Анонс


Халықаралық деңгейде 2017 жылы ашылатын көрме орталықтары мен музейлер (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 05 Қаңтар 2017 01:16
Халықаралық деңгейде 2017 жылы ашылатын көрме орталықтары мен музейлер (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Музей саласы үшін 2017 жыл табысты жыл болмақ. Атап айтқанда, бірнеше музеймен қатар халықаралық деңгейлердегі көрме орталықтары, мәдениетті зерттеуге арналған түрлі құрылымдық мекемелердің ашылуы жоспарланған. Олардың ішінде негізінен заманауи мәдениетті зерттеуге көп көңіл бөлінгені байқалады. Назарларыңызға 2017 жылы халықаралық деңгейде ашылатын музейлер мен көрме орталықтары туралы ақпаратты ұсынамыз.

Қазақстанның елордасы Астана қаласындағы халықаралық деңгейдегі «EXPO-2017. Astana» көрмесі 2017 жылғы маусымда ашылады. Көрменің негізгі тақырыбы ретінде «Болашақ энергиясы» таңдалған.

Польшаның Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған музей 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында ашылады деп жоспарланған.

Ұлыбритания астанасы Лондонда осы жылдың маусым айында көрме орталығы бар музей ашылады. Бұл музей Лондонның бай тарихын тамашалауға таптырмас мүмкіндік ретінде бағаланды.

Сауд Арабиясының шығысында орналасқан Дахран қаласындағы король Абдулазиздің атындағы Әлем мәдениеті орталығының құрылысы қазіргі уақытта аяқталды. Ашылуы 2017 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланды.

Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласындағы Көркемсурет галереясы 2017 жылғы 23 қыркүйекте ашылып, Африка құрлығындағы озық туындылар осы галереяда орналастырылмақ.

АҚШ астанасы Вашингтондағы Інжіл музейі 2017 жылғы қарашада ашылып, Інжілдің таралу аймағы мен мәдениеттегі үлесін көрсетуді жоспарлап отыр.

Марокконың Марракеш қаласындағы Ив Сен-Лоран музейі сән әлеміндегі үздік туындыларға арналған. Ашылуы осы жылдың қараша айына белгіленген. Музей экспозициясына 5 мыңнан астам киім үлгісі мен 15 мыңдай аксессуар орналастырылады.

Грекия астанасы Афиныдағы заманауи өнерге арналған ұлттық музейдің бірнеше бөлігі 2016 жылдың қазанында жұмыс істей бастағанымен, ресми түрде әрі толығымен 2017 жылдың соңына қарай ашылатыны хабарланды.

Канаданың Торонто қаласындағы Заманауи өнер музейі де 2017 жылдың соңына қарай ашылмақ. Музейге көрме залдарымен қатар тұрақты экспозициялар орналастырылады.

Біріккен Араб әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде 2017 жылдың соңына қарай француз мәдениет қайраткерлерінің қарсылығына қарамастан ресми түрде «Лувр музейі» ашылады. Француз қайраткерлері музейдің атауы мен музейге қойылатын француздық коллекцияларға қарсылық білдірген болатын.

АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами музейі 2017 жылғы 1 желтоқсанда ашылып, қоғамға заманауи өнер туындыларын насихаттауды мақсат етіп отыр. Музей ауласына скульптураларға арналған бақ та салынатын болады.

Ливан астанасы Бейрутте 2017 жылдың соңына қарай ашылатын музей 1920 жылдары салынған нео-османдық үлгідегі ғимаратта орналасатын болады. Музейдің құрамынан мәдениеттерді зерттейтін арнайы орталық та ашу көзделген.

Индонезия астанасы Джакарта қаласындағы Заманауи мәдениет музейі 2017 жылдың соңына қарай ашылып, Индонезияның заманауи мәдениетін зерттейтін алғашқы орталық ретінде жұмыс істейтін болады.

 

 

 

Ақпараттың барлық құқықтары thespaces.com сайтына тиесілі. Ағылшын тілінен аударған - Нұрсерік Жолбарыс

4816 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper