Анонс


Қазақ жазуының тарихына арналған көрме ашылды

Сейсенбі, 28 Мамыр 2019 23:33
Қазақ жазуының тарихына арналған көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивтерімен бірлескен «Қазақ жазуының тарихы» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды.

Жазу - әлем тарихындағы ең жоғарғы өркениеттің белгісі.Жер шарындағы халықтар ұлт болып қалыптасу жолында сан қилы тарихи кезеңдерді басынан өткізді. Әлемдегі барлық ұлттардың өздеріне тән жазу үлгілері пайда болды. Қоғамдағы жазу өнері мен оның даму заңдылықтарын тек сол жазуды пайдаланушы халықтың тарихымен байланыстыра зерттегенде ғана түсінуге болады. Солардың бірі қазақ жазуы.

Қазақ жазуының тарихы сонау көне ғасырлардан бастау алатындығы бәрімізге мәлім. Ежелгі ғасырларда тау-тасты мекендеген үңгір адамдары петроглифтерде бейнеленген әртүрлі нақыштар арқылы өздерінің күнделікті тұрмыс-тіршіліктерінде, жалпы дүниетанымында орын алған алуан түрлі қызметтері мен ойларын жеткізіп отырды. Осы тастардағы кескіндер адамзат тарихындағы жазудың алғашқы нұсқаларының бір түрі болды десек қателеспейтіндігіміз анық.

Ертеректе кең байтақ қазақ сахарасын мекендеген түрлі мемлекеттер мен ұлыстар -  ғұндар, үйсіндер, қаңлылардың өз жазуы болғандығы туралы қазіргі ғалымдар тарапынан зерттелініп, ғылыми ортада айтылып келеді. Түрік қағанатытұсында тарихта руна жазуы деген атпен танылған Орхон-Енисей (Түрік бітік) жазуы кең өріс алды. Кейінірек соғды негізіндегі ескі ұйғыр жазуы қолданысқа енді. Найман мемлекеті осы ұйғыр жазуын пайдаланып, оның ресми жазуына айналдырды. Орта ғасырларда Қазақстан аумағында билік құрған түркі тектес Қарахан, Алтын Орда мемлекеттері, олар ыдырағаннан кейінгі Қазақ хандығы да ұзақ жылдар бойы араб әрпімен жазылған жазу-сызуларды өздерінің дыбыстық жүйесіне икемдеп қолданып келгендігі тарихта мәлім. Бұл дәстүр еліміздің Кеңес дәуірінде латын, кирилл әліпбиіне көшкенге дейін мың жылдан астам уақытқа жалғасты. XX ғасырдың басында белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуын қазақ тіліне ыңғайлап, «жәдид» (төте жазу) деп аталып кеткен жаңа әліпби жасады. Қазақтың алғашқы басылымдары осы жазумен жарық көрді. Дейтұрғанмен де бұл жазудың өмірі көпке созылмады. Қазақ жазуы 1929 жылы 29 әріптен тұратын латын графикасына негізделген латын жазуына, одан кейін 1940 жылдың қараша айынан бастап 42 әріптен тұратын осы күнгі орыс графикасына бейімделген  кирилше жазуға көшті.  Көшсе де 1941 жылға дейін латын қарпіндегі кітаптар жарық көріп тұрды.

Осы тақыптық-хронологиялық принцип бойынша құрылған айтулы көрмеде ҚР тұңғыш президенті, елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» (Астана, 12 сәуір, 2017 жыл) атты мақаласында баяндалғандай қазақ жазуының тарихын қадым заманнан бүгінгі күнгі латын әрпіне көшу жолын қамтитын ҚР МОМ қорынан заттай экспонаттар көрсетіліп отыр.

Атап айтқанда, көрмеге сирек кездесетін қазақ қолжазбалары мен басылымдарының ішінде Абай Құнанбайұлының 1899 жылы қазақ тілінде араб жазуымен жазылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей қолжазбасы, Мүрсейіт Бікеұлы мен Тұрағұл Абайұлының 1925-1927 жылдары жазған «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» атты қолжазбасы,  1909 жылы Санкт-Петербордағы Илияс Бораганскийдің баспаханасында Кәкітай мен Тұрағұл тарапынан бастырылып шыққан Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің араб жазуынан кирилшеге көшірілген қолжазбасының машинкамен жазылған нұсқасы, айырықша ғылыми сипатқа ие болған Мұхамеджан Сералиннің «Қожалар шежіресі»  қолжазбасы, 1925 жылы Қызылорда қаласындағы Қазақстан Мемлекет баспаханасында басылған Ахмет Байтұрсынұлының Тіл – құрал (Дыбыс жүйесі мен түрлері) атты еңбегі аталмыш көрме мазмұнының негізгі арқауы ретінде қойылды.

Сондай-ақ араб жазуымен қазақ тілінде жазылған Ғ. Мүсіреповтің «Сын», «Достар  қалжыңы» атты  қолжабалары,XX ғасырдың бас кезінде ұлт зиялы қауымының тарапынан мерзімді түрде жарық көрген, сол кезеңдегі елдің мәдени-тарихи және әдеби өмірінен маңызды мағлұматтар беретін «Ұшқын» «Тілші», «Еңбекші  қазақ» газеттері,  «Айқап», «Абай», «Қазақ елі» журналдары да осы көрмеде ел назарына ұсынылып отыр.

Хронологиялық тұрғыдан 1921-1962 жылдар аралығын қамтитын араб әріптерімен қазақ тілінде жазылған хат-құжаттар (санақ қағазы, делегаттық, партиялық билеттер, мандаттар, сенім қағаздары, сақтандыру кітапшалары, студенттік куәліктер, түрлі анықтамалар) осы көрменің бір бөлігін құрайды.

Көрменің латын жазуымен қазақ тілінде жазылған қолжазбалар мен басылымдар бөліміне енетін 1940-1946 жылдары Ә. Жиреншиннің Әрхам Ысқақовтан көшіріп жазған «Абайдың жас күнінде жазған өлеңі», «Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша» атты шығармаларымен бірге                   Ғ. Ормановтың «Алынған қамал» А. Жұбановтың «Қазақтың халық композиторы – Құрманғазы», Д. Әбіловтің «Қуат», Ә. Тәжібаевтың «Ана дауысы» көркем туындыларымен қатар Қақым Құмалиевтің 8-9-10 сыныптарға арналған «Әдебиет  теориясы-Adebiet teoriasy» атты оқулығын ерекше атауға болады.

Кейінгі кезеңдерде  кирилше жазумен қазақ тілінде жазылған «Қазақ әдебиеті», «Соцалистік  Қазақстан», «Туркестанская правда»,  «Казахстанская правда» газеттері де осы көрме төрінен орын алды.

Осы құнды дүниелермен қатар музей қорында Орталық Азия мен Қазақстан аумағында ортағасырларда билік құрған Қарахан, Шағатай, Жошы әулеттеріне тиесілі араб жазулы шығыс монеталары мен күміс білезіктер, мөрлер, арабграфикалы қабіртастар да бұл көрменің тақырыптық тұрғыдан түрлі ерекшеліктерін айғақтайды.

Осы көрмеге арнайы қойылып отырған ҚР Президенті мен ҚР Орталық мемлекеттік архивтерінен алынған 40 сақтау бірліктен астам деректі жазба метериалдар, атап айтқанда: Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулылары (1920 ж.), Қазақ Жаңа Әліппешілер Қоғамының жарлығы (1927 ж.), 1928 жылғы 25 сәуірдегі С. Аманжолов пен 1929 жылдың 13 қаңтарындағы О. Жандосовтың жаңа латын жазуына көшу жөніндегі есебі мен баяндамасы, Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссиариатының жаңа алфавитке көшу жөніндегі қаулылары (1930 ж.), Арал, Шалқар аудандарына қатысты жаңа әліпбиді үйрету комитетінің құжаттары (1932 ж.), Қазақ КСР саяси кеңесінің құжаттары (1938 ж.) Н. Төреқұловтың  оқулықтар  жайлы жазған хаты және т.б. иллюстрациялы материалдар айтулы мәдени шараны жан-жақты кемелдендіріп, оның экспозициялық-композициялық мәнін айқындай түседі.

Көрмеге деректі материалдар беріп, ерекше қолдау көрсеткендері үшін  ҚР Президенті  архивінің директоры Жәмила Юсупжанқызы Әбдіқадырова ханым мен орынбасары тарих ғылымдарының докторы Қайрат Шәкәрімұлына, әрі көрмені арнайы келіп тамашалаған Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивінің директоры Арнұр Жасабекұлы Қарымсақов мырза мен орынбасары Мәрзия Ғаниқызы Жылысбаева ханымға және осы ауқымды мәдени шара аясында «Араб құснихаты өнері» бойынша шеберлік сабағын өткізген Нұр-Мүбарак Мысыр мәдениеті универистетінің 3-курс студенті Бекжан Есентүгелұлы Жетпісбаевқа зор алғысымызды білдіреміз. Көрмесүйер қауым, тілі білімі ғалымы, академик  Ә. Қайдардың«Жазу- өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір» депайтқан келелі ойының мәнін кемелдендіретүсетін мәдени құндылықтарды тамашалауға сіздерді арнайы шақырамыз. Көрме жаз бойына жалғасын табады.

 

Жасұлан БЕЛТЕНОВ, ҚР МОМ Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі

 

 

3731 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper