Анонс


Алматы музейі самаурындар көрмесіне шақырады

Сейсенбі, 26 Қазан 2021 20:27
Алматы музейі самаурындар көрмесіне шақырады KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы музейінде «Самаурыныңыз сарқылмасын» атты көрменің ашылуы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Кез келген бұйымның пайда болу, тарихи даму жолы болады. Сол сияқты самаурындардың да сәндік безендірілуі мен қолданылуы ажырамайтын өнертапқыштық туынды ретінде ұзақ та маңызды тарихы бар. Самаурынға ұқсас су қайнататын құрылғылар антик заманда да белгілі болған. Мұндай «самаурындар» ежелгі Римде, кейіннен Азия мен Еуропада да таралған. Самаурындар негізінен далалық жағдайда қолданылғандықтан, кішкентай және алынбалы-салынбалы аяқтары болған.

Қазақ даласына самаурындар этномәдени байланыстар нәтижесінде, яғни сауда, айырбас, тарту-таралғылар түрінде келіп, XIX ғ. біртіндеп тұрмысқа енген. Сонымен қатар  самаурынға  бітімі  ұқсас  Орта  Азиялық  шәугімдер,  самаурын-шәугімдер, самаурын-қазандар және құмған-самаурындар да қолданылды.

«Самаурыныңыз сарқылмасын» көрмесіне 50-ге жуық экспонат қойылған. Көрмеде атақты ағайынды Баташевтар, Берта Тейле ұлдарымен, Н.А. Ворошилов және М. Слюзбергтердің Тула қаласында жасалған самаурындарын тамашалай аласыздар.

Ұсынылған коллекциядағы экспонаттар санымен ғана емес, олардың сан алуандығымен де ерекшеленеді.  Көрмеге келушілер XIX-XX ғғ. самаурынның кезкелген формадағы – «ваза» мен «шардан» бастап, «рөмке» мен «цилиндрға» дейінгі түрлерін кездестіреді. Барлығы әртүрлі фабрикаларда жасалып, шеберлердің қолдарынан  шыққан. Көрмеде ұсынылған жез, мыс, қола, бетіне суреттер салынған, ескі самаурындардан бастап қазіргі уақытқа дейінгі көрсетілген әртүрлі самаурындар кезкелген келушінің көңілінен шығады. Сонымен қатар, ескі сервиздер, ас үй құралдары, атақты «кузнецов» фарфор зауытының өнімдері мен музей қорынан алынған кескіндемелер мен фотосуреттер қойылды.

Самаурын – бұл жай құрылғы ғана емес, сонымен қоса ол дастарханның сәні, жылулық пен достық қатынастың нышаны саналады. Оның өзіне тартатын күшін ескіден келе жатқан шай ішу дәстүрі ерекшеліктері арқылы түсінуге болады.

Біздің көрмеде самаурындардың тарихы туралы қызықты экскурсияны тыңдап қана қоймай, сонымен қатар нағыз Тула самаурынынан дайындалған хош иісті шайдың дәмін де тата аласыз.

1157 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper