Анонс


Ақтөбеде археология саласы қарқынды дамып келеді

Сейсенбі, 15 Наурыз 2022 22:29
Ақтөбеде археология саласы қарқынды дамып келеді KAZMUSEUM.KZ -  

  Ақтөбе өңірінде археология саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Оған дәлел ретінде қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тарихи құнды, бірегей жәдігерлерді айтуға болады. Бүгінде жергілікті археологтар еліміздің батыс өңіріндегі алдыңғы қатарлы кәсіби мамандар ретінде аталып жүр.

Жалпы «Киелі Қазақстан» жобасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары өңірімізде 2018 жылдан бері жүргізіліп жатқанын, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерінің бар екенін айта кеткен жөн. Маңызды жаңалықтардың бірі 2019 жылы Темір ауданы Тасқопа ауылы маңындағы элиталық қорымнан Сақ-сармат дәуіріне жататын бірегей құнды жәдігерлердің, яғни «Алтын адамның» табылуы.   Археологиялық материалдарға консервациялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану музейінде экпозициялануда.

  Осы орайда облыста 2021-2024 жылдарға арналған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жол картасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. 2021 жылы  аталған жол картасы аясында 12 жоба жүзеге асырылды.

  Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өзендері бойындағы және Доңызтау-Үстірт аймағының тарихи-мәдени ескерткіштерін этнографиялық тұрғыда кешенді ғылыми-зерттеу бойынша табиғи, тарихи, халықтық сәулет өнері ескерткіштерін зерттеу мақсатында Ақтөбе облысы территориясының батыс, оңтүстік-батыс аймағында орналасқан өңірдің қайталанбас табиғи ескерткіштерінің бірі де, бірегейі, ақ борлы Ақтолағай тауларын зерттеу және маңында шоғырланған тарихи-мәдени мұраларды түгендеу жұмысына бағытталды. 

  Ақтөбе облысы аумағындағы араб графикалы тарихи ескерткіштердің (ХІХ ғ.-ХХ ғ. басына жататын құлыптастар) эпиграфикасын зерттеу жобасы барысында төрт аудан аумағында барлығы 121 тарихи қорымдар зерттеліп, 509 араб графикалы эпитафиясы бар 509 құлпытас тіркеліп, аударылды (Мәртөк ауданы аумағында 34, Қарғалы ауданы аумағында 20, Хромтау ауданында 43 және Қобда ауданында 24 ескі тарихи қорымдар).

  Едіге әмірдің және Исатай Тайманұлының жерленген орындарын анықтау мақсатында этнографиялық экспедиция жұмысын, архивтік-библиографиялық ізденіс, геофизикалық түсірілім, археологиялық қазба, антропологиялық талдаулар жасау және генетикалық сараптама жүргізу жұмыстарын ұйымдастыру жобасы аясында геофизикалық түсірілім, оның нәтижесі бойынша археологиялық қазба жұмыстары ұйымдастырылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді.

  Мұғалжар ауданындағы Төлеубұлақ үңгірінің петроглифтері мен оның тарихи-мәдени аймағын зерттеу бойынша далалық жұмыстары барысында бұлақтардың маңында орналасқан тұрақтар анықталып, қазба жұмыстары жүргізілді.   Нәтижесінде бұрын белгісіз айналадағы бұлақтар маңында жаңа Андакулбулак, Шийбулак, Мибулак, Имашбулак орындарында қазба жұмыстары жүргізіліп, неолит дәуірінің ескерткіштері анықталды.

  Жезді қалашығын Байғанин ауданындағы Донызтау аумағында, ерте көшпенділердің археологиялық ескерткіштерін зерттеу жұмыстары жүргізілді.  (Қала тұрғындарының архитектуралық ерекшеліктері мен құрылыс тұрғызу техникасын анықтау мақсатында қаланың шаруашылық бөлігінде қазба жұмысы жүргізілді. Қаланың сыртқы қорғаныс қабырғасы зерттелді. Бұл аумақта қалаға кіреберіс қақпасының маңындағы лабиринт тәрізді құрылыс аршылды. 

  Ақтөбе облысы аумағындағы ерте көшпенділердің элиталық археологиялық ескерткіштерін зерттеу жобасы аясында Мұғалжар ауданы территориясында, Жем өзенінің жағалауында орналасқан Жағабұлақ І, ІІ қорымдарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Барлығы 5 обаға қазба жұмыстары жүргізіліп, құнды  бұйымдар алынды.

  Ақтөбе өлкесінің ежелгі бақташылары мен металл өндірушілері жобасы бойынша археологиялық зерттеу жұмыстары барысында Қарғалы ауданы Қосестек ауылы маңындағы қола дәуіріне жататын Тараңғұл қонысы мен қорымына қазба жұмыстары жүргізілді. Қола дәуірінің қонысының орнын қазу барысында тұрғын жайлардың, тұрмыстық және шаруашылық құрылыстардың орны анықталып, үлкен көлемдегі бұйымдар табылды.

  Сонымен қатар, жоспарға сәйкес «Сакральная география Актюбинской области» атты ұжымдық монографиясы үш тілде, 500 дана қазақ тілінде, 300 данасы орыс тілінде, 200 данасы ағылшын тілінде барлығы 1000 дана таралыммен, «Ақтөбе облысы аумағындағы ерте көшпелілердің элиталық археологиялық ескерткіштері», «Археологический комплекс Тулеубулак», «Горно-металлургические микрорайоны Южных Мугалжар в эпоху палеометтала»  кітап-альбомдары үш тілде шығарылды.

  Ұлттық тарихи-мәдени мұраны жергілікті, республикалық және халықаралық деңгейде насихаттау бағыты  бойынша «Солтүстік Үстүрт (Доңызтау) аймағының аса көрнекті халықтық сәулет өнерінің ескерткіштері» деректі фильмнің 1 бөлімін түсіру жүзеге асырылды. Деректі фильм екі тілде қазақ және орыс тілдерінде әзірленді, фильмнің ұзақтығы 40 мин.

  Сондай-ақ, 2021 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірігіп, Қурайлы-ІІІ қорымында жоспарланған археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.  

 

Мейрам ДҮЙСЕНҒАЛИ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры

1153 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper