Анонс


Сармат дәуірінің бірегей тарихи олжалары табылды (ФОТО)

Сейсенбі, 03 Тамыз 2021 19:30
Сармат дәуірінің бірегей тарихи олжалары табылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық тобы және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірігіп, «Қурайлы-3» қорымында жоспарланған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.  Музейдің аға ғылыми қызметкері, осы салада іс-тәжірибесі мол археолог Аслан Мамедовтің айтуына қарағанда, өткен ғасырдың 70-жылдары дәл осы қорымда қазба жұмыстары жүргізілген екен. Қорым Елек өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қалаға жақын болғанымен, Мәртөк ауданының аумағына кіреді.

Шамамен б.з.д VI ғасырдың ортасы мен V ғасырдың басына жатады. Яғни, 2400-2500 жыл бұрынғы ескерткіш деп айтуға болады. Қорымда сол кездері Електі бойлай көшкен Сарматтар жерленген екен. Билеуші элитаға тән белгілері бар. Мұнда бір отбасы жерленген деген болжам бар. Қазба жұмыстары кезінде 8 адамның сүйегі табылды. Көбі ер адам. Сүйек қасық, темірден жасалған қанжар мен қылыш, қоладан жасалған жебе ұшы бар. Бір ерекшелігі, табылған олжалар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Тіпті кейбірі археологияда алғаш рет табылды. Негізгі сүйек жанында балалар, жасөспірімдер, әйелдер жерленген. Тастан жасалған жәдігер де бар. Қола айна, алтын сырға, сақина, қыштан жасалған ыдыстар табылды.

 Кейбірінде бір, екіншісінде 3-4 адам сүйегі жатыр. Сонымен бірге ат әбзелдері де кездеседі. Қанжар, әшекей бұйымдар, темірден жасалған құрбандық шалатын ыдыс та бар.

 

 Музей археологтары табылған тарихи бірегей бұйымдарды арнайы зертханалық өңдеулерден кейін бастапқы түсінде көруге болатынын айтады.

 

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің

бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері

207 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper