Анонс


Батырлық - біздің салтымыз (ғылыми экспедиция күнделігінен)

Сәрсенбі, 02 Желтоқсан 2020 02:01
Батырлық - біздің салтымыз (ғылыми экспедиция күнделігінен) KAZMUSEUM.KZ -  

«Батырлық бізге айдаладан келген жоқ, батырлық біздің салтымыз» - дейді, батыр Мәлік Ғабдуллин қолжазбаларында. Осы салмақты, салиқалы сөзге нақтылық келтірер болсам, 1944 жылдың 26 сәуірінде Бауыржан Момышұлына  жазған хатында, «Сөз сарыны мынадай ғой: Қазақ – қазақ болғалы көп ғасыр өтті. Оның барлық ерлік-батырлық салты бүгін ғана пайда болған емес. Ол ертеден келе жатыр. Кешегі батыр бабаларымыз батырлықтың үлгілерін көрсетті ғой. Ал бүгінгі қазақ жігіттері сол батыр бабаларының дәстүрін ілгері дамытуда»-деген.  Бұл сөзінен аңғаратынымыз, батырлар ерлігінің тарихи дәуірі сан ғасырлар куәсі, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен ұлт қорғандары, қазақ батырлары екендіктерін баса айтқандығы.

Батыр – ел қорғаны. Қазақ халқы намысты, жүректі, қайсар, батырлық қанында ойнаған халық. Оған дәлел қилы замандардың өзінде жан аямай елі мен жерін жаудан қорғап, намысын арымен қатар қоя білген батырларымыз аз болмағанын жоғарыда айтып өттім. Міне сондай батырларымыздың қилы өмірі мен тартысты тағдырлары жайында зерттеу жұмыстарын Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкерлері қолға алынған болатын. Сол ғылыми-зерттеулер 2016 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батырлар туған бақ мекен»  жобасы болып бекітіліп, зерттеулер жүргізіліп жатты. Аталған жоба 2018 жылы қайта жаңғырып, ғылыми бағыттағы зерттеу жұмысының тақырыбы етіп батыр Баубек Бекмырзаұлы таңдалып алынды.

Қалың бұқараның қамын жеген хандар мен батырларды үш дәуірге бөліп қарар болсақ, бірінші дәуірге Абылай хандық құрған заман десек,  Абылаймен үзеңгілес болған батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбайлар болғаны белгілі. Екінші тарихи дәуірге қазақ хандығындағы соңғы «ханы» атанған, Кенсары Қасымұлы заманы десек, Кенесарының  қанды көйлек жолдастары,  Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұханбетұлы, Иман Дулатұлы, Баубек Бекмырзаұлы, Жәуке Назарғұл және тағы басқа батырлар да болғаны тасқа қашалып тарих беттерінде жазылды.

1916 жылғы Ұлт азаттық көтеріліс кезеңін үшінші дәуір деп алайық.  Ресей империясының іргесін шайқалтқан Ұлт-азаттық көтеріліс оты жер-жерде тұтанып, ірі қозғалыс ошақтары болған Жетісу, Ырғыз, Торғай, Қожаш, тағы басқа да көтерілістер халық мүддесін қорғады. Кеңестік дәуірдің саяси бұрмалануымен бүркемеленіп айтылмай қалған тарихи оқиғалар қаншама. Солардың бірі том-том боп жарыққа шыққан қазақ тарихы жазылған кітаптарының бірінің де беттерінен көрініс таппаған Қожаш көтерілісі еді. Ол кәзіргі Ақмола облысына қарасты Ерейментау өңірі мен Еңбекшілер ауданының жергілікті халқының патша өкметінің мұздай қаруланған әскермен қақтығысқан жойқын соғысы болатын. Көтерілістің қолбасшылары Сәтбай қажы мен Доштай қажыларды сол өңірдің халқы «хан» көтергені белгілі. Бұл көтерілістің соңында башпайы мен бақайшағына дейін қаруланған  патша жасағы Доштай қажының  соңынан ерген 500 әскерін жан-жағынан қоршауға алып, 400 дей әскерін қамауға тоғытып, тұтқыннан аман қалған жүзшақты әскері Торғай көтерілісінің қолбасшысы Амангелді батырға барып қосылған деседі.

1916 жылғы көтерілістің негізгі орталықтарының бірі Торғай уезі болды. Торғай уезінде 13 болыстан тұратын өкілдер патша жарлығына қарсы тосқауылдар қойып, 13 болыс өкілдері қатысқан құрылтайшылардың шешімімен Әбдіғапар Жанбосыновты Торғай уезінің ханы етіп, және Кенесарының сенімді серігі болған атақты Иман батырдың немересі Амангелді Имановты көтерілісшілердің сардары етіп  сайлаған. Әбдіғапар ел билігін соғыс жағдайына бейімдеп, дала демократиясы негізінде құрып, өзін «хан» деп есептемей, «әмір» санады.

Зерттеу жұмысына арқау болып отырған Баубек Бекмырзаұлы Кенесары ханның тұсында өмір сүргенін, Сырым, Исатай, Махамбет, Есет, Жанқожа, Иман, Жәуке батырлармен ел мен жер қорғау мәселелерінде ат үстінде бірге жүргендіктерін зерделеп, әрі қарай туған жері, өскен ортасы, ер жеткен шағы мен батырлық кезеңіне зерттеу жүргізе отырып, кәзіргі уақытта батырдың ұрпақтары кімдер, бабадан мирас болған жерді мекендеп жатыр ма деген сұрақтарымызға жауап іздеу басты мақсат болды?.   

Баубек Бекмырзаұлы Кенесары ханның өкіл баласы болып қолында тәрбиеленген. Баубектің  жасынан хан ордасында жүріп тәрбие алғаны, дана билердің алқалы кеңестеріне қатысып ғибрат алғандығы, атағынан ат үркетін батырлардың жанында жүріп жорық жоспарын құру отырыстарын тыңдап өскендігі мен кейін бала Баубек ер жетіп өзі де батыр атанғандығы мен ақылына аға-билер бас шұлғитын айбынды тұлға болғандығын тарих беттерінен көзіміз шалды.

Баубек Бекмырзаұлының өмірі мен ұстанымы, жүріп өткен жолы өзінің өкіл әкесі болған Кенесарымен өте ұқсас. Кенесары ханның осынау Сарыарқа жерінен кетіп, Жетісу өңіріне беттеуі – Арқадағы қазақ халқы үшін үлкен күйзеліс болғаны рас.

Бұл қоныс кеткен соң,

Көреміз бе, дүние-ай

Мына жатқан Есілдің

Көк орай тартқан өзенін,-

деп 1845 жылы Кенесары ханның соңынан еріп туған жерінен ажыраған елдің арасында Баубек батыр да болған еді. Кенсарының соңынан ерген қалың қазақтың алдында жолайрық іспеттес екі жол жатты, оның бірі Кене ханға еріп соңына дейін шайқасу, не патша билігіне мойынұсынып кері оралу болатын. Кенесары ханның соңындағы қараша халық пен батыр-бағландар бірінші жолды таңдап, ханға берген сөздеріне берік болды. Кенесары хан бастаған қалың елдің Жетісу жеріне баруы, сол жердегі көптеген рубасылардың екұшты саясат ұстанып, тіпті сатқындық жасап Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілістің жеңіліске ұшырауына себепкер болуы, тіпті Кекілік тауында Кенесары мен Наурызбай бастаған ел иелерінің қолға түсіп, қазаға ұшырауы тарихта қалған өзекті өртейтін жайт еді.

Осы аласапыран кезеңдегі шайқастың бел ортасында жүріп Баубек батыр да қырғыздардың қолында тұтқында қалып, бір замандары анасы Шұға жанын сақтап қалған қырғыз жігітінің жақсылыққа жақсылық қайтарған адамгершілігінің арқасында Баубек батыр қырғыз тұтқынынан құтылып, Сарыарқаға аман келген.

Елге аман оралған Баубек Бекмырзаұлы жан-жаққа шашылып кеткен жұртын жинап, елімен бірге тамыр жайып шаңырақ көтерер жайлы қоныс боларлық жер іздейді. Нәтижесінде, көлденең Есілдің бойын таңдап ағайындарын көшіріп әкеліп қоныстандырады. Езілген елден шарапатын аямаған батырдың даңқы күллі Сарыарқаға жайылып, абырой беделі асқақтаған екен.

Патша билігіне қарсы шыққан қиян кескі соғыстан аман-есен келген батырдың өмірі қалыпты болмауы заңдылық еді. Тіпті елген келгеннен кейін батыр Баубек елін біріктіріп, халық ықыласына бөленуі ақ патшаға ұнамаған-ды.

Баубек батыр елімен бірге қоныстанған көлденең Есілдің бойындағы кәзіргі Атбасар, Кима, Жақсы аудандары бұрынғы Торғай облысының территориясында болған болса, кәзіргі кезеңде Ақмола облысы аумағына қарайды. Торғай өңірі жалпы талай азаттық жолындағы соғыстардың куәсі болған дала. Осы тарихи далада ерлік көрсеткен алғаш «Тархан» атанған Шақшақұлы  Жәнібектен бастап, Әбдіғапар Жанбосынұлы, Иман батыр мен Жәуке батырлар тізгіндеген жануарлардың тұяғының ізі қалған қасиетті жер. Осынау қасиетті жерлердің тарихын тереңінен зерттеу арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған мұралардың, бүгінгі күнде жас буынның санасына патриоттық рухта сіңуіне, өз зерттеуімізде тамшыдай болса да үлес қоса алсақ деген ой болды.

Жоғарыда айтылғандай, 2018 жыл басталғаннан «Батырлар туған бақ мекен» атты жобаға таңдалып алынған Баубек Бекмырзаұлының  өмір жолы мен ғұмырлық тарихын зерттеу мақсатында Мәлік Ғабдуллин музейінен құралған ғылыми экспедициялық топ мүшелері Құдайберлі Мырзабек пен Мерген Тоқсанбай Ресей федерациясының Түмен облысындағы Ешим қаласы және Омбы қалаларына ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыстарға барып қайтқан еді. Ол экспедициялық сапарда Түмен және Омбы облыстық мұрағатынан табылған құжаттарды зерттеп, Түмен облысының Ешим қаласы ұлттық мәдени мұсылмандар қоғамының басшысы Жамиля Мурзановамен кездесіп, ол кісінің де Баубек Бекмырзаұлы жайында деректер жинап, шет жердегі бауырластарға, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге семинар, конференциялар өткізіп жүргендігін өз аузынан естіген еді.

 Жамиля  Ахметқызы жинаған деректері мен естіген әңгімелерін музей басшысы Құдайберлі Рахымбекұлына сөз етіп, Ешим қаласындағы Ленин көшесі бойында қарағайдан қиып салынған екі қабатты ғимараттың Баубекке қатыстылығы бар екенін айтып, жол көрсетіп сол жерге апарған екен. Баубек батыр әйелімен бірге сол үйде тұрған деген деректі жеткізеді. Сол уақытта ғимарат «Армиян ұлттық орталығы» болып мемлекет иелігіне өткендігін, ғимарат сырты дуалмен қоршалғандығын көріп, қоңырауын басып, қақпасын қақсада жауап ала алмапты. 

Музей басшысы Құдайберлі Рахымбекұлының ғылыми-экспедициялық зерттеулерден кейін жазған жазбасында «Үлкен үйдің қасбетінен заманында тегін адам тұрмағаны көрініп тұр. Орыстың бір бай шонжарына тиесілі болған шығар. Өз басым айдауда жүрген кісінің мұндай биік ғимаратта тұрды дегеніне сене қоймадым. Ауласының шетін ала шағын шолан үй көрінеді. Мүмкін сол баспанада тұрыпты десе қисыны келетіндей. Алайда үмітімізге де, дүдамалымызға да тиянақ таба алмай, әрі-бері айналып жөнімізге кеттік» делінген пікірінен, Баубек батырдың денесі жерленген жерде де әлі зерттеліп жатқандығын байқауға болады.   

Осынша зерттеулерден кейін 2018 жылы Ақмола облысы Жақсы ауданында «Баубек Батыр өнегесі: аңыз бен ақиқат» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, конференцияға ғалымдар, облыс көлеміндегі игі жақсы азаматтар, Астана қаласында, Жақсы ауданында, Атбасарда, Қимада тұратын батырдың ұрпақтары қатысты. Жиында Баубек Бекмырзаұлының тәлкекке түскен тағдыры, ханға берген адал серті, туған елі мен жерін қорғаудағы ерен ерлігі жайында көп деректер айтылып насихатталды. Осы тұста «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз ойға оралып, қазақ батырларының қайсысы болмасын артында қабырғалы қалың елі қазағы барда, ізін жалғар ұрпақтары тұрғанда елімен бірге мәңгі жасай берері анық.

Биыл 2020 жылдың қазан айының басында Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми кеңесінің отырысы өткізіліп, кеңесте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығы мен батыр музейінің 25 жылдығы қарсаңында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу,  «Батырлар туған бақ мекен» жобасы аясында әлі зерттеліп жатқан Баубек батырдың 2024 жылы келетін 200 жылдығын атап өту жоспарлары бекітіліп, ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

Ғылыми кеңестің мүшесі Бердібай Шалабаев, тағы басқа кеңеске қатысушы ғалымдардың  шешімімен ғылыми экспедициялық топтың құрамы белгіленді. Белгіленген құрам 2020 жылдың 13 мен 17 қазан күндері аралығында Ақмола және Қостанай облыстарына қарасты Жақсы-Амангелді-Жангелді аудандарына ғылыми-экспедицияға аттанды.  

***   ***   ***

Көкшетау қаласынан аттанған ғылыми-экспедициялық топ мүшелері             13 қазан күні Ақмола облысы Жақсы ауданына жетіп, ертеңге жоспарланған  іс-шараның өтетін орыны мен техникалық жабдықтарын әзірледі. 14 қазан күні сағат 11:00 ге белгіленген «Ел жүрегіндегі Баубек батыр тұлғасы» атты мәдени-танымдық іс-шараның мақсаты батыр тұлғасын насихаттау және алда өткізілетін 200 жылдығы қарсаңындағы дайындық жұмыстарымен танысу,      Мәлік Ғабдуллиннің мол мұраларын дәріптеу еді.

Елімізде орын алған әлемдік пандемия салдарын ескере отырып,  аудан орталығында жуырда ашылған Coworking center-ге арнайы шақырылған ауданның елеулі азаматтары жинала бастады.  

Карантин ережесін сақтай отыра басталған шарада  «Ел жүрегіндегі Баубек батыр тұлғасы» тақырыбында музей басшысы Құдайберлі Мырзабек тәлімді дәріс оқып, 2018 жылғы зерттеу нәтижесінің қорытындысы болған «Баубек батыр» деректі фильмі мен музей жұмысының нәтижелі еңбектерінің жиынтығының жемісі болған бейне ролик көрсетілді. Артынша Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмемен таныстырылды. Іс-шараның соңы қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің бірі тұсау кесу дәстүрімен жалғасты. Қазақ балаға, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген халық. «Әрине, қазақ халқының өмірінен орын алған тәрбиенең тарихын жан-жақты түрде қарастыру бұл еңбектің міндеті емес. Ол – өз алдына зерттелетін мәселе. Біздің мақсатымыз – революцияға дейінгі қазақ арасында жас ұрпақты еңбек пен ерлікке тәрбиелеуде халықтың нені арман ететінін және баланы жастайынан тәрбиелегенде оның өсе келе кім болуын көздегенін шолып өту. Мұндай шолудың керек болып отырған себебі, біріншіден, халқымыздың бала тәрбиелеудегі өткен кездегі арман-мақсатымен танысу, екіншіден, оларды бүгінгі күннің тілек-міндеттерімен салыстыру еді» - деп, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кітабындағы  осы бір сөзінің түп төркінін түсінсек, бала тәрбиесі ол ата-ана үшін үлкен міндет екені айтылуда. Қазақтың әдемі дәстүрінің осы іс-шарада жалғасын табуына себеп болған Жақсы ауданының үлгілі отбасыларының бірі, Ермек ағай мен Айнұр апай да Ахмат есімді бөбегінің үлкен азамат болып өсуін көздеп, жақсыдан шарапат тиюін ырымдап, ҚР Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, ақын Құдайберлі Мырзабекке кестірді. Ақын ағамыз ақ батасын беріп, тұлымы желкілдеген Ахматтың тұсауын кесіп, арнауын да арнады.                          

Іс-шараға Жақсы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақанова Роза Аманжоловна, батырдың ұрпақтары Исмагулов Әбілмажит Шаяхметұлы мен Сейдахметов Жанарбек, ауданның соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы Зияда Нұржан, ауыл ақсақалы, қажы Ешімов Ақылбек, Жақсы ауылының құрметті азаматы Мугалова Кәмиля Бекмырзақызы,  аудандық мәсилихат хатшысы Жанадилов Бейсейіт Ақанұлы, сонымен қатар ішкі саясат бөлімі, жастар саясат бөлімі, кітапхана және мәдениет саласының қызметкерлерімен қоса, мектеп басшылары да қатысты.

Іс-шарадан соң экспедиция мүшелері батырдың ұрпақтарының жол бастауымен Ешім ауылындағы Баубек Бекмырзаұлы мен анасы Шұға Болтанқызының бейітіне барып, аруақтарға құран бағыштап зиярат етті. Ешім ауылында тұратын ұрпағы Сейдахметов Жанарбек ағамыз Шұға анамыздың бейітінің басына күмбез орнатып, және Қима-Державин тас жолынан бұрылып бейіт басына дейін апататын көтерме жолды жөндеткен екен. Батыр ұрпағы Әбілмажит Шаяхметұлы батырға арналған ескерткіш жасалып қойылса деген де ұсынысын білдіріп жатты.

                                     ***   ***   ***

Одан әрі экспедициялық сапар Қостанай облысына бет алып, 14 қазан күні түнделетіп Арқалық қаласына жетті. Қала шетінен Арқалық қаласы облыстық дала өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы қарсы алды. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей екі өңірдегі музей саласының қызметкерлері бір-бірімізбен танысып, жөн сұрасқаннан соң, ертеңгі экспедициялық сапарға сан ғасырлық тарихты сақтап жатқан қария секілді, көргені мен білгені мол – қарт Торғайдың сырлы тарихын таныстыру, жол сілтеу мақсатында Батырлан Жұмабайұлы жолбасшы ретінде бірге баратынын айтты.

15 қазан күні таңмен таласа экспедициялық топ Арқалық қаласынан Амангелді және Жангелді ауданданына бет алды. Жолсерік болып ілескен Батырлан Жұмабайұлы  қарт Торғайдың киелі, текті деп аталуының тарихын, оның үстіне Торғай қаласы, Торғай облысы, Торғай даласы, Торғай қақпасы, Торғай ойпаты, Торғай үстірті, Торғай әуені сияқты атауларының шығу тарихының түйінін тарқатқан сүбелі әңгімелерін айта отырды. Жол бойы көзге көрінген әр төбенің сыры жайынан, осы өңірге қоныстанған халықтардың ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы қоныстану мәселелерінен де көптеген мәліметтерді деректер келтіре баяндап келеді. Торғай өңірінде қалыптасқан хандық биліктің құрылуы кезеңі мен терреториялық аумағын картаға түскендей етіп жеткізгенде, сол дәуірге барып қайтқандай күй кештірді. Өңірдің кеңдігі бұрынғы әкімшілік бөліністер бойынша, бір шеті Сыр бойы Қазалыға дейін, енді бір шеті Атбасар, екінші бір шеті Ақтөбеден, Орынборға дейінгі аралық Торғай атырабы, Торғай облысы болғандығын толғана жеткізді. Ұшқан құстың қанаты мен жүгірген аңның тұяғы талатын ұлан байтақ қазақ даласының тұтастығы мен елінің еркіндігі жолындағы саяси күресте, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете білген сол кезеңнің ірі тұлғасы, алғаш ең жоғарғы «Тархан» әскери атағын алған Шақшақ Жәнібек жайында да көп мәліметтер айтылды. Ұлы бабамыз өзі мекен еткен Торғай даласын қоныстанушы арғындар мен қыпшақтарға теңдей бөліп, бергендігі де сөз барысында айтылып жатты. Осы өңірдің ақыны Бұзаубақтың өлеңінде кездесетін «Ертеде біздің қазақ Сыр жайлаған» деген өлең жолы бар шумақтарды жатқа айта отырып, қазақтың құрып кетпеуі үшін, халыққа жайлы аймақтарға көшіп қонып өмір сүргендігіне тағы да көзіміз жеткендей болды. Батырлан Жұмабайұлының әсерлі әңгімесінен, бұл Торғай досты да, жатты да жанашырындай қарсы алған, талай бейнетті өз басынан өткізген өлке екенін аңғаруға болады. Шамамен 600 шақырымды артқа тастап, жүйткіген көлік ішінде құлаққа жаққан тартымды әңгімені тыңдай отырып Амангелді ауданы Тасты ауылдық округіне қарасты аумақта Кейкі /Нұрмағанбет/ Көкембайұлының бас сүйегі жерленген кесенеге де келіп жеттік.

Жеткен бойда, Кейкі батырдың кесенесі алдынан біздің экспедициялық топты Жангелді ауданындағы Торғай музейлері кешенінің директоры Сәрсекей Гүлбану Құлетқызы мен Амангелді ауданындағы Амангелді Иманов атындағы мемориалдық музейінің қор сақтаушысы Әбжанова Камшат Жарылғапқызы қарсы алды. Киелі өлкенің тарихи мұраларын сақтап, құнды жәдігерлерін насихаттаушы екі  аудандарының музей қызметкерлері біздің экспедициялық топ мүшелерімізбен танысып, жөн сұрасқаннан соң, Кейкі Көкембайұлының аруағына арнап құран бағышталып, зиярат еттілді. Кейкі мергеннің батырлық, ерлік жолы мен азапты өмірі жайында Гүлбану Құлетқызы мен Камшат Жарылғапқызы кеңінен деректер келтіріп түсінік беріп өтті. 

Кейкінің қалай көз жұмғаны жайлы Арқалық қаласы облыстық дала өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Батырлан Жұмабайұлы  көнекөз қарттардан естігенін әсерлі етіп баяндап берді. «Қанды оқиға 1922 жылдың наурыз айында, Сүтемгеннің Жәкенінің қыстауында болған. Кейкінің қазасы ауыр әңгіме, ол жайлы қазір көп жазылып зерттеліп жатыр. Жалаулыдағы  батырдың өлтірілген орынына тас қойылып, темірмен қоршалған. Ол жерде ешқандай сүйек жоқ. Кейкінің де, оның жұбайы Ақжан мен інісі Шұбардың да мәйіті қырдан өзенге құйылған жыраның бойына көмілген. Милициялардың ызғары марқұмдарды арулап жерлеуге де мүмкіндік бермеген» дейді, жолбасшы болып жанымызға ілескен сапарлас әріптесіміз.

Сол кезеңде Ресей патшалығы жала жауып, қанша жерден жау көріп, батырдың есімінің тарихта қалуына қомашаулық жасап, батырлығын дәріптеуге тыйым салса да, Кейкі мерген халық жүрегінде мәңгілікке сақталады. Кейкі батыр /Нұрмағанбет/ Көкембайұлы қазақтың теңдесіз батыры. Құралайды көзге атқан қасиет дарығын, жүз жылда бір туатын өр тұлға. Ол 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісте батырлық, ерлік жасап, халқын жауға бермей сол үшін де ақтармен арпалысып, қызылдармен қырқысып өткен һас батыр. Кейкі мерген 1871 жылы Қостанай облысының Битума деген жерінде дүниеге келіп, 1922 жылы Жалаулыда қызыл әскедің қолынан шаһид болады.

Кейкі Күйік қопасындағы соғыста, Торғайға шабуыл және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс – Доғал-Үрпек  шайқасында қайсарлықпен  қарсы тұрып, ерекше ерлік көрсетіп, Ресей патшалығының қаһарына ұшыраған. Кейкі батыр 1919 жылы Амангелді Имановты тұтқындап, өлтіргеннен кейін қудалауға ұшырап, елден жырақтап, бой тасалауға мәжбүр болады. Бой тасалап қызыл әскердің көзіне түспеудің амалын ойлап жүрген Кейкі мергенге жала жабылып, бұқара халыққа түрлі бұрмаланған деректерді сол кездегі «Ақ жол» газеті арқылы жеткізе бастайды. «Ақ жол» газетінің 1922 жылғы, 6 мамырдағы 169 нөмірінде «Қазақстанда Торғай оязында аламаншы құрылды» дегенжелеумен жазылған мына бір дерекке көз салалық.

«1920 жылдан бері қарай Торғай оязында бұрынғы заманнан белгілі қанды білек, жалаңаяқ ұры Кейкі Көкембаев деген бұзық шығып, қасына өзі секілді ұрыларды жиып алып, тыныш отырған халықты мазалап, малын алып, мүлкін талап жүретін еді. Бір кезде Кейкі Торғай оязындағы нағыз барып тұрған большевик болған. Бірақ «арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей арамдығы білініп, сонан соң большевиктен халықты құтқармақшы болып атқа мінген.

1921 жылы жазында Кейкіні ұстамақшы, ұясын таратпақшы болып Торғайдан һәм Атбасардан әскер шығып, Кейкіні ұстай алмаған. Тек бірсыпыра жолдастарын өлтіріп, тобын таратқан. Кейкі бір-екі жолдасымен қашып қолға түспей кеткен. Кейкінің маңына үкіметтің қыспағынан қашқан әр болыстың ұрылары жиылған. Мекені «Арыс» құмы болған. Ол жерде де халықты мазалай берген.

Осы өткен февраль басында Кейкіні ұстауға Торғайдың политбюросы тарапынан 10 шақты кісі жіберілген. Бастығы Александр Токарев. Бұл жолда Кейкіні алдаусыратып, ықтияры мен қаруын тастап келуі үшін Токаревті үгітші етіп жіберген.

Торғайдан барған отряд Арыс құмында Кейкінің тобымен кезігіп, келісімге келіп, ақыры Кейкі Торғайға келуі үшін қару-жарағын Токаревке береді. Бірақ Кейкі мерген қару-жарағын сенімге кіру үшін бергендігі сол күні байқалады.   

Қалаға таяған соң Токарев бір жолдасы мен Кейкіні, оның қатыны мен  інісін алып бірге келе жатқан отрядынан озады. Жолдың алыстығынан Торғайдан қырық шақырым жердегі бір ауылда түнейді. Сол арады  Токарев жолдасты өлтіріп, қасындағы милиционерді тұтқын қылып, қаруын алып Кейкі кейін қарай қашады. Жолда ықтиярсыз ат мінеді, бірен-саран серік тауып алады. Кейкінің басқа он төрт жолдасын алып келе жатқан кейінгі отряд бұл жәйтті естіп, Торғайға лезде хабар жеткізеді. Тұтқындағы он төрт аламаншыны қалаға тапсырып,  Кейкінің ізіне түсіп, Жыланшық өзенінің маңындағы Жалаулы деген жерде  жасырынып жатқан жерінде қолға түсіріп, айуандықпен өлтіріледі.  Өзімен бірге болған аяғы ауыр әйелін және інісі мен жаңадан қосылған екі жолдасын өлтіріп, баукеспеліктің  тамырын кесіп келді.

Торғай еліне және ашаршылық кезіде төтенше жұт болып жүрген Кейкі еді. Енді бұл бұзықтан құтылдық» - делінген.

Кейкі мерген 1922 жылы өлтірілгеннен кейін басын кесіп алады. Кесілген басты Торғайдың орталығына ұзын сырғауылға 30 күн іліп қоюының өзі, ұлттың рухын жығу, ықтыру болса, ақ патшаға қарсы келгендеріңнің алдыңнан шығатын жаза осылай болады деп, қалың бұқараның үрейін тудыру үшін жасағаны анық. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» - демекші, батыр бабалар ерлігі мен рухын насихаттап дәріптеу ұрпақтың парызы, себебі қазақ батырлары  барша халыққа ортақ. Жоғарыда келтірілген деректер, Кеңес үкметінің  қылышынан қан тамып тұрған дәуірінде жазылған. Ал шындығында көтеріліс бүкіл қазақ халқының арман-мүддесі еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қатысушыларының кедей табының ғана дүрлігуі емес, жалпыұлттық дүмпу екенін белгілі. Сол замандарда патша үкіметіне үміт артып, сатқындық жасап, патша билігіне ақпарат беріп отырған жандардың да болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ондай опасыздар қай заманда да кездесетіні анық.  Кей болыстардың теріс қылығы ұлт-азаттық көтерілістің рухын жығып, көлеңке түсіре алмайтыны белгілі.

                                                 ***   ***   ***

Кейкі мерген кесенесінің жанынан жолға қайта шыққан ғылыми-эскпедициялық топ одан әрі Амангелді ауданына беттеді. Алдымызда Гүлбану Құлетқызы мінген көлік жол бастай отырып, аудан орталығындағы «Шұғыла жастар» алаңында Амангелді батырдың мүрдесі жерленген жерге келіп тоқтадық. Батырдың рухына құран бағыштап зиярат етілді. Батыр атындағы мемориалды музейдің қор сақтаушысы Камшат Жарылғапқызы Иман батыр ұрпағы, Амангелді Иманов жайында баяндай жөнелді. «Батырдың мүрдесі үш мәрте жерленді. Амангелді Иманов 1919 жылы қайтыс болғаннан кейін, қызыл әскер Торғайдағы «Партизан сайына» елінен, халқынан жасырып жерленген екен. 1920 жылы бейіті белгілі болғаннан соң, анасы Қалампырдың өтінішімен Бегімбеттің Алакөлі деген жердегі қорымға бәйбішесі Рәш Сайдалықызының жанына әкеліп қояды. Бір жылдан кейін төрт құлақты бейіт орнатып, басына Ұлытаудан әкелінген құлпытас орнатқан. Кейін 1959 жылы аудан орталығындағы «Шұғыла жастар» алаңына әкеліп үшінші мәрте қайта қояды. Мүрдені жерлегеннен соң, архитектор А.Токарь пен мүсінші Х. Наурызбаев батырдың қазіргі тұрған ескерткішін орнатып, бейітінің басындағы құлпытасты орнатқан» деді.

  «Батырлық біздің салтымыз» деп Мәлік Ғабдуллин айтқандай, батырлық қасиеті ұрпақтан ұрпаққа дарыған Иман батырдың ұрпағы Амангелдінің басына тағзым етілгеннен кейін, жергілікті өкілдердің жол бастауымен экспедициялық топтың бағыты Сатыбалды Ишан Ғабдоллаұлы, Омар Кәлпе Тепекұлы, Файзолла Құранқари Сатыбалдыұлы жерленген кесенеге келіп Ишандар рухына тағзым жасалды.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, бабалар рухына тағзым жасалғаннан кейін, жұмысымыз одан әрі аудан орталығындағы Амангелді батыр атындағы мемориалды музейде жалғасты. Батыр атындағы музей еңсесі биік ғимаратта орналасқан екен. Сағат 11 ге жоспарланған «Мәліктің ұраны болған халықтың қыраны» атты тағылымды кешке арнайы шақырылған жергілікті жұртшылық алдымыздан жылы шыраймен қарсы алды. Өткізілетін кештің мақсаты қан майдандағы от пен оқтың арасында жүрген қазақ жауынгерлерінің ұран болған Амангелді батырдың елін және Торғай өңіріндегі тарихи тұлғаларға қатысты нысандарды аралап, ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинау. Сонымен қатар осы өңірге Мәлік Ғабдуллин тұлғасын дәріптеп, өнегелі өмірін насихаттап, биылғы жылы 25 жыл толып отырған батыр музейінің қызметімен таныстыру болды.

Жиынға ауданның бетке ұстар азаматтары, атап айтсақ Амангелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Дауылбай Есім, ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері  Уахитов Балтабай, медицина саласының ардагері, ақын, ауданның құрметті азаматы Құтжанова Төлеутай, ардагер ұстаздар Махатов Жеңіс, Төлегенов Ағыбай, Сейтқалиев Оңдаған, Ержанов Қырымкерей сынды ауданның құрметті азаматтары арнай шақырылған екен. Жиналған жұртшылыққа Мәлік Ғабдуллин музейінің басшысы Құдайберлі Мырзабек «Батырлар даңқы ұрпаққа өнеге» тақырыбында дәріс оқыды. Және Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығы баяндалатын жылжымалы көрмеменде таныстырылды. Сөз соңында тарихи тұшымды мәліметтерге қаныққан жергілікті тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп жатты. Ежелден еркіндік пен ерліктің бесігі болған өр Торғай қай заманда да азаттық үшін арпалыста бұғып қалмағандығы белгілі. Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісте Кенесарының сенімді серіктері болған Иман, Жәуке, Қошқар, Шәкір батырлар есімдері соған дәлел. Іс-шарадан соң Батыр музейінің эксозициялық залдарын аралап, батырдың жеке тұтынған құнды жәдігерлері мен кіші жары Балымның беліне таққан белдігі көзімізге түсті. «Татыр шайқасы», «Торғайға шабуыл» деп аталатын диарамалар мен қару жарақтарды көргенде құдды бір сол заманда жүргендей әсер алдық. Осы бір тамаша әсерден соң сапарымыз қайта жалғасты.

***   ***   ***

Алдымызда ұзақ жол. Жолдың алыстығына қарамай әр тарихи сәттен алған әсерден күш алып, бұрынғы Батпаққара деп аталатын киелі мекеннен аттанған экспедициялық топ, Амангелді ауданын 50 шақырымға артқа тастап, Тоқанай ауылынан 95 шақырым бұрылыста жатқан Бидайық елді мекеніне бет түзедік. Бұрылыста жатса да Бидайыққа соқпай өту мүмкін емес еді! Оған себеп Алаш қайраткері, ұлт зиялысы болған Міржақып Дулатұлының кесенесі мен музейі Жангелді ауданына қарасты Бидайық ауылында орналасқан. «Киелі жер иесіз болмайды» демекші, іңір қараңғылығына қалмай діттеген жерге жетіп алу басты мақсат болды. Көтерме жолдың кедір-бұдырына кідірместен жүйткіген көлікпен Қызбел ауылының тұсынан өттіп бара жатып, Ғафу Қайырбековтың Қызбел тауы мен елді мекенін көз алдыңа келердей етіп жеткізген жыр жолдары ойға оралды.

Арқада жер еркесі Қызбел деген,
Аралап алуан жүрдім Қызгерменен.
Табар жан қайда барып жерұйықты
Қызбелден, сірә, күдер үзгенменен!
Арқаның қысы қатты ызғарлы ма?
Ызғардан ақ бетінде із қалды ма?
Салдыртып саржорғамен қашан барсаң,
Қызығын Қызбел сенен қызғанды ма? – деп келетін жолдарында

алыптар мекенін керемет суреттейді. Қызбел ауылынан да өтіп ел орынға қонбай тұрып Бидайыққа жеттік. Ауыл шетінен бой көтерген  кесененің жанына келіп тоқтадық. Қуғынмен басталып, азаппен аяқталған ұлы ғұмыр иесі Міржақып Дулатовтың кесенесі мен музейі бір-біріне қарама-қарсы  орналасқан екен. Ғылыми-экспедициялық топпен жол бастаушыларды ғимарат алдынан Міржақып Дулатов кесененің шырақшысы, музейінің қызметкері, Алаш қайраткерінің ұрпағы Бірманов Нағашыбай ағай қарсы алды. Қазақы қалыппен жөн сұрасып біліскеннен кейін, Нағашыбай ағайдың ізімен кесененің ішіне ендік.

«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» - деп жырлаған алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, көркемсөз шебері, ақын, драматург, журналист  Міржақып Дулатовтың рухына құран бағыштап, зиярат етілді.

Кесененің шырақшысы, қоғам қайраткерінің ұрпағы Нағашыбай ағамыз Міржақып бабасы жайында бізге баяндап берді. «Алашқа азаттық әперу жолында басын ажалға тігіп, тағдырын тәлкекке салған ер, айдауда жүріп осыдан 85 жыл бұрын 1935 жылы 5 қазанда Карелия мемлекетінің Беламор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеп жүріп ауыр науқастан көз жұмған еді.   «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жасты» - деп, Алаш қозғалысының бел ортасында жүріп, кең далада алаңсыз өмір сүріп, малын бағып, бейқам отырған халқын оятып, оларды ілім-білімге шақырып,  ұлтына, тіліне жанашыр бола жүріп ақ патшаның қаһарына ұшыраған болатын.  1989 жылы Карелия елінен Міржақып Дулатов бабамыздың жерленген жері анықталғаннан соң, қызы Гүлнар Дулатқызының бастамасымен, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов, танымал журналист Қайсар Әлімнің, тағыда басқа ғалымдардың қатысуымен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына әкеліп жерлеген еді» деп сөзін түйіндеді.

 Ұлтымыз бен тіліміздің жанашыры болып, қазақ халқын білімге шақырудағы шырақшысы болған баба кесенесінен шығып, музейіне беттедік. Музей қызыл кірпішпен өрілген екі қабатты ғимарат екен. Музей ішінде Міржақып Дулатовқа тиесілі құжаттар мен фото суреттердің көшірмелері, қызы Гүлнардың киген киімі мен Міржақып атамыздың бейнесі бейнеленген түкті тоқыма кілемдер қойылған. Тағы бір көзімізге түскен дүние, баба мүрдесімен бірге әкелінген Карелия еліндегі жерленген орнында есімі жазылып қойылған белгі және сол елдегі жазалау лагерін бейнелеген диарама болды. Алаш көсемдерінің бірі болған Міржақып атамыздың музейінен көп дүниені бойға түйіп сыртқа шықсақ, күн көкжиекке қызара еңкейіп бара жатқан кезі екен. Ұлт зиялысының орынын ойсыратпай, бар қазынасына иелік жасап отырған ұрпағы Нағашыбай ағаймен  хош айтысып жолға қайта шықтық. Ендігі барар жеріміз «Батырлар туған бақ мекен» жобасы аясындағы ғылыми-экспедициялық сапарымыздың шекті нүктесі Қарт Торғайдың өзі.

Күн еңкейіп ұясына батқан кез. Торғайды бетке алып барар жолда ән мен жырға арқау болған «Жәркөл», даңқты «Татыр» көлдерінің жағалауларымен жүйткіп отырып аталған шаһарға аман-есен жетіп жығылдық.

Киелі Торғайды жазушы, драматург Әнес Сарай Төлендіұлының «Алаштың табаны - Торғай» - деп жазған жазбасын оқыған болатынмын, олай деуі Алаш қайраткерлерінің жеті көсемі болса, оның екеуі Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов осы өңірдің тумалары екендігінде. Киелі Торғайдың тағы да бір тау тұлғасы ақын Ғафу Қайырбеков туған өлкесін «ішіне оқиғаны сықап, тиеп, тарихтың қойып кеткен арбасындай» деп суреттеуі, бұл мекен қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы жойқын қақтығыстарының куәсі болып, ғасырлар бойы ұмытылмастай тарих қойнауында таңбаланып қалуы. Қасиетті мекенге арналған естелік жазбалар мен тарихи деректер өте көп.

Ғылыми-экспедициямыздың төртінші күні басталды. Яғни 16 қазан күні сағат 11 ге белгіленген «Мәліктің ұраны болған халықтың қыраны» деген тақырыптаға іс-шараның өтетін ауақытына дейін, Жангелді ауданы орталығы Торғай қаласындағы тұлғалық музейлерді аралап шығу басты жоспарларымыздың бірі болды. Торғайды «қала» деп айтуымыз, бекер емес. Яғни 1845 жылы іргетасы қаланған бекініс 1868 жылы ресми түрде «қала» атанған. Сол мәртебе осы күнге дейін алынған жоқ.  Осынау қасиетті, қадірлі, киелі Торғайдың тарихын тереңінен насихаттайтын, алақандай ауданда бес бірдей музейдің бірін-бірі қайталамайтын тарихи жәдігерлерге ие болып отыруының өзі мақтаныш. Атап айтар болсам, 1983 жылы Торғайдың топжарғаны атанған Нұрхан Ахметбековтың музей-үйі  ашылса, 1984 жылы Әліби Жангелдин музейі ашылған, 1988 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалды-педагогикалық музейі халықтың қаражатына ашылған болса,  1991 жылы Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейі және 1993 жылы Шақшақ Жәнібек атындағы музей пайдалануға берілген екен. Осы күнге дейін аталған музейлер өз жұмысын жасап, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Жаңа келбеттегі Торғайдың ең көркем  тарихи орталығының бірі -  ол Ыбырай Алтынсариннің 1864 жылы 8 қаңтарда қазақ халқы үшін ашқан алғашқы сауат ашу мектебі. Мектептің іргетасының орнына қаланған ғимарат қазіргі уақытта Ұлы ағартушының атындағы мемориалды-педагогикалық музей.

Басты мақсаттарымыздың бірін іске асыру жолында 16 қазан күні ертелетіп жоғарыда аталған  музейге келдік. Музейдің экспозициялық залдарымен таныса жүріп, ұлт ұстазының тұңғыш жазған әліппесі, сол мектеп қабырғасында сыңғырлаған қоңыраулардың түр-түрлері, ұлы ұстаздың құнды мұраларын көзбен көру бақыты бізге бұйырған екен. Музейдің ішкі экспозициялық залдарымен таныстырып жүрген Торғай музейлер кешенінің бас қор сақтаушы Ертасова Ләззат Тайшығарақызы мен Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі  Рахымбекұлы Ұлт ұстазы болған Ыбырай Алтынсарин мен ғалым, батыр Мәлік Ғабдуллиннің байланысы жайында сөз қозғап, пікірлесті. Ыбырый Алтынсариннің 100 жылдығын атап өтуде Мәлік Ғабдуллиннің сол кездегі Қазақ ССР Халық ағарту комиссарыТөлеген Тәжібаевқа жазған хаты Мәлік Ғабдуллин музейінің қорында сақтаулы екендігі айтылды.

Аталған музейден шығып, Ахаң мен Жахаң атындағы әдеби музейге бардық. Бұл музейден алған әсеріміз тіпті шексіз. Бұл нысан өзінің түпнұсқа жәдігерлерінің көптігімен ерекшеленеді екен. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарының алақаны тиген әр бұйым – баға жеткісіз қазынамен тең. Сондай-ақ осы музейде өлкенің әдебиет, мәдениетінде өшпес ізі қалған тұлғалар жайлы мол мағлұмат алуға болатыны байқалды. Алаш қайраткерлері болан тұлғалардың музейлерінен шығып, Торғайдағы Шақшақ Жәнібек, Әліби Жангелдин, Нұрхан Ахметбеков музейлеріне барғандағы әсерлі сәттерді тілмен айтып жеткізу мүмкін де емес. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, әр музей өзінің құнды жәдігерлерімен баурап алғаны сонша уақыттың қалай өткенін де сезбей қалдық.

Сағат 11 ге белгіленіп қойған іс-шарамыздың өтуіне санаулы минуттар қалған-ды.  Торғай кентінің тұрғындары асыға күтіп отырған іс-шарамызды көп күттірмей бастау үшін асыға басып өткізілетін орынға бізде келіп жеттік. Ұлт ұстазы атындағы музейдің есігінен кіре бере жиналған халық бізді қарсы алды. Іс-шараға арнайы шақырылған меймандар Ардагерлер кеңесінің орынбасары, ауыл шаруашылық саласының ардагері, ауданның құрметті азаматы Әбжамалов Тыныштық, Жангелдин ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қошеметова Жадыра Қуанышбекқызы, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дүйсенова Сәуле Бақытжанқызы, және аудандағы бес музей қызметкерлері келіп қатынасты.

Тағылымы мол іс-шара қазіргі уақыттың талабына сай карантин ережелерін сақтай отырып, отызға жуық келушілердің қатысуымен өтті. Іс-шараның алғашқы сөзі Торғай музейлері кешенінің директоры Сәрсекеева Гүлбану Құлетқызының сөзімен басталып, артынша Арқаның кербез сұлу Көкшетауынан барған Мәлік Ғабдуллин музейінің басшысы Құдайберлі Рахымбекұлының тағылымды дәрісімен жалғасты. Екі тарап басшыларының ғылыми-тәрбиелік бағыттағы дәрістерінен соң, Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалды-педагогикалық музейімен Мәлік Ғабдуллин музейінің арасында ынтымақтастық келісім меморандумына қол қойылды.  Тағылымды дәрістен тұшымды ой түйген осы кенттің тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып пікір алмасыпта үлгерді. Іс-шараның қатысушыларына Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрме таныстырылды. Жиналған меймандар рухани тыныс алып, өз ризашылықтарын да білдіріп жатты.

 Сонау Көкшеден үлкен үмітпен келген ғылыми-экспедиция мүшелері тарихы терең Торғайдан  рухани әсер құшағында елге аттанды.

 

Б. АЙТМАГАНБЕТОВ,

Мәлік Ғабдуллин музейінің

 ғылыми қызметкері

4322 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper