Анонс


Музей саласында заманауи технологияларды қолданудың тиімділігі

Бейсенбі, 30 Маусым 2016 12:08
Музей саласында заманауи технологияларды қолданудың тиімділігі KAZMUSEUM.KZ -  

Компьютерлік технологиямен интернет жүйесінің дамуы  музей саласының қалыптасқан дәстүрлі бағытына көп  өзгерістер әкелуде. Ақпараттық технология соңғы жылдары  экспозициялық-көрмелік, жәдігерлерді қорға тіркеу - сақтау,  қалпына келтіру және баспа жұмыстарында кеңінен қолданылып жүр. Музей жәдігерлерін тіркеу - сақтау жұмысынтарына арналған   автоматтандырылған ақпараттық жүйенің (АИС)  енгізіле бастауы осы қызмет түріне жеңілдіктер әкелуде. Бұл жүйенің ыңғайлы болуы сонда ғылыми, қор сақтау, тіркеу, экспозициялық, көрме, қалпына келтіру жұмыстары барысында уақыт үнемдеуде көмегі мол.   

Қазіргі кезде ТМД елдерімен шетелдік музейлерде компютерлік технология арқылы қорға тіркеу және ғылыми сипаттамалар жазу сияқты негізгі жұмыстардың өнімділігін дамыту үшін кеңінен қолданылып жүрген АИС (автоматтандырылған ақпараттық жүйе)  жобасы нәтижесінде нақты музей саласына бағытталған, заманауи музейлердің қажетті атрибуты болып саналатын «КАМИС» (кешендік автоматтандырылған музейлік ақпараттық жүйе), «НИКА», «АС-Музей» жобалары сонау 1970 жылдан басталған болатын.

Музейлік заттарға сипаттама жасауды жүйелендіру мәселесімен көп жылдар бойы шетелдік   мамандар айналысып келеді. 1978 жылы Robert G. Chenhall (АҚШ) және  Peter Homulus (Канада) мамандары алғашқы рет CIDOC  (халықаралық музейлер кеңесі ICOM-ның құжаттама комитеті) мүшелерінің талқылауына 16 ақпаратық категория негізінде затқа сипаттама жазудың ішкімузейлік стандарттық жобасын  ұсынған болатын. Кейінірек 1993 жылы  «NARCISSE (Net Art Research Computer Image Systems in Europe)» кескіндеме және жарық  саласы бойынша халықаралық ақпараттық-іздеу жүйесі жарыққа шығады.  /http://www.nbuv.gov.ua/old_jrn/ Содан бері бұл жобалар қарқынды даму үстінде. Ал ICOM ұйымының тарихына қысқаша тоқталып кетсем, Халықаралық музейлер кеңесі ИКОМ - Үкіметтік емес кәсіби халықаралық ұйым. Ол 1946 жылы парижде құрылған. ИКОМ ұйымының  ЮНЕСКО - да және БҰҰ - ның экономикалық және әлеуметтік  кеңесінде  «А» категориялы ең жоғары консультативтік мәртебесі бар. Бұл ұйымның басты мақсаты халықтар арасындағы түсіністікпен ынтымақтастықты дамыту. Қазіргі кезде ИКОМ құрамында 165 мемлекеттен отыз мыңнан аса жеке және ұжымдық  мүшелері және 15 біріккен халықаралық қауымдастығы бар. ИКОМ құрамына біздің елімізден де бірнеше музейлер кірген, оның көшбасында әрине ҚР Ұлттық музейі тұр. Ал көршілес Ресей мемлекеті Халықаралық музейлер кеңесі құрамына 1957 жылдан бастап кірген екен.

       Сонымен жаңа ақпараттық технологияларды музей саласында кеңінен қолданудың тиімділігі тақырыбына қайта оралсақ негізінен мұндай жобалар жаңа музей салу немесе экспозицияларға белгілі бір себеппен күрделі өзгерістермен толықтырулар енгізу барысында тақырыптық экспозициялармен бірге жоспарланады.

  Жаңа ақпараттық технологияны кеңінен қолдану көрерменге экспозиция мазмұнын терең түсінуге, тақырыпқа қатысты тарихи маңызы бар қосымша деректермен танысуға және  баспалық қызмет түрлерін жеделдетуге де жағдай жасайды. Кейінгі жылдары кеңінен қолданылып жүрген электронды жолбағдар арқылы виртуалды экскурсия жасау әлемдегі алдыңғы қатарлы музейлермен өз жеріңде отырып ақ  танысуға  жол ашып берді. Әрине мұндай мүмкіндіктер  қазіргі заманғы адамзат сұранысына тура табылған жол, елдер арасындағы мәдени байланысты дамытудың да ыңғайлы көпірі.

   Электронды кеңесші, анықтамалық – ақпараттық көмекші, қызықты дереккөзі қызметтерін қатар атқаратын сенсорлық киосклер әлемнің танымал музейлерінде кеңінен қолданылып жүрген құрылғылардың бірі.  АҚШ және Тайланд  елдеріндегі  ауылшаруашылық, кеме құрастыру, баспасөзді дамыту тарихы, суасты әлемі сияқты музейлерде  сенсорлық киоскілер  ұтымды  қолданылған екен. Компьютерлік технологияны терең меңгерген жастар үшін  дыбыстық әрлеумен түрленген мультимедиялық тұсаукесерлер дәстүрлі музей экспозицияларына қарағанда  қызығушылықтарын көбірек тудырады.

Мысалы Австралияның Сидней қаласында көрермен киоскының көмегі арқылы материктің тарихымен терең таныса алады екен. Қазіргі Австралияның картасы берілген киоскіден көрермен кез келген нүктені таңдайды, ол тіпті өзі тұратын үйі немесе оқу орны т.б болуы мүм кін, сенсорлық киоскідегі ақпарат мыңдаған жылдар бұрын дәл осы жерде не болғаны жайлы мәлімет береді. Өз жерінің тарихымен таныстырудың мұндай жолы әрине көрермен санын артуына  таптырмас мүмкіндік.  Флоренциядағы Давидтың мүсінінің биіктігі тұғырын қоспағанда  5,5 метр болғандықтан кез келген көрермен мүсінді толық қарап  көре алмайды, сондықтан оның жанына орналасқан сенсорлы киоскі арқылы мүсінді жан-жақты әр қырынан  тамашалай алады екенсіз.

Сенсорлы киоскіні сәтті қолданған музейдің бірі әлемге әйгілі Лувр. Мұндағы шығыс тарихына арналған экспозицияларға 3 киоск қойылған екен, олар арқылы мыңдаған жылдық тарихқа сапар шеге отырып ислам мәдениетінің тарихынан мол мағлұмат алады екенсіз, мұнда қосымша алты мыңға жуық фотосурттер, 400 ден астам ақпараттық мәтіндер қойылған. Әрине тек  музей көрермені болу арқылы ғана осыншама мол ақпаратпен танысу кім – кімнің болмасын қызығушылығын арттырары сөзсіз.

Ұлы Абай атамыздың жетінші қарасөзіндегі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары...Біреуі-білсем екен демелік. .. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» - деген сөзі есіңізде болса шын мәнінде адам баласы бар ғұмырында білуге – тануға, көзбен көріп қолымен ұстауға талпынады.  Мұны айтып отырған себебім музей көруге келген көрерменге ең ұнамайтын сөз ол:  «Қолмен ұстауға болмайды» - деген ескерту. Әрине қазіргі кезде музейден бейнелеу өнерінің туындыларынан басқа ашық қойылатын жәдігерді  көп кездестіре  бермейсіз. Дегенмен мүмкіндік болып жатса көрермен жәдігерді қолымен ұстап көругісі келеді, жақынырақ білгісі келіп тұрады, бұл табиғи құбылыс. Музей саласында ақпараттық технологияны қолдану деңгейі бүгінгі қарқынмен жалғаса берсе бұл қағидалардың бәрі өзгеруі мүмкін. Оған дәлел ретінде  Бостондағы табиғат тарихы музейінен мысал келтірсек. Мұнда «табиғат ансамблін» құрайтын ландшафтық экспозицияларға қойылған  био топтардың (аңдардың) жанына олардың терілерінің үлгісі жапсырылған екен, бұл әдіс көрерменге аңның табиғи терісін қолымен ұстап, сезіп білуіне мүмкіндік береді. Ал адам дене бітімінің силиконнан жасалған моделі арқылы анатомия ғылымын меңгеріп шыға аласыз.  Нүктелерді басу арқылы адамның кез келген  дене мүшесі туралы толық ақапарат алсаңыз, ал адам қаңқасы болса сіздің велосипед тепкендегі барлық қозғалысыңызды қайталап отырады, сол арқылы  буындар  қозғалысын көзіңізбен көріп бақылай алады екенсіз. Мұндай музейлерді ғылыми ойын-сауық яғни «сайенсинтертеймент» орталығы деп те айтады.

Қазіргі кезде кеңінен пайдаланылып жүрген аудиогидтер де заманауи технологиялардың жемісі.

Музей саласында болып жатқан төңкеріс жыл санап артып келе жатқан жаңа мүмкіндіктермен байланысты. Бұл әрине қуантатын жағдай, дегенмен әрбір жаңалыққа сын көзбен қарап пайдасы мен зиянын ажырата алсақ болғаны.

 

Ғалия АҚПАНБЕКОВА,

ҚР Ұлттық музейінің

«Қазақстан тарихы» бөлімі

ғылыми қызметкері

 

7094 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper