Анонс


Ұлттық музей: Қастеев пен Пикассоның көрмесін тамашалауға шақырамыз!

Бейсенбі, 17 Қаңтар 2019 12:19
Ұлттық музей: Қастеев пен Пикассоның көрмесін тамашалауға шақырамыз! KAZMUSEUM.KZ -  

Пабло Пикассо! Әбілхан Қастеев! Бірі – Еуропада, бірі – Қазақ жерінде бір ғасырда, бір дәуірде өмір сүрген бейнелеу өнерінің даңқты қос тұлғасы!  Екеуі де қайталанбас, өлмес мұра қалдырған, тарихтың бейне энциклопедиясын жазып кеткен - майталман суретші. 

Әбілхан Қастеев: «Сурет салуды «таудың бұлағы мен анамның ойған оюларынан үйрендім» депті бір естелігінде... Ал 13 жастағы Пабло Пикассоның салған суреттерімен танысқан әкесі Хосе таңқалғаны соншалық, сурет өнеріндегі жолын баласына бергенді жөн санаған. 

Қастеев бала күнінде алғашқы суретін тасқа салса, Пикассоның ең алғаш айтқан сөзі испанша «ЛАПИЗ» яғни «қарындаш» болыпты. Қастеев пен Пикассоға ортақ ең басты бір нәрсе бар. Ол – адамгершілік. Екеуі туралы естелік қалдырған замандастары олардың сол бір жақсы қасиетін көп айтады. Осындайда «шын өнер – адамгершілікпен егіз» деген ұлағатты сөз еске түседі. Шынайылығы шығар, екі суретшінің де туындылары қазіргі уақытта әлемнің аукциондарында мыңдаған... тіпті миллиондаған долларға дейін бағаланып жүр. 

Атағы алысқа кеткен қос тұлғаның туындылары бүгін Астанадағы Ұлттық музейдің көрме залына қойылады. Алғаш рет Қастеев пен Пикассоның еңбектері «бір бірімен кездеседі». Көрмеде Әбілхан Қастеевпен бірге Орал Таңсықбаев, Шәймарден Сариев, ал, Пабло Пикассоның қатарында Сальвадор Дали секілді 20 ғасырдағы бейнелеу өнері шеберлерінің еңбектері бар.

Жиырма бес жыл бойы жинақталған коллекция 2019 жылғы 1 наурызға дейін сіз бен біздің назарымызға ұсынылады. Өнертанушылар бұл көрмеге «данышпандардың сырласуы» деп баға берді. Біз бұл шараны әсемдікті бағалайтындар үшін таптырмас сый деп ойлаймыз. Мүмкіндік болса, бүгін уақыт тауып, кешкі сағат 17.00-де Астанадағы Ұлттық музейдің «Ежелгі. Өзекті. Майталман даралар» атты көрмесінің ашылу салтанатында кездесейік! 

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

ФОТО: Көрмені монтаждау сәті. Суретті Ұлттық музей ұсынды. 

2735 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper