Анонс


«Жаһандану заманындағы негізі тренд – интерактивті музей»

Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2019 16:48
«Жаһандану заманындағы негізі тренд – интерактивті музей» KAZMUSEUM.KZ -  

Қазіргі заманғы музейді мультимедиялық интерактивті технологияларды пайдаланбай елестету мүмкін емес. Жаңа технологиялар музейді қызықты, есте қаларлық етуге мүмкіндік береді. Мақалада музей саласында жаңа технологияларды қалай қолдану керектігі туралы ой-пікір айтылады.

«Бильбао эффектісі» туралы не білесіз?

Құлдырауға ұшыраған  Испанияның Бильбао қаласы тығырықтан шығу жолын іздеп, қалада музей салу туралы шешімге келеді. Сол музейге көруге келген туристердің есебінен қала гүлденіп, экономикасы жоғарылады. Осылайша «Бильбао эффектісі» пайда болды.

Оңтүстік Калифорния университетінің докторы Мартин Гильберт бастаған ғалымдар қазіргі адам, осыдан 30 жыл бұрынғы адамға қарағанда, күніне 5 есе көп ақпарат алатынын есептеп шықты. Ал, орта ғасырдағы адамның өмір бойы алған ақпаратын қазіргі адамның миы бір аптада алады екен. Оның бәрі пайдалы ақпарат дей алмаймыз.  Қазір бәрімізде: уақыт тапшы; том-том кітап оқитын адам азайып барады. Біз тез, қысқа және қолжетімді ақпаратты алуға дағдыланып барамыз.

Елімізде 18 млн. тұрғын бар десек, еліміздің Ақпарат министрлігінің ресми дерегі бойынша: смартфон саны – 26 млн.

Ендеше, музей де сол адамдар отырған ортадан – яғни, телефонның, гаджеттердің ішінен табылуы тиіс.

 

Заманауи музей қандай болмақ?

Бүгінгі таңда музейдің маңыздылығы тек ұлттық игіліктің қазынасы немесе ғылыми институт ретінде ғана емес, тұлғаның мәдениет арқылы өзіндік сәйкестендіру орны ретінде де ерекше өзекті болып отыр. Әлемде музей құрылысы қарқынды дамуда. Әсіресе интерактивті музейлер саны көбейді.

Интерактивті музей деп, аудиториямен диалог жүргізуге бағытталған, техникалық және технологиялық жағынан жабдықталған музейді атаймыз. Технологиялар қатарында: видеошоу, панорамалық проекциялар, виртуалды шындық, интерактивті макеттер, 3Д инфографика, видеоқабырғалар және тағы басқалар бар. Алайда интерактивтілік әрдайым техникалық құралдармен шектелмейді. Жаңа технологияларды талап етпейтін экскурсиялар, келушілермен сұхбат, мастер-класстар, викториналар, концерттер және т.б.  өзекті болып табылады.

Музей сайттары да интерактивті сипатқа ие болды. Олар ақпаратты ұсынып қана қоймай, көрермендерге анимацияланған жоспарлар мен схемалар, бейнепанорамалар, ыңғайлы іздеу жүйелері, ойындар, чаттар, билеттер мен кітаптарды, кәдесыйларды онлайн сатып алу және т.б. музеймен байланыс жұмысының жаңа формасын ұсынады.

 

Экспозицияда көрсетілмеген экспонаттарды келушілерге қалай көрсетеміз?

Келушіге шын мәнінде көрсету қиын немесе мүмкін емес экспонаттар бар, яғни қорларда сақталған немесе жоғалған, тым кішкентай немесе үлкен көлемде. Ондайда бейнемэппинг, голографиялық витриналар және басқа да инсталляциялар көмекке келеді.

Мультимедиялық инсталяциялардан әркім өзіне қызықты ақпараттарды алады. Ол музейдің жарнамалық, маркетингтік жұмыстарын нәтижелі жүргізуге септігін тигізеді және музейге келушілердің қызығушылығын арттыратын, музей экспозициясын байытатын басты құрал.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі экспозициясындағы Жайық қалашығын Сіздерге қалай көрсете аламын?

Осы ретте виртуалды Жайық қалашығы көмекке келеді. Жаңа технологияның көмегімен мәдени және тарихи ескерткіштерді, экспонаттарды, жоғалған объектілерді қайта қалпына келтіріп, виртуалды түрін қалыптастыру және көрсету мәдени мұраны сақтаудың сапалы жаңа деңгейіне көшуге, ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда дүние жүзінде виртуалды шындық жүйесі үшін мәдени мұра құру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде.

Нарықтық қатынастардың дамуымен музейлерге қаржы тапшылығына ұрынбай, іскерлік қызметінің белсенділігін арттырып, бәсекеге қабілетті болу қажеттілігі туындады.

Әр залда мониторлар тұрғаннан гөрі жаңа технологиялар залын жасақтасақ дейміз. Жаңа технологиялардың көмегімен тас ғасырдан бастап бүгінге дейін саяхаттап келгендей әсер беретін, үлкен ақпарат беретін жағдай жасағымыз келеді. Тарихи тұлғалармен тілдесу, шалғайдағы тарихи орындармен тікелей эфирде байланыс жасау жобасын жоспарлап отырмыз. Бұл шығынды талап етсе де, соңынан қайтарымы көп болатыны сөзсіз.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Интерактивті музей» жобасы аясында  «3Д форматтағы  кітап», жәдігерлер негізінде кәдесыйлар /магниттер, күнтізбелер/, «Музейге жол» жобасы аясында балаларға арналған тарихи құндылықтарды насихаттайтын «Алтын ханшайым», «Ер қаруы – бес қару», «Жауһар жәдігерлер» атты бояу кітапшалары шығарылуда.

Облысымыздың тарихы мен тұлғаларына қатысты ертегі-аңыз жазып, кітапша, мүсіндер жасап шығарсақ, балаларымыз шетелдік кейіпкерлерден гөрі ұлт батырларын біліп өсер еді. Мәселен, «Алтын ханшайымның» ескерткіш статуэткаларын жасаттық. Көрген адам ерекше қабылдауда.

 

Музейге келушілердің санын арттыру үшін не істей аламыз?

Осы сұраққа жауап іздеу барысында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы дүние жүзінің ең танымал музейлері мен адамдар ең көп баратын туристік нысандарын, шама келгенше, саралап шықты.

«Бұл орындарға неге соншама құмар болды?» – деп сауал төңірегінде ой жүгіртіп көрелік.

Ең басты себеп – аталмыш орындардың мәдени-тарихи брендке, сәнге айналдырылуы. Мәселен, Батыс Қазақстаннан табылған «Алтын ханшайымды» өңірдің брендіне айналдыруға болады.

Сондай-ақ, музей тарихын танымал ету, тарихи ғимараттың келбетін жарнамалап, брендке айналдыру ісін қолға алдық. Бүгінде «Орал қаласы» десе, Ақжайық өңірі бас музейінің ғимараты еске түсіреді.

Бұл – ғимарат суретінің – кітаптарда, басылымдарда, желілерде, көшедегі банер мен аялдамаларда кең таралуының нәтижесі.

Сол сияқты қаламыздағы «Алғашқы дәріхана», «Тарихи көпір», «Алғашқы электр жарығы жанған орын», «Хан көтерген орын», «Кеме бекеті» сияқты туристер міндетті түрде көруі тиіс орынға айналатындай тарихымыз бар. Мәселен, Орал қаласына келген қазақтың көптеген даңқты ақын-жазушылары С.Сейфуллин, Т.Жароков, Ғ.Мүсірепов, Х.Есенжанов және Орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкин және т.б. тоқтаған тарихи ғимараттар жетерлік.

Осы секілді аңыз орындар қалыптастыру, тарихи мекендерді жарнамалау арқылы туристерді тартамыз.

Бұл – Ресейдің бес облысымен шектесетін БҚО үшін ресейлік туристерді тартудың керемет жолы.

Қорытындылай келе, қазіргі таңда музейлердің әлемді өзгертуде жетекші рөл атқаруы үшін билік, дарындар мен адам ресурстары жеткілікті. Біздің, музей қызметкерлерінің алдында тұрған міндет - заманға сай музей ісінің жаңа мазмұны мен формаларын құру. Бұл – ұзақ уақытты талап ететін процесс. Жаңа технологияларды  ұтымды және орынды пайдалану ғана қажетті нәтиже беретіндігі сөзсіз. Бұл жерде қай музей осы технологияларды неғұрлым ерте және тиімді пайдалана алса сол ұтары анық.

 

Виктория НАЖМЕДЕНОВА, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Е.Пугачев музей-үйінің меңгерушісі

3289 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper