Анонс


Астаналықтар музей-пойызды тамашалады

Сәрсенбі, 17 Маусым 2015 19:30
Астаналықтар музей-пойызды тамашалады KAZMUSEUM.KZ -  

Астана вокзалына ерекше пойыз табан тіреді. «РЖД» ААҚ-ның жылжымалы көрмелік-лекциялық кешені Жеңістің 70 жылдық мерейтойы құрметіне сапарға шыққан.

Қызықты әрі қазіргі заманғы көрме ретінде жабдықталған 9 вагонда екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи заттары қамтылуынан бөлек, бүгінгі темір жол тыныс-тіршілігі жайлы сыр шертетін макеттер орналастырылған. Сондай-ақ, 1520 кеңістігіндегі темір жол көлігінің еңсерген белестері, дамуы мен тыңнан жүзеге асқан инновациялық жобалар ұсынылмақ. Қазақстандағы 4 күнін ресейлік музей-отарба Қостанай, Көкшетау, Астана, Павлодар қалаларына бір күннен арнап, бірқатар станциялардан басып өтуде. 2011 жылдан бері жұмыс істеп келетін ресейлік мұражай жылжымалы құрам әр мереке сайын Ресей мен ТМД-ның бірқатар қалаларын аралап, түрлі тақырыптарда жинақтаған жәдігерлерімен таныстыруда. Тіпті, «Роснано», «Росатом» компанияларымен бірге, нанотехнология, энергетика, локомотив жасау өндірісі, жоғары жылдамдық жаңалықтары көрініс тапқан.

Ресейлік теміржолшылар қазақстандық әріптестерін құшақ жая қарсы алып, мұражай-көрмені тамашалауға шақырды. Топ-топқа бөлінген «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметкерлері темір жолдың саналуан құрал-жабдық үлгілерін, озық технология мен үздік техника нұсқаларын тамашалап, тағдырлас мемлекетте жүзеге асырылып жатқан игілікті істерге мұқият ден қойып, жан-жақты талқыға салды. Тіпті қойнауы тұңғиық нанотехнология ғылымы да осында. Қуатты да қауқарлы машиналарды қозғалыс барысында сынап, тексеруге мүмкіндік беретін машықтандыру қондырғыларының елорда жанындағы Көліктегі технологиялар орталығындағы оқу құралдарын еске салатыны сөз болды. 

2011 жылдың 3 тамызында салтанатты жағдайда сапарға аттанған, ғылыми-техникалық жетістіктер сәтті ұштасып, үйлесім тапқан құрам 1520 кеңістігінде еркін жүйткитіндей ыңғайлы келбетте жасалған екен. Алғашқы вагондағы жайлы креслоларға жайғасқан меймандарға көрменің басы-қасындағылар бұл жерде әр түрлі салмақты мәселелер қаралатын жоғары дәрежелі мәжілістер мен кеңестердің жиі өтетінін әңгімеледі. Расында, сырттан естілетін бөгде дыбыстардан оқшауланып, жұмсақ түстермен безендірілген шағын бөлмеде ойды жинақтап, байыпты сұхбат өрбітетіндей ахуал орнатылған. Қабырғаға тақырыпқа орайлас фильмдер көрсетілетін, ЗD қалыбындағы тақта ілінген.

Есіктері автоматтандырылған, түймедей батырманы басып қалсаң айқара ашылатын келесі вагонда жүйрік темір тұлпарлардың макеттері назар аудартты. Қимылсыз қатып қалған қуыршақ мүсіндер де алыстан қарағанда тірі адамдай болып, жақындағанда еріксіз селк еткізеді. Сұсты кейіпкердің маңайы сол кезде қолданылған аспап-бұйымдарға толы. Көмір тасымалында пайдаланылатын ашық вагон, 2ЭС10 электровозы, ТЭМ18ДМ маневрлік тепловозы, РА2 рельстік автобусы, ЭП20 электровозы, П36 паровозы, ГТ1 газотурбовозы секілді тарих пен келешек бейнесі қабысқан деректерді жадыға тоқыған саяхаттаушылар Ресейдегі темір жол телімдерінің, станциялардың, темір жол өткелдерінің ерекшеліктерін екшеп, Қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағындағы кіреберіс жолдардың макетіне де кездесті. Келесі тақырып, «Қуат көздерін үнемдеу, тиімділігін арттыру және экологиялық қауіпсіздік» вагонына өткен қонақтар мұнда «РНІLIPS» әлемдік жетекші өндіруші жабдықтарына жолықты.

Әр аялдаған қалада пойызды мыңға жуық адам тамашалайды екен.  Көрмелік вагондарды аралап, пайдалы ақпаратқа қаныққан «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері мен саяхатқа қатысқан өзге де қонақтар шығарда тілектер кітабына ыстық лебіздерін, алғыстарын жазып қалдырып жатты... 

 

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

 

 
2486 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper