Анонс


Рухани жаңғыру жолындағы «Қазақстан музейлері»

Сейсенбі, 10 Шілде 2018 02:37
Рухани жаңғыру жолындағы «Қазақстан музейлері» KAZMUSEUM.KZ -  

Қазіргі таңда «Музейтану» ісі еліміздегі барлық музейлерді қалалық ортада болып жатқан қызу процестерге белсенді түрде араласып келе жатқан институт ретінде қарастырады. Себебі қазіргі әлемде музейлерге деген талаптар күннен күнге өзгеруде.

Бүгінгі күнде музей қасиетті жер немесе ғибадатхана деген ұғымнан арылып, қоғамда орын алған әлеуметтік процестерге белсенді қатысушы рөлін иемденді.

Дегенмен, халықаралық тәжірибеде мойындалып, қолданыста тиімді пайдаланып келе жатқан музей міндеттерін көптеген Қазақстан музейлері әлі күнге дейін толық қанды меңгермеген. Өйткені, музейлер қоғамда болып жатқан әлеуметтік процестерден оқшауда қызметін жасауда. Әрине мұндай жағдайда музейлер қала өмірінен де, жергілікті қауымдастықтан да, өзіне келушілерден де қол үзеді. Келушілерін жоғалтқан музей, әлеуметтік процестер мен қаланың мәдени өміріндегі өз орнын да жоғалтады. 

2014 жылы 2015-2017 жылдарға арналған ҚР мәдени саясатының концепциясы қабылданғандығы баршамызға мәлім. Бұл концепцияда музейлердің маңыздылығы аталып және «музей ісін қайта жаңғырту» қажеттігі туралы айтылған еді. Дәл осы мәселе «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да көрініс тапқан.

Тарихтан баршамызға мәлім ХХ ғасырдың ортасына дейін музейлер тек құнды жәдігерлерді жинақтау, сақтау және болашаққа насихаттау сынды негізгі қызметпен айналысты. Әрине мұндай жағдайда музейге келушілердің орны белгісіз немесе түсініксіз екені анық.

Музейтанудың жаңа қырлары тек 1972 жылы ғана Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) шешімімен «Музейлер қауымдастығын» құру мәселесін көтергеннен кейін ғана жаңаша көзқарасқа ие бола бастады. Бұл қауымдастық қоғамда болып жатқан әлеуметтік процестер мен қала өміріне белсенді түрде араласа бастауға жол ашты.

Осы тұрғыда музейлердің қазіргі «Рухани жаңғыру» жолындағы дәстүрлі және жаңа тәсілдерді қолдану мәселелерін салыстырып Сіздерге ұсыну әрине орынды болады.

Музей міндеті

-               Дәстүрлі тәсіл

-         Жаңа тәсіл

Жинақтау, сақтау, экспозиция құру, болашақ жастарға тарихи-мәдени мұрамызды жеткізу, насихаттау

(назардың барлығы жәдігерде)

Тұрғындар арасындағы түрлі топтардың кездесулеріне арналған орын мен алаң, тірі және қарқынды даму үстіндегі қаланың бір бөлігі

(назардың барлығы адамда)

Жәдігерлермен жұмыс жасау

-          Дәстүрлі тәсіл

-         Жаңа тәсіл

Интербелсенді емес экспозиция

Интербелсенді экспозиция, бірлесіп қатысу тәжірибесін жандандыру (жәдігермен жұмыс жасау процесіне тарту), нәтижесінде келуші жәдігер туралы жақын әрі толық ақпаратқа ие бола алады

Музей кеңістігі

-         Дәстүрлі тәсіл

-         Жаңа тәсіл

Музей – ғибадатхана, қасиетті жер.

Жабық, «жансыз» аймақ,

музей қараушылары залдардағы тәртіпті қадағалауда

Музей – ашық алаң.

Жарық және қолжетімді, ашық кеңістік.

Демалыс орындары бар, бала демалысы мен дамуына арналған алаңдар

Келуші қонақтармен жұмыс

-         Дәстүрлі тәсіл

-         Жаңа тәсіл

Дәріс түріндегі арнайы экскурсиялар, жәдігерлер көп жағдайда келушіден қоршалған, сол себепті өзара қарым-қатынас жасау мүмкіндігі жоқ

Жәдігерлердің көшірмелерін жасау арқылы келушілердің жәдігермен өзара қарым-қатынас жасау үшін мүмкіндіктерге жол ашу. Келушіні экспозиция құру жұмысына тарту. Экскурсиялар интербелсенді аудиогдитер арқылы жүзеге асады.

«Музейдің жанашыр достары» қауымдастығын құру

Қаржыландыру мәселесі

-         Дәстүрлі тәсіл

-         Жаңа тәсіл

Музей тек мемлекеттік бюджет негізінде қызмет ететін мекеме

Музей көптеген қаржыландыру көзін тапқан мекеме.

-         Жеке қорлар мен жеке тұлғалардан қолдау;

-         Кәдесыйлар сату - табыс көзі;

-         Түрлі ақылы іс-шараларды өткізу;

-          Музейлер қауымдастығының мүшелік жарналары;

-         Арнайы билеттерді сату.

 


Әрине бұл талдаудың жағымды және жағымсыз жақтары да бар...

Ал Сіз «Рухани жаңғыру» жолында қай жолды таңдар едіңіз, дәстүрлі немесе жаңа тәсілдер?..

 

Сая Болатханқызы,

ҚР Ұлттық музейі

ғылыми-әдістемелік қызмет басшысы,

философия докторы (PhD)

3151 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper