Анонс


Ресейдегі қандастарымыз қазақ музейлерін сақтау қалуға күш салуда

Сейсенбі, 25 Тамыз 2015 09:10
Ресейдегі қандастарымыз қазақ музейлерін сақтау қалуға күш салуда KAZMUSEUM.KZ -  

Ресейдегі қандастарымыз қазақтың тарихы мен ұлттық құндылықтарын өте жоғары бағалайды. Олар ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны сақтап қана қоймай, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, жеткізуге тырысуда. Назарларыңызға Ресейде Елтон ауылдық музейін және жеке туристік орталық пен Құрманғазы музейін ашқан отандастарымыз жайлы материалымызды ұсынамыз.  

Кезінде Ресей Федерациясының Астрахань облысындағы Құрманғазы, Динадай ұлы дала сазгерлері тұрған ауылға бұл күнде алыс-жақын шетелдерден кісілер көптеп келеді екен. 

 Смағұл Мұнтаев көршілес Ресей Федерациясының Волгогорад облысында туып өскен. Осыдан 13 жыл бұрын өзінің туған ауылы Елтоннан музей ашуға бел буыпты. Өз қаржысына қазақтың 2 киіз үйін сатып алып, жәдігерлерді жинастыра бастайды. Оның ішінде күнделікті тұрмыста қолданған ыдыстар, ұлттық қолөнер бұйымдары, музыкалық аспаптар мен киімдер де бар. Бұрынғы тарих пәнінің мұғалімі саяхатшыларға өзі экскурсия жүргізеді.

Смағұл Мұнтаев, жеке музей иесі:

-  Алматыға арнайы барып, музейлерді қарап, ата дәстүрімізбен жете таныстым. Бір киіз үйге жәдігерлер қойылған. Ал екіншісінде келушілерге қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынып, қонақжайлығымызды, кеңпейілдігімізді көрсетеміз.

Алтын Орданың астанасы болған Сарай Бату қалашығына жылына 18 мың турист келеді екен. Нақтырақ айтсақ, осыдан 5 жыл бұрын Астрахань облысында сол көне қалашықтың үлгісі бой көтерген еді. Оны тұрғызуға 1000 текше метр ағаш пен 5 мың тоннадай шеге кеткен.  Ресейлік режиссер Андрей Прошкиннің «Орда» фильміне арналып жасалған бұл қалашықта түсірілімнің декорациясы сол күйі сақталған. Бұл жерден хан сарайын, тар көшелер мен байырғы сауда орындарын да көруге болады. Ресейдегі қазақтар фильм түсіріліп болған соң қалашықты туристік орталыққа айналдырыпты.

Амангелді Өтешев, туристік орталық жетекшісі:

-  Кино түсіру үшін 32 кісі Владимир деген қаладан келіп, Сарай Бату қаласының  декорациясын тұрғызды. Мосфильм «Орда» деген кино қойды мұнда. Ол фильм экранға 2012 жылы шықты.

 Сарай Бату қаласының іргетасы ХІІІ ғасырдың басында қаланған. Қонақтар мұнда бүкіл жер шарынан келеді. Астрахань облысының Володар өлкесіндегі Алтынжар ауылында күй дүлділі Құрманғазы бабамыз жерленген. 1996 жылы ұлы дала сазгерінің басына белгі қойылды. Мавзолейі де бар. Оның ашылуына Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты.  Сондай-ақ бұл жерде музей мен мемлекетаралық мәдени орталық та жұмыс істеп тұр. Мұна келушілер қазақ халқының атақты күйшісінің туындыларын тыңдап, оның ұлағатты өмір жолымен танысады. Бастысы, қазақтың өлмес-өшпес рухани байлығымын сусындап қайтады.

Жұмақыз Нұрымқызы, Құрманғазы музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Қазақстандағы ағайындарымыз, біздің бауырларымыз аман болсын. Біздің ата-бабаларымыз Бөкей атамен осы жерге келіп қалған. Біздің кіндігіміздің қаны осы жерде төгілген. Біздер осында аман болайық. Атамыздың күйі екі ортаға тек қана ақ жол салсын деп тілек білдіргім келеді.

Қазақ халқының мәдениеті мен тарихы мақтан етуге тұрарлық үлкен байлық. Ресейдегі қандастарымыздың түп-тұқиянын біліп, дәстүрімізді жаңаша қырынан насихаттауы барша жұртқа үлгі, өнеге болмақ.  «Мен жаныммен де, қаныммен де қазақпын. Ата-бабамыздың аманат еткен салтын сақтаймын. Тіпті үнсіз, маңғаз жатқан мынау сары дала да мен үшін басымызға қонған ерекше бақ сияқты болып көрінеді. Мен сондықтан өз ұлтымыздың асыл мұрасын құрметтеймін», – дейді 160 мыңдай қазақ тұратын Астрахань жеріндегі Смағұл Мұнтаев бауырымыз.

 

Суретте: РФ, Елтон ауылындағы музейдің ішкі көрінісі. 

 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Руслан Мырзағалиев

Дереккөзі: khabar.kz

 
2735 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper