір тәжірибесімен сұрыпталып, сараланып, сана сүзгісінен екшеліп өткен, халықтық қасиетімізді, ар-ұятымызды, адамгершілігімізді, өзара сыйластыққа негізделген ыстық сезімімізді, намыс пен елдігімізді, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді сақтаудың қайнар бұлағы болған ауыл тұрмысы балалар жадында мәңгі қалды деп есептейміз.

 

Әйгерім БЕККУЛИЕВА,

Қызылорда облыстық музейінің бөлім меңгерушісі

2426 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper