Анонс


Семей тарихи-өлкетану музейінің COVID-2019 пандемиясы кезіндегі тәжірибесі

Сенбі, 23 Қаңтар 2021 00:43
Семей тарихи-өлкетану музейінің COVID-2019 пандемиясы кезіндегі тәжірибесі KAZMUSEUM.KZ -  

Жаһанды жайлаған індет музейдің де дәстүрлі қызметіне бірқатар өзгерістер енгізді. Соның бастысы – аудиторияға қашықтан қызмет көрсету. Мәдени және тарихи деректерге ынтық, рухани құндылықтарға құмар музей тұтынушылары үшін барынша еңбек ету – біздің ұжымның қашаннан берік ұстанған қағидасы. Сол себепті, карантин кезінде де түрлі шектеулерді ескере отырып, негізгі бағытымыздан танбадық.

Ғаламтордың, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып жұртқа лайықты дәрежеде қызмет көрсетуге барымызды салдық. Фейсбук, Инстаграмдағы аккаунтымызды жаңартып, «Semeimuzei» ютуб арнасын аштық.

2020 жылды «Ұлы даланың ұстаздары» атты көрмемен бастаған музей ұжымы бірініші тоқсанда «Өнер саңлақтары» және «Тараптарды тоғыстырған – Түрксіб» тақырыбында ауқымды көрме ұйымдастырып үлгерді. Наурыз айының ортасынан карантин талаптарына байланысты қашықтан қызмет көрсетуге көштік. Қазір зер салып көрсек сол наурыздан жыл соңы аралығында Фейсбук, Инстаграмдағы парақшамызда үлкенді-кішілі 150 ден астам мақала жариялаппыз. Оның сыртында жины 80-ге жуық бейнедәріс пен бейнеэкскурсия, тікелей эфир ұсыныппыз. Осы аталған бейнекөрсетілімдердің көрілім көрсеткіші 165 000 санын қамтып отыр! Онлайн қызмет көрсету музей мамандарының тәжірибесінде бұрын болмағандықтан бұл лайықты көрсеткіш деп есептейміз.

Онлайн қызметіміздегі алғашқы шаралардың бірі – «Семей өлкесіне саяхат» жобасы болды. Жоба аясында музейдің әлеуметтік желідегі парақшамызда «Семей және Алаш», «Шілікті алтын адамы», «Киіз үй жиһаздары», «Семейдің білім ошақтары», «Күміс әшекейлер жиынтығы», «Семей және Алашорда», «Қазақ автономиясының – 100 жыл», «Семейдің мәдени өмірі» және өзге де тақырыптарда бейнедәрістер мен экскурсиялар өткізілді.

Қашықтан қызмет көрсету барысында музей мамандарының күшімен тікелей эфир, челлендждер, викториналар, байқаулар ұйымдастырылды. Ғаламтордағы аудитория ауқымдылығы арқасында аккаунт жарияланымдары тек өңіріміздің ғана емес, республика аумағына еркін таралды. Мәселен, «Үйдегі мәдени құндылық» челленджіне Семей, Өскеменнен бөлек Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының, еліміздің өзге аймақтарының тұрғындары белсене қатысты. Нәтижесінде, өткеннен қалған мұраны көздің қарашығындай сақтап отырған қаншама жанұялардың мәдени ақпаратын көпшілікке таныстыра алдық. Сол секілді білімпаз қауымды қызықтыратын интерактивті шара ретінде «Тауып көріңіз!», «Дәуірлер көші» деген тақырыпта викториналар қолға алынды. Бұл сайысқа да қала тұрғындарынан бөлек еліміздің өзге өңірлеріндегі қауым да өлкеміз жайлы зор қызығушылық танытты.

Онлайн форматта ұйымдастырылған айтулы шаралардың қатарына Жеңістің 75 жылдығына арналған мектеп оқушылары арасында өткен сурет байқауын жатқызуға болады. Жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған бұл байқауға жиыны 300-ден астам жеткіншек өз туындыларын ұсынды. Байқау cарапшылары үздік суреттерді анықтап, жеңімпаздар онлайн марапатталды. Жүлде алған суреттер арнайы жарияланды. Оқушыларды осы байқауға жұмылдыруда ұстаздар қауымының да тиісінше белсенділік танытқанын айта кеткен абзал.

Онлайн жұмыстың өзін екі топқа бөліп қарастырсақ; оның бірі бейне, екіншісі жазба материалдар деп жіктеуге тура келмек. Бейне жарияланымдардың түрлері мен олардың 165 мың көрілім қамтығанын жоғарыда айттық. Енді жазба материалдар, яғни, мақалалар топтамасын да тарқата кетейік. Мақалалар мазмұны негізінен музей қорындағы құнды жәдігерлер, музейдің кітапхана қорындағы сирек кітаптар, қаламыздағы тарихи ескерткіштер, өңір тарихында елеулі орын алған маңызды оқиғалар мен құбылыстар, өлке табиғаты, соғыс ардагерлері туралы мағлұматтарды қамтыды. Аккаунта жарияланған жалпы саны 150 мақаланың қай-қайсысы да өз оқырманын тапқаны анық. Соның ішінде анағұрлым қызығушылыққа ие болған жарияланымдар қатарында «Абай өлкетану музейіне атсалысқан», «Қола дәуір қазаны», «Селевин коллекциясы тарихынан», «Семей – живая история», «Шәкәрім ұрпақтарының трагедиясы», «Тарбағатайдың таңбалы тастары», «Времен связующая песнь: Амре Кашаубаев», «Слово Абая – оберег для казаха», «Семей в потоке времени», «Айбарлы Ақтамбердінің ақ кіреукесі», «Тұңғыш қазақ әліпбиі», «Үржар атауы хақында», «Обзор библиотечного фонда. Записки СРГО», «Истоки памяти: музей «Алаш арыстары - Мухтар Ауэзов», «Наша архитектура: двухминаретная мечеть», «Кенесары хан қоныстан ауғанда» жыры», «Үйсінбай би», «Үржар атауының тарихы» сынды тақырыптарды мақтанышпен айта аламыз.

Қашықтан қызмет көрсетудің алғашқы кезеңінде Фейсбук және Инстаграмдағы аккаунттарымызды жаңартумен бірге ондағы достарымызды көбейтуді де жоспарлы түрде қолға алып едік. Нәтижесінде, аккаунтқа жазылушылар (достар) саны кезінде 300 болса, бүгінде 5300 ге жетті! Бұл көрсеткіштің әлі де ұлғая түсетініне сеніміміз мол, сол бағыттағы жұмысты жалғастыра беретін боламыз. Аудитория ауқымдылығының тұрақтана бастауы музей достарының жарияланымдар жайындағы пікірлерін, ұсыныстарын, қөрілім мен оқылым санын біліп отыруымызға жол ашты. Сол арқылы көпшілікті қандай тақырыптар көбірек қызықтыратынын бағамдай білдік. Мысалы, «Ер Қабанбайдың ізі қалған Жайтөбе» атты мақаланы бір тәулік ішінде 4000 адам оқып, жүздеген оқырман өз парақшаларында бөлісті.

Музей ұжымы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында да өз белсенділігін бәсеңдеткен жоқ. Республикалық ауқымдағы ұлы ақын өлеңдерін жатқа оқу челленджін өз дәрежемізде жалғасытырып, «Абай дана, Абай дара қазақта» бейнедәріс ұсындық. Ютуб каналымыздағы осы жарияланым көрсетілімі аз уақыт ішінде 2000-нан асып кетті. Сондай-ақ, парақшаларымзда Абай образында музей экспозициясы бойынша жүргізілген экскурсия легін жарияладық. Музей мамандарының тың бастамасына көпшілік зор қызығушылық танытты. Сол секілді, қыркүйек айында «Semei» телеарнасының 55 жылдығына да онлайн көрме ұйымдастырылды.

Қорыта келегенде, уақыт бізді қашықтан жұмыс істеуге алып келгенімен көпшілік қауыммен байланысты үзбеуге, қайта жақындата түсуге тырыстық дегіміз келеді. Карантиндік шектеулер барыс-келісті тежегенімен шығармашылық қызметке, онлайн байланысқа кедергісін келтірген жоқ. Мәдени мекемелерді жаңа форматта жұмыс істеуге үйретіп, технологиялық тәжірибемізді арттыра түскендей. Оны өз басымыздан өткенген жайымыз бар. Әлем-жәлемі көп әлеуметтік желі аудиториясында ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазынамыз жайлы материалдар легінің арта түсуіне тиісінше үлес қосу азамтаттық борышымыз әрі кәсіби міндетіміз деп түсіндік. Әркім өз жауапершілік шеңберінде қызмет қылуды міндет санаса елдігіміздің еңсесі биіктей түспек. Осы бағыттағы ниетпен қолға алынған шаралар көрермендер мен музей арасындағы байланысты жаңа сипатта нығайтуға септігін тигізді. 

Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі айтулы қиындығымен артта қалған 2020 жылда жоғарыда аталағандай әрекеттер жасады. Бұл біздің мәдени, тарихи құндылықтарымызға ынта-ықыласы зор қауымға қандай жағдайда болмасын қызмет етуге әзір екендігімізді білдірмек.

 

Қайрат САБЫРБАЕВ, музей директоры

1642 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper